Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және мерейлі мерекелердің бірі болып саналатын Астана күніне орай Талдықорған қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні іске қосылды. 570 орындық, екі қабатты бассейн ғимаратының сыртқы келбеті теңізде жүзіп жүрген алып балықты елестетеді. Мұнда жас спортшылар су добы, суға секіру, аквааэробика сияқты жүзудің барлық түрінен жаттыға алады. Болашақта ғимараттың халықаралық жарыстар өткізуге де мүмкіндігі бар. Нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімі Амандық Баталов, мемлекет қайраткері, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірқатар депутаттары, Ермахан Ыбрайымов, Илья Ильин, Ардақ Назаров сияқты бірқатар чемпион спортшылар қатысты.
Салтанатты шарада алдымен сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов Олимпиадалық жүзу бассейнінің Астана күні ашылғаны халық үшін, спортшылар үшін тамаша тарту болып отырғанын атап өтті.
– Елбасы мен Президенттің еліміздегі спортқа көңіл бөлу туралы тапсырмаларына сәйкес бүгінде Алматы облысында 13 дене шынықтыру сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Бүгін, міне, әлемдік стандартқа сай, Орта Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні салтанатты ашылуда. Бұл нысан өскелең ұрпақты спортқа баулуға үлкен серпін береді және осы жерден еліміздің даңқын шығаратын мықты спортшылар тәрбиеленіп шығады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай іске қосылып отырған жүзу бассейні құтты болсын! – деген А.Баталов індет жағдайында нысанның құрылысын жауапкершілікпен, сапалы жүргізген «Базис-А» компаниясының ұжымына шынайы ризашылығын жеткізді. Сол сияқты Жетісу өңірінен шыққан Олимпиада жүлдегерлері Мәулен Мамыров, Карина Горичева, Айдын Смағұлов, Раушан Қойшыбаева, Асхат Житкеев, Юрий Мельниченко, Зульфия Чиншанло сияқты спортшылардың атын атап, жүзу бассейнінен жаттығып шыққан талай жастар ертең осындай саңлақтардың жолын жалғайтынына сенім білдірді.
Мұнан соң бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов сөз алып, бүгінгі ашылып отырған олимпиадалық стандарттағы жүзу бассейні Алматы облысы үшін ғана емес, тұтас Қазақстан үшін айтулы оқиға деп есептейтінін айтты. Қазақстан Республикасының жүзуден бірнеше дүркін чемпионы Мария Федотова да бүгінгі күні өңір спортшылары Токио Олимпиадасына 11 жолдама жеңіп алғанын тілге тиек етіп, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға жасалған зор мүмкіндіктер үшін ел ағаларына алғысын білдірді және халықаралық жарыстарда елдің туын көкте желбіретуге бар күш-жігерлерін жұмсайтынын айтты.
«Bazis-A» халықаралық құрылыс компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович нысанның символдық кілтін «Талдықорған орталық жүзу бассейні» облыстық су спорт түрінен мамандырылған спорт мектебінің директоры М.Сүйіновке тапсырды.
Қонақтар бассейн ішін аралап, ғимараттың мүмкіндіктерімен танысты. Сол сияқты су спорты түрлерінен спортшылардың көрсетілімін тамашалады. Ал, жасөспірімдер бассейннің ашылғанына ерекше қуанып, мемлекеттің жастарға осылай қолдау көрсетіп жатқанына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Бассейн жыл бойы түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге, сол сияқты азаматтарды саламатты өмір салтына бейімдеуге, балаларды жүзуге үйретуге арналған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта триатлон, байдаркада есу, каноэ және басқа да бөлімдер ашу жоспарда бар. Бассейн арқылы Талдықорғанның болашақта су спортының орталығы болуына мүмкіндігі болады.
Жалпы облыста үш мыңнан аса спорт нысандары мен 43 спорт мектептері бар екенін айта кеткен жөн. Олардың барлығында 42 мыңға жуық бала денешынықтырумен шұғылданады. Жоғарыда тілге тиек еткен Олимпиадалық бассейн де болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін спорт ордасы болады деген сенімдеміз.
Алматы облысы әкімінің
баспасөз қызметі.