Ел Президенті ұйытқы болған «Таза Қазақстан» акциясы Қарасай жерінде әр аптаның сенбісінде жүзеге асып, дәстүрлі түрде экологиялық игі шаралар әдетке айналған. Мәселен, бірде аудан аумағы күл-қоқыстан тазартылса, енді бірде әр мекеменің ұжымы өз аулаларын ретке келтіріп, көріктендіруге бір кісідей атсалысып келеді.
Ал өткен аптада аудан басшысы Жасұлан Естенов бастаған ауданның бір топ белсенді азаматтары, зиялы қауым өкілдері ауыл тұрғындары және жастар қауымы Кемертоған ауылындағы «Жайлы мектептің» айналасына ағаш көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ экологиялық акцияға Сидней Олимпиадасының чемпионы, танымал боксшы Ермахан Ибраимов, ел мақтанышы, кәсіпқой, даңқты боксшы Қанат Ислам сияқты танымал спортшылар да үлестерін қосып, сауапты іске атсалысты.
Аудан әкімі өз сөзінде ұрпаққа үлгі болатын мұндай шаралар барлық елді мекенде өткізіліп тұратынын және алдағы уақытта да абаттандыру жұмыстары жалғасатынын айтты.
Бұл шараның негізгі мақсаты көпшілікке экологиялық мәдениетті үлгі етіп, айналаны көгалдандыру болса, аталған игі бастама арқасында білім ошағының жан-жағына 200-ден астам көп жылдық талдар егілді.
Д. МУХАМАДИЕВ.