Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы барлық жұмыссыз жүрген азаматтардың өтінішін назардын тыс қалдырмай, оларға барынша қолдау білдіруді мақсат етіп келеді. Осы аптада аталмыш орталық, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру үшін, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын бос жұмыс орны жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Жұмыс беруші мекемелердің қатарында ауданымызда орналасқан «RG BRANDS» ЖШС, «Агро Импэкс Алатау» ЖШС, «Юнилюкс» ЖШС сияқты көптеген ірі кәсіпорындар мен «Шульгина», «Бетон» сынды түрлі серіктестік, өндірістік компаниялардың басшылары мен қызметкерлері болып, бос жұмыс орындарын ұсынды. Жиын барысында алдымен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Абылай Зуайда осы атқарылып жатқан шараның мақсатын түсіндіріп, жәрмеңкеге арнайы келген бос жұмыс орындарды ұсынушы мекемелерге алғысын жеткізді. Сонымен қатар, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шакарман Кузатбекова жәрмеңкенің маңыздылығын айтып, алдағы уақытта да осындай бастамалар жалғасын табады деген сенімін білдірді.
Жұмыс іздеушілер өз тарапынан қызмет ұсынушы мекемелердің өкілдеріне түрлі сұрақтарын қойып, әрқайсысына жеке жолығып, қажетті ақпараттарын алды. Сондай-ақ, жұмыссыздардың қатарында аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар да болды. Олар да маңызды сауалдарына жауап алып, қандай шартпен жұмысқа орналасуға болатынын түсінді. Ал, жұмыс беруші мекеме орталықтарының өкілдері азаматтардың мамандықтары немесе бұрынғы жұмыс тәжірибелері жайлы біле келе, лайықты жұмыс орындарын айтып, мекенжай, телефон нөмірлерін берді.
Азаматтардың біразы ауылдық округтің тұрғындары болғандықтан өздеріне жақын аймақта орналасқан жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен жақын тілдесіп, сол өндірістік ортадағы лайықты жұмыс орнына орналасуға ниетті екендерін білдірді. Жәрмеңке барысында арнайы келген қызмет ұсынушы кәсіпорындар қандай мамандық иелері қажет екені және қанша мөлшерде жалақы алатыны жайлы ақпарат беріп, жұмыссыз жандарға кез келген уақытта хабарласуға болатынын жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.