– дейді «Бастау Бизнес» жобасы курсында оқыған Сәуле
Қазіргі кезде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» кәсіп ашам деушілерге өте тиімді. Осындай мүмкіндікті пайдаланып отырған Бірінші Май ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылының тұрғыны Сәуле Хасенова.
Бизнеске жаны жақын кәсіпкер біз айтып отырған бағдарламаның екінші бағыты бойынша, мемлекеттен шағын несие алып, сол қаржыға 10 ірі қара сатып алған. Мақсаты – солардың санын көбейтіп, әрі оның емдік қасиеті бар сүт өнімдерін халық игілігіне жұмсау.
Сәуле Хасенова бұған дейін де мұндай табысты іспен айналасып, еңбек еткендердің қатарында. Кейін мемлекеттік бағдарлама бойынша «Бизнес бастау» жобасын естіп, оның арнайы кәсіптік оқуын оқиды.
Курсты сәтті аяқтап, жылқы тұқымын дамыту үшін «Ата жолы» жеке кәсіпкерлігі арқылы жұмыспен қамту орталығынан шағын несиеге жолдама алған.
Нәтижесінде 6%-дық қайтарыммен бес жылға дейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы қомақты қаржыға қол жеткізеді. Соның арқасында бүгінгі таңда 10 бас жылқы сатып алып, әрі оларды толықтай жеп-шөптерімен қамтамасыз етіп отыр.
Одан бөлек, ақшаның азғантай бөлігін қора-жай салуға да жұмсаған. Қыстың қырауы шалған уақытта жылқылардың үшеуі қорасында, қалғаны қыстық жайылымда болады екен. Ал, көктем мезгілі жеткенде бие сауып, қымыз, саумал ашытып, мал бастарын төлдету де жоспарда бар.
Сонымен қатар, тәжірибелі кәсіпкер бизнес бастаушы жандарға мемлекеттің осылай қолдау көрсетіп, тиімді мүмкіндіктерін ұсынып отырғанына өте қуанышты екенін жеткізді.
– Өзім мұндай шаруашылыққа бұрыннан жақын едім. Мемлекеттік бағдарламаның мол мүмкіншілігі менің осындай кәсіп ашуыма үлкен септігін тигізді. Менің ойымша, табысқа жетем деген адамдар еш аянбай еңбек етуі тиіс. Сондықтан, кәсіпке ниетті жандарға қолдау бар кезде өз ісін бастауға кеңес берер едім, – дейді ата кәсіпті дамытушы.
Киелі малға жаны жақын Сәуле Әбікенқызының ендігі арманы – шағын кәсібін үлкен шаруашылыққа айналдырып, жұмыссыз жүрген жандарды жұмысқа тарту.
Келешекте ауыл ішінде қиіз үй тұрғызып, оны демалыс орнына айналдырып, келімді-кетімді қонақтарға ұлттық тағам мен сусындарынан дәм татқызу.
Дидар МУХАМАДИЕВ.