Жыл өткен сайын газбен жабдықтау жүйесіне қосылғандардың саны артқанымен, табиғи отынды әлі де қажет ететіндер жоқ емес. Сондықтан көмірге деген сұранысты жоққа шығара алмаймыз. Ал оны қамтамасыз ету жағына келер болсақ, теміржолдың торабында орналасқан Жібек жолы ауылдық округіндегі тұйық орындар бірден еске түседі.
Әрине, күздің ызғары сезілгенде табиғи отынды пайдаланатындар ерте қамданатыны белгілі. Бұл ретте оның бағасы мен сапасына мән беріп жатады. Осыны ескере келе аталған округте көмір сатумен айналысатын сауда орындарына барып, тапшылықтың бар-жоғына көз жеткізіп көрдік.
Бүгінгі таңда Жібек жолы ауылдық округінде табиғи отынмен қамтамасыз етіп, сауда-саттығын жасап отырған 14 қойма бар. Олардың әрбірінде әзірге көмірдің қоры жеткілікті. Мәселен, «Седа» жеке кәсіпкерлігінің иесі Руслан Мачиевтің айтуынша, қазіргі таңда қоймада Қарағандыдан әкелінген 2000 тоннадай «Шұбаркөл» көмірі сақталған. Ешқандай тапшылық жоқ.
«Жыл соңына дейін жеткілікті мөлшерде көміріміз бар. Бұрынғыдай кезекке тұрып қолжетімсіз болады деп ойламаймын. Өйткені көмірге деген сұраныс жыл өткен сайын азайып барады. Себебі көбісі газбен жабдықталған. Қазіргі бағамыз – тоннасына 21500 теңге. Егер «Қазақстан теміржолы» тасымал құнын көтермесе, біз де шарықтату ойымызда жоқ», – деді «Седа» ЖК-нің өкілі.
Дәл осы пікірді «Шамалған-көмір» ЖК-нің иесі Тоқтар Асылбеков те білдірді. 20 жылдан астам осы салада еңбек етіп келе жатқан кәсіпкердің сөзінше, бұрын халық мамыр айынан бастап ерте қамданатын еді, қазір ондай емес. Демек көмірді қатты қажет етпейтін көрінеді.
«Біз Семейдің «Қаражырасын» және Қарағандының «Шұбаркөлін» сатамыз. Сапасы өте жақсы. Қоймада көмірдің мөлшері жеткілікті. Бірақ күн ерте суытып, қар жауып жатса, бір күнде-ақ бітіп қалуы мүмкін. Сондықтан көмірді пайдаланатындар ертерек қамданса екен деймін. Бағасы қолжетімді, 20000 теңгеден жоғары. Әрине, сұраныс бұрынғыдай емес. Бәрі газға қосылғандықтан, жыл сайын сатып алушылардың саны азайып барады. Өзіміздің ауданнан бөлек, тұтынушылардың көбі Жамбыл, Іле, Балқаш аудандарынан, Алматы қаласы мен Жетісу облысынан келеді», – деді Т.Асылбеков.
Байқағанымыздай, кәсіпкерлердің айтар ойы – бір. Аспандап тұрған баға жоқ, тапшылық та байқалмайды. Ең бастысы, қоймадағы көмір қоры жеткілікті мөлшерде сақтаулы. Теміржол тасымалы да жүріп тұрғандықтан, тұтынушылар арасында әуре-сарсаң болмайтын сияқты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
