Алматы облысының табиғаты тумысынан көркем әрі саналуан. Мұнда бірнеше табиғи құбылыстың бедері бар. Осыдан да болар өңірдің туристік әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Ішкі туристерден өзге шет елден арнайы ат арытып келетін саяхатшылар саны көбейіп келеді. Алматы облысына ат басын бұрғандар әсіресе Алатаудың әсемдігі мен табиғатының көркемдігіне тамсанады. Облыстағы танымал туристік мекеннің бірі әрі бірегейі – Көлсай көлдері. Тау басындағы тұнық көлдің сұлулығын көрушілер саны сейлімек түлігі арта түскен. Тіпті, теңіз деңгейінен 1800, 2280 және 2650 метр биіктіктегі үш көлге қайталап сапар шегетіндер де көп.
«Көлсайға демалушылар жыл бойы келе алады. Өйткені, әр жыл мезгілінің өзіне тән ерекшелігі, сұлулығы бар. Саяхатшылар көктем мен жаз айларында тамылжыған табиғатты тамашалап, жаяу жолдармен серуендеп, салық әрі таза ауамен тыныстайды. Қыс айларында таудың мүлгіген тыныштығын көріп, көлдің бетіндегі мұзда сырғанап, балық аулай алады. Дегенмен, туристердің көп келетін уақыты жаз мезгілі. Қазір демалыс орнына келушілердің саны шамадан тыс артып отырғаны жасырын емес. Оның өзіндік қиындықтары бар. Мысалы, туристердің көптігіне байланысты тұрмыстық қалдықтар да көбейіп, демалатын, тамақтанатын және әжетхананың жетіспеушілігі орын алып тұрады. Дегенмен, ұлттық парк қызметкерлері демалушыларға барынша жағдай жасап, қаупсіздікті, ормандағы өрт қауісіздігін сақтауды қатаң қадағалауда» – дейді «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи парк РММ бас директорының орынбасары Әділхан Батанов.
Бұл туралы Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған пресс-турда айтылды. Шараны Respublica партиясының Алматы облыстық филиалы мен Көлсай көлдері МҰТП және Алматы облыстық туризм басқармасы ұйымдастырды. Баспасөз өкілдері Көлсай көлдерінің негізші туристік маршруттарымен жүріп өтіп, Мемлекеттік ұлттық табиғи паркке қатысты көп сұрақтарға жауап алды.
2018 жылы «Алматы – Көлсай» республикалық маңызы бар тас жол күрделі жөндеуден өтуінің арқасында көлге келуші туристер мен демалушылардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 4-5 есеге өсті. Үстіміздегі жылы Саты ауылы- Қайыңды көлі бағытындағы автожолдың ЖСҚ әзірленіп, автожол құрылысы басталып та кетті. Сонымен қатар Қайыңды көліне дейін электр желісін тарту да үкімет жоспарында бар. Бүгінгі күнде Көлсай демалыс орнында 4G интернет және Билайн, Актив мобильді байланыстары толық жұмыс істеп тұр. Кейінгі уақытта ұлттық парк әкімшілігі тарапынан Қайыңды көлінің суы азайып бара жатқандығы, тез арада қолға алмаса Қайыңды көлінен айырылып қалу қаупі бар екендігін айтып жоғары тұрған органдарға, мәжіліс депутаттарына дабыл қағудың арқасында көл аузына тоспа салу жұмыстарын бастау үшін зерттеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстарын бастау 2023 жылы қолға алынбақ.
Бүгінгі күндегі тағы бір үлкен мәселенің бірі, табиғи ортаға антропагендік әсерді азайту үшін рекреациялық сыйымдылықты реттеу болып табылады. Осы мақсатта туристік соқпақтар мен маршруттарды бөлу, оларды абаттандыру мақсатында жұмыстар қолға алынуда. Мысалы 2020 жылы Қайыңды көлі мағындағы маршрут атты және жаяу жүргіншілерге арналған деп екіге бөлінсе, 2023 жылы Көлсай көлі мағындағы туристік соқпақтарды толығымен абаттандыру, ат маршруты мен жаяу жүргіншілерге арналған маршруттарды қайта жаңалау үшін жол картасы жасалды. Ол үшін арнайы Алматы облыстық туризм басқармасының қолдауымен облыстық әкімшіліктен ақша қаражаты қарастырылуда. Көлсай және Қайыңды көлдері маршруттарында аудандық әкімшілік қолдауымен барлық талаптарға сай дәретханалар орнату көзделген. Осы мақсатта бүгінгі күнде ұлттық парк аумағында 7 СГУ дәретхана орнатылды. Көлсай – Бақылау өткізу тоспасында Каспий қосымшасы арұылы төлем жасауға болады. Алдағы уақытта автоматтандырылған төлем пункттері орналастырылатын болады.
«Біздің «Көлсай көлдері» Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Заңды негізге ала отырып туристік инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарына сәйкес жұмыстар атқарады. Осыған орай алдымызда атқарамыз деп белгілеген көптеген жоспарлар бар. Соның негізгісі – туристерге жақсы демалыс үшін жағдай жасау. Мысалы, ұлттық парк аумағына келушілердің саны жыл сайын өсіп келе жатқанымен, паркте бірде-бір қонақ үйлер жоқ. Осыны ескеріп, биыл өз күшімізбен кордон есебіндегі бір үйді қонақ үйге айналдырдық. Алдағы уақытта бір-бір үйді күрделі жөндеуден өткізіп, қонақ қабылдауға дайын жасасақ деген ойымыз бар. Екінші мәселе – кәсіп ашу. Бұл ретте біздің орманымыз болғанмен ағаш өңдеу цехтарымыз жоқ. Оны да биылдан бастап қолға алып отырмыз. Бұйыртса келесі жылдан бастап өз қолөнер бұйымдарымыз туристер мен демалушылардың назарына ұсынылатын болады. Үшіншіден, қоршаған ортаға қамқорлық жасап, орман қорын молайту. Бұл мақсатта көшет өсіру плантациясы да қолға алынды. Нәтижесі жаман емес. Жас көшеттер жақсы өсуде. БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен электр желісі жоқ алыс кордондарға күн батарейкасымен жұмыс істейтін баламалы энергия көздерін пайдалануды да іске асырудамыз» – деді «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи парк РММ бас директорының орынбасары Әділхан Батанов.
Ұлттық парк аумағындағы туристік аймақтарды одан әрі дамыту, онда 3 туристік маршруттар бойында Визит орталықтары мен этно-ауылдар, глемпинг, кемпинг, тамақтану орындарын салу мақсатында 2022 жылы ұлттық парктің туристік инфрақұрылымын дамытудың Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, туристік маршруттар бойынша абаттандыру жұмыстарын жүргізу, рекреациялық жүктемені азайту мақсатында жаңа туристік маршруттар мен соқпақтардың, демалыс орындарының, Визит орталықтарының, глемпинг, кемпинглердің, сауда орындарының орналасатын орындары нақтыланды. Осыған байланысты туристік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытудың жол картаса жасалған.
Экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аумағында туристер мен демалушыларға арналған 7 туристік маршрут қызмет көрсетеді. Барлық маршруттардың төлқұжаттары жасалып Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бекітілген. Нақтырақ айтсақ «Саты ауылы-Қайыңды көлі», «Саты ауылы – Саты асуы», «Төменгі Көлсай көлі – Сарыбұлақ асуы», «Күрметі ауылы – Ортаңғы Көлсай көлі», «Күрметі ауылы – Қыземшек тауы», «Өрікті сайы – Мәжі көлі» «Төменгі Көлсай көлі» маршруттары жаяу және атпен жүруге арналған. Маршруттар келушілерге жыл бойы қызмет көрсетеді.
2021 жылғы 15 қыркүйекте ЮНЕСКО қазақстандық «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін өзінің дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосты. Мұндай шешім ЮНЕСКО бағдарламасының «Адам және биосфера» халықаралық үйлестіру кеңесінің 33-сессиясында қабылданды. Осылайша, бүгінгі таңда ЮНЕСКО ұлттық желісінің Қазақстандағы биосфералық резерват саны – 13. Бұл сан Орталық Азияның басқа елдеріндегі биосфералық резерваттар санынан едәуір асып түседі. Биосфералық резерваттар көлемінің осылай танылуы Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аударғанын және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға ұмтылатынын айғақтайды.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
КЕГЕН АУДАНЫ.