Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ел дамуына қатысты біраз озық ойлар айтылды. Әрбірі қолдауға тұрарлық дер едім.
Табиғатпен етене жұмыс істеп жүрген жан ретінде Мемлекет басшысының қоршаған ортаны қорғау, Каспийдің су ресурстарын сақтау, «Таза Қазақстан» жобасының аясында атқарылып жатқан жұмыстарға берген бағасы мен алға қойған міндеттерін толығымен қолдаймын.
Мен жылдар бойы ағаш отырғызып, оларды күтіп-баптаумен айналысып келемін. Ағаш – тек көлеңке мен көрік беретін өсімдік емес, ол – өмірдің өзегі, таза ауа мен тұрақты климаттың кепілі. Мемлекет тарапынан осындай игі бастамаларға көңіл бөлінуі біз секілді табиғат жанашырларына үлкен демеу әрі үміт сыйлайды.
Президентіміздің «балаларымыз бен немерелеріміздің тағдыры біздің бүгінгі әрекетімізге тікелей байланысты» деген сөзі мен үшін өте маңызды. Себебі мен әр отырғызған жас шыбықты келешекке қалдырған аманат ретінде көремін. Жасыл желек көбейсе, ауа тазарады, жер құнарланады, су көздері сақталады. Ал Каспий бұл тек су емес, тұтас экожүйе. Оны сақтау – бүкіл өңір елдерінің ортақ жауапкершілігі.
«Таза Қазақстан» жобасына миллиондаған азаматтың қатысуы бұл халқымыздың табиғатқа деген көзқарасының өзгеріп келе жатқанын білдіреді. Әсіресе, жастардың белсенділігі қуантады. Бұл – үміт, бұл – сенім!
Біз – табиғатпен егіз жаратылған халықпыз. Ата-бабамыздай Жер-Анаға құрметпен қарап, қоршаған ортаны қорғауды ұлттық сана мен мәдениеттің бір бөлігіне айналдыруымыз қажет. Ағаш егу – тек еңбек емес, бұл жүректің ісі. Сондықтан әр азаматты табиғатқа қамқор болуға, өз ауласында, ауылында немесе қаласында ағаш отырғызуға, тазалыққа үлес қосуға шақырамын. Себебі табиғат – ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Айшам НУРУЗОВА,
Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
