«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған өткен аптаның сенбілігі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды.
Экологиялық шараға үлес қосу үшін аудан әкімі Жасұлан Естенов бастаған зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, ауданның белсенді жастары және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бір кісідей атсалысты.
Қоршаған ортаның тазалығы қолға алынған бұл сенбілік аудан көлемінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, «30 игі іс шара» бастамасымен жүзеге асты. Бұл күнде аудан аумағындағы көптеген мекеме ұжымдары айналаны күл-қоқыстан тазартып, ағаш егумен айналысты.
Тазалық ісіне қолдау білдірген этнос өкілдерінің арасында «Ахысқа» мен «Ұйғыр» этномәдени орталықтарының мүшелері болды. Олар да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған «Таза Қазақстан» акциясының мән-маңызын түсініп, экологиялық мәдениеттің үлгісін көрсете білді. Әсіресе, «Ұйғыр» этномәдени орталығының төрағасы Айшам Нурузова көгалдандыру жұмысына жанашырлық танытты. Ол әдеттегідей, аудан халқымен белсенді болып, өзінің сүйікті ісіне айналған ағаш өсіру ісімен жомарттық танытып, көпжылдық талдарды сыйға тартты.
Акция аясында округтердегі сенбілік жұмыстары ойдағыдай жүзеге асты. Алдағы уақытта мұндай экологиялық шаралар өз жалғасын таппақ.
Өз тілшіміз.