Тәуелсіздік – бұл бабалардың аңсауы, ұрпақ үшін баға жетпес тарту. Биыл міне, егеменді ел атанып, азаттықтың бесігінде тербелгенімізге 32 жыл толып отыр. Осы уақыт аралықта еліміз әр салада талай жетістікке жетіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ахуалын жақсарта білді десем артық айтқаным болмас. Егемендікке қол жеткізгелі сонымен қатар, зайырлы, дербес мемлекет атанып, бейбіт өмірдің дәмін татып келеміз. Сондықтан Қазақстанның тәуелсіз ел атануы осы елдің әрбір азаматы үшін баға жетпес құндылық деп есептеймін. Сондай-ақ азаттығымыздың айтулы түрде аталып өтілуі орынды екенін ұмытпаған жөн.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін мерекелеу күні – бұл елдің жүріп өткен жолын бағамдау, бірліктің ұлы құндылығын, азаматтық бейбітшілікке қол жеткізу тәсілі ретінде қазақстандық қоғам ішіндегі алауыздыққа қарсы тұратын демократия күшін терең түсіну уақыты. Бұл мереке ел үшін ерекше маңызға ие, өйткені ол Қазақстанның егемендігі, халқының бостандығы үшін күрес ұлт қайраткерлеріне құрмет болып табылады.
Еліміздің егемендігі мәңгі жасасын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз ғұмырлы болсын! Мемлекетіміздің бейбіт өмірі ұзағынан болғай. Азаттықтың ақ туы жығылмасын. Мерейлі, қастерлі, ұлық мереке құтты болсын!
Сағат Мәсімақынов,
Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы.