Адам баласының бақытты өмір сүруі үшін не керек? Алдымен, әрине, денінің саулығы, ой-санасының тазалығы, білімінің, мақсат қойып алған мамандығының болуы қажет дер едік. Дегенмен, ең бастысы, біздіңше, жан-жүрегіне жайлылық әкелетін жылы ұясы – отбасының орны бөлек, бөлекше! Дәл осы өзіңнің оңаша үйіңде адамдық арман-аңсарыңа байланысты қанатыңды кеңге жаясың, ерлі-зайыптылықтың қуаныш-қызығына кенелесің, ғұмыр жолынды ары қарай алысқа алып барар ұрпағыңды тәрбиелейсің. Ал, енді бұл ретте көпке үлгілі болсаңыз – бұл үлкен абырой!
Қаскелең қаласының тұрғындары Садық Дәулетов пен Назира Әбдірахманқызының отау тігіп, шаңырақ көтергендеріне, үстіміздегі жылғы 1 мамырда, жарты ғасыр толғалы отыр екен. Мұны, әрине, өздері үшін де, бала-шағасы үшін де, ет жақын туған-туыстары үшін де нағыз мерейлі мереке дегеніміз жөн. Өйткені, бір отаудың ішінде осыншама уақыт бойы бірін-бірі барынша түсініп, жандарының жақсы жарасауы, бірін-бірі әрдайым қолдап, қоштап, қолпаштап жүру, біріне-бірі тіреу, сүйеу бола білу көп адамның басына бұйыра бермейді десек те жаңылыспаспыз.
Сонымен өткен ғасырдың елу екінші жылы өмір есігін ашқан Сәкең мен елу төртінші жылы дүниеге келген Нәкең тұп-тура мамыр мейрамында үйленіпті. Ол кезде екеуі де студент, күйеу жігіт Ташкент технологиялық техникумында, ал қалыңдық Нүкіс ауылшаруашылық техникумында оқитын. Бұл Садықтың 19-да, Назираның 17-дегі кезі, былай қарағанда, екеуі де жап-жас. Сонда қалай? Махаббаттың маздаған жалыны шарпып, жүректерінде сүйіспеншілік оты алаулады ма? Жоқ, олай емес екен… Бір қызығы, екеуі бір-бірін кішкене кезінен білгенімен, қазақтың «Құрсақ құда» аталатын (қазір мұндай жағдай өте сирек кездеседі) ежелгі салт-дәстүрімен бас қосыпты.
… Әкелері Әбу мен Әбдірахман сыйлас дос болған, Әбекең бір қыдырып барғанда екінші Әбекеңнің әйелі жүкті екенін көріп, құрсақ құда болайық деп қолқа салған. Сөйтіп, екі жасар Садыққа болашақ жарын, өзіне келешек келінін тауып қайтқан. Дәл осы себептен елден ертерек шаңырақ көтерген. Одан жаман болған жоқ, бір жағы ата-аналарының ақыл-кеңесімен, екінші жағынан өздерінің шын ықылас-пейілімен екеуі тез түсіністі, тез ұғынысты, бірте-бірте жүректері бірге соғып, көңілдеріне көктемнің нұр-сәулесі төгілді, жандары жаз күніндей жарасып жүре берді! Иә, дана қазақтың осындай да үлгілі үрдісі болған.
Тойларында атақты Наурызбек жыраудың таң атқанша жырлағаны әлі есінен кетпейді.
Бүгінде, міне, өскен, өнген отбасының бірі атанып отыр. Берекесі де, мерекесі де мол бұл үйден Құдай қосқан қосақтардың жұбайлық жарасымды сыйластығын, осы жерден түлеп ұшқан ұл-қыздың әдемі тәлім-тәрбиесін көріп, немерелердің әсем күлкісін естисің. Садық ардақты әкесі Әбу мен асыл анасы Қаракөздің, Назира аяулы әке-шешесі Әбдірахман мен Ажардың өсиет-өнегесімен өмір сүріп, адами қалыптағы ерлі-зайыптылық тірлік-тіршіліктің өркенді істерін өрге бастырып, үнемі үкілеп ілгерілетіп келеді.
Екеуі ел қатарлы ғұмыр кешіп, алтын асықтай Қайрат (құрылыс саласының маманы) Құрманғазы (заңгер), Жандарбек (инженер-эксперт) атты ұлдары мен Меруерт (мұғалім), Ақжайық (заңгер) есімді қыздарын аялап өсіріп, оқытты, тәлімді тәрбие берді, ақ жолдан адаспайтындай адам етті. Олардан көрген 16 немерені көздерінің нұры, көңілдерінің шуағы деп санайды. Ал, келіндері Раушан, Мәдина, Назым да әманда тату-тәтті әулеттің әрін кіргізіп жүр десек те болады.
Жалпы, Әбуден тараған үрім-бұтақ қазір 70-тің айналасында екен.
Садық Дәулетовтың ата-бабалары негізінен Ақтөбе өңірінен, сонда қалай Қарақалпақстанға қоныс аударған? 1916 жылғы қазақтарды соғыстағы қара жұмысқа алмақ болған ақ патшаға қарсы жалпақ даламызды жаппай жайлаған көтеріліс кезінде, бұйрыққа бағынғысы келмеген, олардың бір ағайынын орыс жазалаушылары атып тастаған… Осыдан соң ауыл ақсақалдары ақылдаса келіп, бір түнде қарақалпақ жеріне үдере көшкен… Сәкең сол жақтағы «Қызкеткен» ауылында туып-өскен. Жоғарыда айтқанымыздай, Ташкентте техникумды аяқтаған, кейін Алматы технологиялық институтын инженер-экономист мамандығымен бітірген. Содан көптеген мемлекеттік мекемелерде директордың орынбасары, бас экономист, бөлім бастығы болып істейді.
– 1990 жылдың басынан, – дейді Сәкең, – 1996 жылы 94 жасында қайтыс болған әкем бір әңгіменің шетін шығара бастады. Сондағы сөзінің түйіні «Балалар, біз, міне, қартайдық, сендер өстіңдер, енді менің көзімнің тірісінде елге қайтайық. «Ер туған жеріне!..» дегенге саятын еді. Содан, арғы түп-тамырымыз, бастау-бұлағымыз Пір-Бекеттің аруағына сыйына отырып (айтқандай, бұл кісілер, бүкіл қазақ қадірлеп-қастерлеп рухына айрықша құрмет көрсететін Бекет әулиенің ұрпағы болып келеді), Қазақстанға тарттық та кеттік. Қарасай ауданына келіп орнықтық.
Көп ұзамай Садық білікті экономист ретінде аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына (аты салық комитеті және т.б. болып бір-екі рет өзгерді ғой) қызметке тұрды. Жалпы еңбек өтілі 43 жыл. Ол осы жерде 28 жыл үзбей жұмыс істеді, қазір зейнеткер. Әйтеуір, өз міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарып, әрдайым абыройлы болды, көп шәкірт тәрбиеледі. Бірнеше мерекелік медальдің иегері. «ҚР Салық қызметінің үздігі» атағы бар. Аудан, облыс, республикадан алған Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары жетіп артылады.
Сәкең әлі де қоғамдық істерге араласып тұрады. «Заман жаршысы» газетінің тұрақты оқырманы әрі белсенді авторы. Осы орайда аудандық кітапханаға өзінің жеке кітапханасынан 67 кітап сыйлағанын да айтқанымыз дұрыс болар.
– Анам Қаракөз де осында 2007 жылы 85-ке жетіп дүние салды, – дейді Сәкең тағы да. – Өзімнің барлық балаларым қасиетті Қарасай жерінде өсіп-өнді, осында үш келін түсірдік, екі қызымыз тұрмысқа шықты. Бұған қосарым, аудандағы мекеме, бөлім, комитет басшыларымен тығыз әрі сыйласып жұмыс атқардым. Аймақтағы сандаған жақсы істерге белсене араластым. Барлығына да тек рахмет айтамын, бәрі де қолдады, көмектесті, тәжірибесін бөлісті. Мені алғаш қызметке қабылдаған марқұм Бекболат Молдашев еді, кейін марқұм Қали Дүйсенбаев 12 жыл бастығым болды. Ол кісілерден алған тағылымым, үйренгенім аз емес, жол нұсқап, жоба көрсеткен екеуіне де ризамын! Сол уақыттарда біздің салық комитеті, республикада алғашқылардың бірі болып, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшкен. Елде біріншілердің қатарында салық терминдерінің қазақша-орысша сөздігін жасап та атымыз шықты.
Қазір Дәулетовтар әулетін ел жақсы біледі. Әсіресе, Сәкеңнің інісі Сыдық Дәулетов атақты, абыройлы азамат, «Дәулет-Бекет» ЖШС-нің басшысы, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Іле аудандық мәслихатының депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, іскер, ілкімді ол түйе түлігін өсіруде өте жақсы жетістіктерімен тамаша танылып отыр. Әрі Сыдықты көпшілік жаны жомарт, қолы ашық қайырымды адам ретінде де біледі, құрметтейді.
Иә, қазақ еліндегі бәріне де, қандай жағдайда болсын, ақ тілек-ниетпен қарайтын ерлі-зайыптылардың бірі – Садық Әбуұлы Дәулетов пен Назира Әбдірахманқызы Әмированың отасқандарына – 50 жыл. Өткеніне өкпесі жоқ, бүгініне шүкіршілік ететін, болашағына да ұрпағымен үлкен үмітпен ұмтылатын бұл үйде әрдайым өзара түсіністік, керемет сыйластық бар. Отағасы да, отанасы да береке-бірлікпен бәрін орнымен орнықты ойлайды, өмірден өз жолдарын тапқан ұл-қызының әр оңды ісіне қуанады. Ержеткен немерелерінің алғашқы сәтті қадамдарына сүйініп, ақылын айтып, ақ жол тілеуден жалықпайды, кішкенелеріне үлкендік үлгісімен, өрісті өнегесімен тәлім-тәрбие беруді маңызды, мәнді міндеті санайды. Әйтеуір, түтіні түзу ұшқан, шаттықтың шамы жанған шаңырақтарындағы әр күндері адамдық туын асқақ көтерген алуан істерге, жанға жағатын жақсы тірлікке толы. Тегінде, шын мәніндегі отбасылық бақыт дегеніміз осы шығар.
Алтын тойларыңыз құтты болсын, алда да алтын таңдарыңыз арайлап ата берсін!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.