9 маусымда елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні белгілі. Соның аясында еліміздің барлық аймақтарында сайлау науқаны жайлы түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Осыған орай, аптаның алғашқы күні облыстық сайлау комиссиясының мүшелері Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында кезектен тыс сайлауын өткізу жөнінде семинар-тренинг өткізді. Оған аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, қала, ауылдық округтердің әкімдері, округ әкімдіктерінің сайлауға жауапты мамандары, сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері қатысты. Жиынды аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Ғалия Аманова ашып, өткізіліп отырған семинар-кеңестің мақсаты мен міндеттерін айтып өтті.
Ал, жиында сөз алған, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Шырақбай Жылқайдаров қатысушыларды «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының негізгі баптары мен сайлау науқанын әзірлеу және өткізуге байланысты негізгі мәселелерімен таныстырып өтті. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының сайлауды өткізу кезіндегі қызметі мен сайлауды ұйымдастыру тұстарына кеңінен тоқталып өтті.
– ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына байланысты үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. Президенттікке жеті кандидат тіркелді, барлық кандидаттарға бірдей жағдай жасалуы қажет. Сондай-ақ, сайлау учаскелерінде кезекшілік бекітілуі тиіс. Қауіпсіздік жағдайлары қарастырылып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді болу керек, – деді облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Шырақбай Жылқайдаров.
Өз кезегінде, Құдайберген Қаңтарбаев сайлау заңнамасының нормаларын бұзудың құқықтық салдары, сайлау рәсімдерін жүргізуде осындай заң бұзушылықтардың алдын алу және болдырмаудың жолдары мен әдістерін айтып берді. Жиын соңында облыстық сайлау комиссиясы мүшелері аудандық комиссия мүшелері қойған сұрақтарға жауап беріп сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау кезеңінде сайлаушылармен қарым-қатынаста сыпайы болуға шақырды және де сайлау туралы заңды бұзбай, орындау қажеттігін ескертті.
Жоғарыда ашып айтқандай жиын сынды тағы бір семинар-кеңес өткен аптаның сәрсенбісінде өткізілген еді. Онда бүгінгі күнге барлық сайлау учаскелеріне қажетті методикалық құралдар, нұсқаулықтар, күнтізбелік жоспардың үлгісі т.б. қажетті материялдар таратылып беріліп, кезекшілік кестесі бекітілгені, сайлау учаскелерін жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатқаны да айтылған болатын. Сонымен қатар, 20 мамырда акті мен округ әкімдері учаскелік сайлау комиссиясына сайлаушылар тізімін өткізіп, 25 мамырға дейін тізімді тексеріп, сайлаушыларға таныстыру үшін учаскеге іліп қою керектігі де сөз болды. Учаскедегі кезекші коммиссия мүшесі – өтінішпен келген азамат тізімде болмай қалған жағдайда оларды осы аумақта тіркелім тізіміне қосуға міндетті екенін де айтып, сайлауға қатысты басқа да ақпараттармен бөлісті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.