Елімізбен бейбіт тұрғындардың тыныштығын күзетіп келе жатқан құзырлы салаға биыл 30 жыл толып отыр. Атаулы мерекеге орай, аптаның бейсенбісі күні аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара өтіп, бірқатар полиция қызметкерлері марапатталды.
Тәртіп сақшыларына арналған шара Мемлекеттік Гимннің орындалуымен ашылды. Одан әрі жиынға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы сөз алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүретін тәртіп сақшыларының еңбегі қашанда ерен екенін жеткізіп, мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Мұнан кейін ол мерекеге орай марапаттау рәсіміне көшіп, бірқатар полиция қызметкерлерін қоғамдық тәртіпті қорғау жұмыстарындағы жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Аслан Күбентаевтың Алғыс хаттарын, сондай-ақ, аудан басшысының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын табыстады. Мұнан бөлек Айжан Нұрділдәқызы полиция басқармасына аудан әкімінің атынан арнайы сыйлық тарту етті.
Осындай марапаттаулардан кейін сахна төріне аудандық полиция басқармасының басшысы, Талғат Беркінбаев шығып, өзінің қарамағындағы қызметкерлерді мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі. Одан кейін басқарма басшысы өз атынан осы салада талай жылдар еңбек еткен полиция ардагерлері мен бүгінде тәртіп сақшыларының қатарында адал әрі белсенді еңбек етіп жүрген жас жауынгерлердің ата-аналарын Алғыс хаттармен марапаттап, гүл шоқтарын сыйлады. Сондай-ақ, бірқатар полиция қызметкерлеріне жаңа шендер табыстады.
Мерекелік іс-шара соңы жиналғандарға тамаша көңіл-күй сыйлаған ауданымыздың өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.