Қарасай ауданында электр қуатының тұрақсыздығы кейінгі жылдары басты мәселеге айналуда. Аталған салаға жауапты мамандардың пайымдауынша, бұл проблеманың туындауы соңғы уақытта халық санының өсуімен, сондай-ақ жаңа құрылыстардың пайда болуымен байланысты. Одан бөлек тозығы жеткен электр желілері мен қосалқы трансформаторлардың да бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан халықтың да айтар уәжі орынды деп есептейміз.
Мәселе бар жерде оның шешімі қарастырылуы тиіс. Осы мақсатта ауданымызда 2024 жылы 17 ауылдың электр жүйелерін жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген болатын. Бұл жайында Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Жүнісбек мәлімдеді. Оның айтуынша, жоғарыда атап өткен 17 елді мекеннің ішінде Бекболат, Батан, Елтай, Исаев ауылдарына биыл тиісті қаражат бөлініп, электр желілері жаңартылды. Бұл атқарылған жұмыстардың легіне тоқталар болсақ, Бекболат ауылында 9 шақырымдай әуе желілері ауыстырылып, 6 қосалқы трансформатор орнатылған. Батанда 13 км электр желілері жаңартылып, 5 қосалқы трансформатор станциясы іске қосылды. Осы жұмыстардың мердігер мекемесі «Kaz Intel Group» ЖШС болып табылады.
Ал Елтай мен Исаев ауылдарындағы электр желілерін жаңғырту ісіне «Кернеу К» ЖШС жауапты болған. Бұл мердігер мекеме бөлінген қаражатқа сәйкес, Исаевта 6 км, Елтайда 7 км электр желілерін жүргізіп, екі елді мекенге сәйкесінше 6 және 5 қосалқы трансформатор орнатты.
Айта кетейік, дәл осындай жаңғырту жұмыстары басқа елді мекендерде де жалғасын таппақ. Жоғарыда атап өткендей, 17 ауылдың төртеуіне тиісті жұмыстар атқарылса, келер жылы Қаскелең қаласы мен Қайнар, Көлащы, Жібек жолы, Жамбыл, Шамалған, Береке, Жармұханбет, Көкөзек, Ұлан, Жандосов, Долан, Тұрар, жалпы алғанда 13 елді мекенге қаражат бөлу мәселесі қарастыралады. Одан кейін электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
