Жыл сайын елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты кең ауқымды акция өтеді. Бұл шара биыл да біздің ауданда жалғасын тауып, оның аясында кеше Мәдениет үйінің алаңында флэшмоб ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оны болдырмау – еліміздің отбасылық-демографиялық саясатында ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені, зорлық-зомбылық өткір әлеуметтік проблема ретінде жәбірленушілердің өздеріне әсер етіп қана қоймайды, сонымен бірге жалпы қоғамдық тұрақтылыққа және әлеуметтік тәртіпке де қауіп төндіреді.
Осыны негізге алған аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі, Қарасай клиникалық көп бейінді орталық аудандық ауруханасының Жастар денсаулық орталығының ұжымы, Жастар ресурстық орталығы, «Азаматша» қоғамдық қоры жастарға арнап акция ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нақтырақ айтқанда, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң талаптары айтылып, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық, олардан әйелдерді қалай сақтандыру, оның алдын алу мәселелері де әңгіме арқауына айналды. Сондай-ақ, шараға қатысушы жастар әр тұлғаның құқықтары мен міндеттері, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, зорлық-зомбылықтың алдын алуы жайында ақпараттармен бөлісті. Мұнан бөлек, оларға отбасы немесе өзге адамдардан қысым көрген жағдайда не істеу керектігін және де қай жерге жүгіну болатындығы жайлы да айтылды
Шара соңында қаты-сушыларға әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсітушілік мәселелері туындаған кезде іс-қимыл алгоритмі жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.
Өз тілшіміз.