Соңғы жылдары азаймай тұрған отбасындағы жанжалдан басталып зорлық-зомбылыққа ұласатын жағдайлар елімізде өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе, әлеуметтік желілер дамыған заманда Инстаграм,Телеграм парақшаларынан күніне оннан астам осындай жағдайлар жайында жаңалықтарды көруге болады. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өтініштер саны үш есеге артқан. Жыл сайын полицияға осы мәселеге байланысты 100 мыңнан астам хабарлама келіп түседі екен.
Бұл мәселе Қарасай ауданында да өзекті болып отыр. Мәселен, жақында жаңа ғана ауданның полиция қызметкерлері қарасайлық 23 жастағы әйелді екі баласымен облыс орталығы Қонаев қаласында орналасқан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына жеткізді. Жас ана өзінің араққа салынған күйеуінен жәбір көруден шаршап, сенім телефонына хабарласқан. Бүгінде жәбірленушінің күйеуімен барлық қажетті жұмыстар жүргізілген, ал келіншек екі баласымен жоғарыда аталған орталықта көмек алуда.
Қарасай ауданының ПБ ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Эльмира Есенбаеваның айтуынша, ағымдағы жылдың басынан ауданымыз бойынша сенім телефонына 67 әйел хабарласып, көмек сұраған. Учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік сипаттағы 335 қорғау нұсқамасы шығарылған. Бұған қоса тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарына 46 адам, оның ішінде 12 әйел және 34 бала орналастырылған.
– Көп жағдайда күйеуінен таяқ жеген әйелдер ұялғандығынан мұны басқалардан жасыруға тырысады. Тіпті, ең жақын адамдарынан да. Әрине, олардың бұл әрекеттері біздің жұмысымызды қиындатады, себебі біз ешкімді қинап арыз жаздыруға көндіре алмаймыз. Салдарынан көптеген жәбірленушілер жазаға ілікпей қалады. Оның үстіне көп жағдайда әйелдер күйелері тарапынан жасалған жәбірді жасырған кезде бұл бірінші кезекте балаларының денсаулығына, ең жаманы психологиясына үлкен зақым алып келетінін түсінбейді. Ал психикасы жастайынан бұзылған бала болашақта әкесінен де асқан агрессор болып өсуі мүмкін. Сондықтан тұрғындармен кездесулер, жиналыстар барысында алдымен біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың балалар үшін қаупін түсіндіруге тырысамыз.
Әйел адамдардың көбі күйеулері бір рет ұрып, кешірім сұраса, мұндай жағдай екінші рет қайталанбайды деп ойлайды, алайда тәжірибеге сүйенсек бір ұрған адам екінші рет міндетте түрде ол әрекетін қайталайтынын көрсетеді. Осы ретте бірінші жағдайдан кейін бірден полиция қызметкерлеріне хабарласу керек, – дейді Эльмира Өмірзаққызы.
Бүгінде полиция қызметкерлері тұрмыстық салада құқыққа қайшы әрекеттер жасауға бейім, спирттік ішімдікке құмар адамдарды, қолайсыз отбасыларды, сондай-ақ полицияда есепте тұрған, оның ішінде кәмелетке толмағандарды тұрақты негізде тұрғылықты жері бойынша тексеруді мықтап қолға алған. Қылмыстың жолын кесу және оған жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері құқық бұзушылармен профилактикалық жұмыс жүргізуде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.