Сейсенбі күні түске дейін болған Жаңашамалған ауылдық округіндегі есептік кездесуге тұрғындар көп жиналды. Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебінің мәжіліс залында ұйымдастырылған тұрғындармен жүздесуге орынбасарларымен және бірқатар бөлім, мекеме басшыларымен барған аудан әкімі Жандарбек Далабаевты көпшілік ыстық ықыласпен қарсы алды. Жиынға облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Даркен Нұржанов қатысып, ал жүргізу тізгінін аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев өз қолына алды.
Кездесу басында алдымен Жандарбек Ермекұлы әдеттегідей өңірдің өсіп-өркендеуі жайында қысқаша мағлұмат беріп, елді мекендердегі өткен жылы қолға алынып, атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді. Өз сөзінде бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешімін тапқанын тілге тиек еткен аудан әкімі биыл Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебі мен Ы.Алтынсарин орта мектебіне 600 орындық жапсаржай салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптама жасалып жатқанын мәлімдеді.
Жарыссөзге шыққан ауыл тұрғындары өз кезектерінде кейбір шешілуі тиіс мәселелерге назар аудартты. Мысалы, ауылдық емхана дәрігері Дана Ахметова халық денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқаратын оның ғимаратының ескіргенін айтып, осы нысанды жаңарту қажеттілігін алға тартса, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің педагог-ұйымдастырушысы Аманжол Тілеуов жастар өз уақытын тиімді өткізу үшін спорт кешені мен жастар саябағы болса деген ұсынысын айтты. Ал, Ашырақ Топашов атамыз су басып қалу қаупі бар көшелердің бір жақ жиегіне арықтар қазып беруді сұрады. Азаматтар тыңдалғанан кейін, аудан басшысы халықты еркін пікір алмасуға шақырды. Бұл ретте жаңашамалғандықтар тарапынан округ арқылы өтетін шойынжол бойына автомобильдер мен жаяу жүргіншілер жүретін аспалы көпір немесе айналма жол керектігі сөз болды. Тұрар ауылының тұрғыны Сағат Мұхтаров егін суғаратын су тоғандары тазартылса деген өтінішін білдірді. Округ ардагерлер ұйымының төрағасы Бажат Анисов жыл санап жасалған жұмыстардың қатары артып, халықтың тыныс-тіршілігі түзеліп келе жатқанын әңгімелей келе, ақ батасын берді.
Өзге де айтылған мәселелерді сол жерде тікелей тиісті қызмет басшыларына шешуді тапсырған Жандарбек Ермекұлы Елбасының сарабдал саясаты мен көрегендігінің арқасында ел көлемінде оңды істер көп екенін, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында қыруар жұмыс атқарылып жатқандығын әңгіменің арқауына айналдырып, тұрғындарды әрдайым ынтымақ-бірлікте болуға шақырды. Ертеңіміздің бүгіннен де жарқын боларын сөз етіп, жақсы тілегін жеткізді. Ал, орынбасары Айжан Назарбаеваға көтерілген мәселелерге байланысты нақты жауап беру үшін, үш айдан кейін тағы бір кездесу өткізуді жүктеді. Толымды тірліктер тілге тиек етілген жиында жұртшылық бірауыздан әкімнің есебіне қанағаттанарлық деген бағаларын берді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.