Ислам діні – қазақ ұлтының ұлылығын танытып, дәстүрінің жаңғыруына себепші болып, әдеп пен құқықтың орнығуына тікелей әсер етуші. Бұлай деп айтуымызға негіз бар. Себебі тарих беттері, ұлт үшін күрескен тұлғалардың жанкештілігі – соның дәлелі.
Бүгінгі таңда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дінімізді, әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді жоққа шығарып, мұсылман қауымның арасында іріткі салушы және мақсаты түсініксіз топтар бар. Олар елімізде «секта» ретінде танылып, адамзаттың санасына сыймайтын дүниелермен ислам дінінің атына кір келтіруде. Ал олармен күресудің жалғыз амалы – дәстүрлі дінімізді лайықты деңгейде ұлықтау. Бұл ретте осы жұмысты үйлестіруші ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты медреселер мен басқа да қайырымдылық ұйымдардың жұмысын атап көрсетуге болады. Соның бірі – Қарасай ауданының бас имамы Дәуренбек Жандосұлының жетекшілігімен құрылған «Түркістан» қайырымдылық мекемесі. Негізгі мақсаты – ислам дінін насихаттап, сол бағытта саналы ұрпақ тәрбиелеп, жас буынды жат діни ағымдардан сақтап, дәстүрімізді дәріптеу. Сондай-ақ медресе бағытында қызмет ететін бұл мекеменің тағы бір ерекше тұсы – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына білім беріп қана қоймай, тұрақты түрде мекемеде жатып оқуына жағдай жасау.
2021 жылы құрылған «Түркістан» қайырымдылық мекемесінің үш жылда атқарған жұмысы көңіл қуантарлықтай. Шәкірттері қари атанып, асыл дінімізді мәртебесін арттыруда. Одан бөлек дәстүріміз бен тарихымызды танып, тура жолда тәрбиеленіп келеді. Өскелең ұрпақтың осындай білімпаз атануы келешекте ел мүддесі үшін еңбек етуіне ықпал етері анық.
Жүйелі жұмыс қашанда лайықты бағалануы тиіс. Қолдау, қолпаштау бар жерде өсу, даму байқалары анық. Жақында аталмыш қайырымдылық мекемесінің елеулі еңбегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қорытынды жиынында айрықша атап өтілді.
«Мүфтият үздігі – 2024» номинациясының марапаттау рәсіміне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, асыл дінімізге қызмет етіп жүрген жандарды ыстық ықыласқа бөленді. Үздіктердің ішінде жоғарыда біз атап өткен ауданның ғана емес, облыстың атын танытқан «Түркістан» қайырымдылық мекемесі де болды. Мекеменің лайықты жүлдесін ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы өзі табастау үшін Қарасай ауданының бас имамы Дәуренбек Жандосұлын марапаттады. Сондай-ақ Бас мүфти өз тарапынан Дәуренбек мырзаның исламға сіңірген еңбегін ерекше бағалап, дін қызметкері ретінде ризашылығын білдіріп, өз атынан Алғыс хат табыс етті.
Ауыз толтырып айтар бұл марапаттың қасына облыс көлемінде атап өтілген тағы бір жетістікті қосып айтуға болады. Ол – «Үздік аудан» аталымы. Бұл жетістікке жетуге дін қызметкерлерінің үлгілі іскерлігі мен жұмыс бағыты бойынша жақсы нәтиже көрсеткені себеп болды.
Рухани діңгекке айналған дін жолындағы Қарасай ауданындағы жұмыстар легі жыл соңында осылай бағаланды. Елеулі еңбектің ескерілгені, діннің дамығаны, дәстүрдің дәріптелгені деп білеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
