Ағымдағы жылы көптеген өзге ұлт өкілдерінің басын қосып, еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай республиканың барлық аймақтарында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі таяуда ауданымызға қарасты Шамалған ауылдық округінде орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Бірлікті сақтау – азаматтық парыз» тақырыбында өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру, өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты сақтау, этносаралық келісімді нығайту, этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыруды мақсат еткен басқосуға Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы Этносаралық қатынастар бөлімінің басшысы Салтанат Нұрахметова, ҚХА мүшелері Амангелді Беспаев, Адам Бойсаев, Ильдар Юлдабаев және «Ахыска» түрік ұлттық орталығы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық және Қарасай, Жамбыл аудандарындағы филиалының төрағалары мен белсенділері қатысты.
Алғашқы сөз кезегі ҚХА мүшесі, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаевқа берілді. Ол алдымен шараға қатысып отырғандарды 30 жылдық мерейтоймен құттықтап, осы жыл аралығындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихына кеңінен тоқталып өтті.
Сондай-ақ консультативтік-кеңесші органның қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанын, еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналғанын жеткізді. Бұған қоса «Ахыска» түрік ұлттық орталығының» атқарып жатқан жұмысына және де алған бағыты жайлы әңгімеледі.
ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасарынан кейін «Ахыска» түрік ұлттық орталығы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы Әбубекир Чикаев, ҚХА мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы Қарасай ауданындағы филиалының төрағасы Илимдар Камилов, ҚХА мүшесі, «Алматы облыстық татар-башқұрт мәдениеті қоғамы» ҚБ төрағасы Ильдар Юлдабаев, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы Қарасай ауданындағы филиалының ақсақалдар кеңесінің мүшесі Хайруддин Тутадзе, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы Жамбыл ауданындағы филиалының мүшесі Наиля Мамедова сөз сөйлеп, өз ұйымдарында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен ақпарат беріп өтті.
Бұған қоса кездесу барысында қатысушылар өңірдегі этносаралық қарым-қатынастардың қазіргі ахуалын, бейбітшілік пен келісімді сақтау бағытында атқарылып жатқан нақты жұмыстарды, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің тәжірибесін ортаға салып, өзара пікір алмасты. Алдағы уақытта бірлесе атқарылатын істер мен бастамаларға байланысты бірқатар тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.
Шараның негізгі бөлігі аяқталған соң Қарасай ауданындағы этно бірлестіктер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға үлесін қосып жүрген Илимдар Камиловқа құрмет көрсетілді. Таяуда қоғамдық өмірге белсенді атсалысып жүрген, ҚХА мүшесі, облыстық Ассамблеяның ардагері Илимдар Алиевич 65 жасқа толған еді. Осыған байланысты кездесуге жиналғандар қоғам белсендісінің мерейтойына арналған құттықтаулар айтып, өздерінің ізгі тілектерін жеткізді.
«Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы аясында өткен шара соңында Дүниежүзілік «Ахыска» түріктері қауымдастығы президентінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі, композитор, дирижёр, күйші Сабир Гусейнов пен оның шәкірттері «Ертұран», Құрманғазының «Адай» күйлерін орындап, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Өз тілшіміз.