Райымбек ауылдық округінің тұрғындары осыдан бір апта бұрын аудан әкімінің есептік кездесуін тыңдап, бірқатар келелі мәселелерінің басын ашты. Жиынға, сондай-ақ, аудан басшысы Жандарбек Далабаевтың тиісті тапсырмаларына жауапты оның орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.
Аудан әкімінің жергілікті халықпен өткізген биылғы есептік кездесуі былтырғыдан өзгеше десек болады. Олай деуімізге негіз де бар. Неге десеңіздер, өткен жылы тұрғындарды алаңдатқан бірқатар сұрақтардың көбісі бүгінгі басқосуда көп айтылмады. Расымен де, былтыр сөз болған мәселелер өз деңгейінде шешімін тапқанын айта кеткен жөн. Тек биыл бірнеше жыл уақытты талап ететін күрделі мәселелердің айналасында сөз болып, көпшіліктің талқылауына тағы түсті. Олардың ішінде, әрине, білім саласында көңіл бөлуді қажет етіп отырған Бұлақты мен Долан ауылындағы ескі мектептердің жағдайы бар. Жұртшылықтың жаппай екі бірдей жаңа білім ошағын талап етуінен аудан басшысы бұрыннан хабардар еді. Ол жайында Жандарбек Ермекұлы тұрғындарға кеңінен баяндап, жұмыс барысы қалай жүзеге асатынын да нақтылап түсіндірді. Сондай-ақ, аудан әкімі бұл мәселелердің ретін қозғап қана қоймай, жиынның басында 2019 жылы атқарылған істерге де қысқаша шолу жасап, келешектің кестесінде тұрған қыруар шаруаға тоқталып өтті. Оның ішінде аталған округте жүзеге асатын жобалық жұмыстар да бар екенін тағы айтуға болады.
Сонымен доландықтардың үлкен өтінішіне айналған жаңа мектепке қатысты жалпы жұмыс жоспары биыл басталып, алдағы екі жылдың ішінде ел игіліне беріледі деп күтілуде. Ал, Бұлақты ауылындағы бастауыш мектептің құрылысы ағымдағы жылдан қалмай басталады. Міне, бұл айтылғандар жайында аудан басшысы өз сөзінде бірнеше жағдайларды дәйек ретінде жеткізіп, күрделі мәселенің шешілуі тек уақыттың еншісінде екенін жеткізді. Білім ошақтары жайлы сөз қозғалғанда Жандарбек Ермекұлы К.Әзірбаев атындағы орта мектептің де жай-жапсарына тоқталып, ең алдымен осы аталған білім ордасы күрделі жөндеуден өтетінін мәлімдеді.
Тұрғындар тарапынан жарыққа, суға, жолға қатысты сауалдар да қойылды. Оның әрқайсысына аудан басшысы жеке-жеке тоқталып, жақын уақытта шешілетін мәселелерді округ әкімі Елжан Туленбаев пен тиісті бөлім басшыларына тапсырды. Ал, судың жағдайын «Қаскелең су жинақтау топтамасы» жобасымен байланыстырып, оның да жай-жапсарын ашып айтты. Нақты айтқанда, республикалық бюджеттен бөлінген қаржының көмегімен қайта түзету жұмыстары арқылы осы округке кіретін бес ауылдың (Қырғауылды, Долан, Абай, Бұлақты, Райымбек) сумен жабдықталу жобасы қолға алынады. Осы бастама іске асып жатса, жұмыстың қарқыны да үдейтіні анық. Оған басты себеп – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жүктеген тапсырмасына сәйкес, 2023 жылға дейін Қазақстанның барлық өңірі сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Мұны аудан басшысы тұрғындармен тілдесу кезінде де сөзіне тұздық етті.
Назарға алынған мәселелердің арасында Жаңатұрмыс ауылының бір топ белсенділері көтерген бірқатар сауалдарды айтуға болады. Ауылдастарының аманатын арқалағандар қоқыс төгетін жер мен автобус тұрағының жоқтығын, сондай-ақ, ауыз су тапшылығын негізге алды. Бұл айтылғандарға аудан басшысы есептік кездесу барысында қысқаша түсіндіріп, шағымданушыларды кестеге сәйкес жиын соңында қабылдады. Өтініш білдірушілердің арасында өзін Аян Сатаев деп таныстарған Абай ауылының тұрғыны көше бойындағы сауда-саттыққа қатысты наразылығын білдірді. Мұны ескерген аудан әкімі жауапты басшыларға және округ әкіміне бірден тапсырма беріп, жақын уақытта іс-шара қолдануын міндеттеді.
Жалпы, есептік кездесуде талайларды алаңдатқан жағдайдың жай-жапсары толығымен талқыланды. Көпшілік қауым жиын соңында аудан әкімінің атқарған еңбегін бағалап, өз ризашылықтарын білдірді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.