Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов осы аптада аудан тұрғындарын қабылдап, оларды толғандырған мәселелеріне көңіл бөлді.
Азаматтарды қабылдау кезінде олардың басым көпшілігі тұрғын үй бағдарламасы аясында кезекке тұру арқылы баспана мәселесін қозғаса, бірқатары жұмыссыздықты алға тартып, өтініштерін білдірді.
Тұрғын үй мәселесі бойынша барлығына тиісті жауап берілді. Кейбірінің кезегін нақты анықтап, «Отбасы банкінің» ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспанаға қолжеткізуі түсіндірілді. Яғни, аталмыш банктің ресми хабарламасына сүйеніп, ағымдағы жылы желтоқсан айының ортасынан бастап өтінім беруі қайта жалғасуы мүмкін екендігі айтылды.
Ал азаматтардың жұмыссыздығына келер болсақ, оларға алдағы уақытта Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығы және жергілікті әкімдіктің тарапынан лайықты қызмет ұсынылады. Аудан басшысы аталмыш мекеменің өкілдеріне тиісті тапсырма жүктеп, назардан тыс қалдырмауды тапсырды.
Өздерінің ұсыныстар мен өтініштерін айту үшін аудан әкімінің қабылдауына Қаскелең қаласының Аймауытов көшесінде тұратын зейнеткерлер де келді. Ата-әжелеріміз үйлерінің айналысындағы көшенің жағдайын, интернет желісінің жоқтығын жеткізіп, әлеуметтік дүкен мен дәріхана ашу жөнінде ойларын ортаға салды. Айтуларынша, еліміздің басқа өңірінде зейнеткерлер үшін азық-түлік пен дәріхана алуға жеңілдік қарастырылған. Осындай қолдау ауданда да көрсетілуін сұрады.
Қариялардың мұндай ойы аудан әкімін де қызықтырды. Осылайша Жасұлан Тоққожаұлы бұл ұсынысты еліміздің мегаполистеріндегі аталған әлеуметтік нысандардың жұмыс істеу механизмін зерделеумен шешілетінін айтып, бір шешімі қарастыралытынын түсіндірді.
Қабылдау барысында халықтың жолға, жерге, жарыққа қатысты көтерілген мәселелері заң шеңберінде шешілетіні айтылды. Аудан әкімінің тарапынан осы аталған саланың басшыларына және округ әкімдеріне тиісті тапсырма беріліп, міндетті түрде қадағалануы жүктелді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.