Қаскелеңдегі «Қарлығаш» деп аталатын көп қабатты тұрғын күй кешенінің халқы коммуналдық қызметке қатысты әлі де базынасын айтудан жалыққан емес. Пәтер иелері ыстық судың жоқтығынан бөлек сервистік қызмет көрсетуші компанияның жұмысына да шағымдарын жиі айтуда. Шыдамы таусылған тұрғындар бүгінгі таңда аудандық әкімдіктен көмек сұрайды.
Халықты алаңдатқан мәселенің мән-жайын ескере келе, біз де өз тарапымыздан әкімдіктегі коммуналдық қызметке жауапты бөлімге арнайы жолығып, анық ақпаратын білуге тырыстық.
Айта кету керек, «Қарлығаштың» дабыл қаққан тұрғындары осы уақытқа дейін талай рет әкімдікке арыз-шағымдарын жеткізген. Жауапты басшылар елді елең еткізген жағдайдан хабардар. Бұл жөнінде бізбен тілдескен Қарасай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Бекзат Кәрімов айтты.
Әкімдіктің өкіліне қойған алғашқы сұрағымыз пәтер иелері шағымданатын ыстық судың жиі өшуіне байланысты болды. Оның айтуынша, ыстық судың жоқтығы тек бірнеше үйде ғана байқалуда. Өйткені жылу алмастырғыштарда қақ жиналып, құбырлар уақыт өткен сайын бітелуде. Ал одан сыздықтап аққан су қажетті мөлшерде пәтер иелеріне жетпей жатыр.
Аталған мәселені шешудің амалы бар екені анық. Оның жолдарын коммуналдық қызметке жауапты маман нақты жауап беріп, алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
– Ыстық судың мәселесін шешу үшін қазіргі уақытта біздің бөлімнің тарапынан мердігер мекемелермен және инженерлермен келіссөздер жүргізілуде. Нақты айтқанда, қазандық арқылы тұрғын үйлерге жіберілетін құбырларға үш сатыдан немесе күрделі тазартудан тұратын арнайы сүзгіш жабдықтарын орнату жоспарда бар. Егер осы жұмыстар нәтижесін бермесе, онда су ұңғымасын қазуды да ойластырып отырмыз, – деп түсіндірді Қарасай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Бекзат Жұмағалиұлы.
Бүгінгі таңда тұрғын үй халқының талқысында жүрген тағы бір мәселе – пәтер иелері кооперативінің жұмысы (ПИК). Тұрғындардың көбі сервистік қызмет көрсетуші компанияның басқа болғанын қалайды. Коммуналдық қызметке жауапты Бекзат Кәрімовтің сөзіне сүйенсек, пәтер иелерінің талабы ескеріліп, қазіргі таңда әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Тұрғындардың ПИК-ке қатысты шағымдары біздің назарымызда. Қазіргі уақытта әкімдік тарапынан «Қарасай тұрғын үй құрылыс» компаниясы мердігер мекеме ретінде ұсынылуда. Оларға әкімдік тарапынан тиісті талаптар қойылды. Мәселен, тариф бағасы бұрынғыдай қалу керек немесе қымбаттамау тиіс дегендей. Осыған байланысты қазіргі кезде аталмыш мекемеден коммерциялық ұсынысты күтіп отырмыз және ол тұрғындарға таныстырылады. Дегенмен таңдау құқығы халықтың өзінде екенін айтқым келеді. Яғни, бұл компанияны тұрғындар таңдайды ма, әлде оған қарсы ма, оны өздері өзара келісіп шешеді. Одан бөлек мүлік иелерінің бірлістігін (МИБ) құруға да толық құқығы бар. Оның барлығы қағаз жүзінде анықталатын сауалнаманың нәтижесіне байланысты, – дейді әкімдіктің өкілі Б.Кәрімов.
Ал жарық мәселесіне тоқталар болсақ, оның да оңды шешімі табылып жатқанын естідік. Тұрғын үй кешеннің қалануына «Еламан» ЖШС-і жауапты болғандықтан, осы уақытқа дейін мұндағы трансформатор аталмыш компанияның теңгерімінде болып келген. Пәтер иелерінің ендігі талабы – оны Қарасай аудандық электр жүйесіне қосу. Яғни, «Алатау Жарық Компаниясы» қызмет көрсетуін қалайды. Бекзат Жұмағалиұлының сөзіне сенсек, халықтың жарыққа қатысты бұл өтініші ескеріліп, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Бүгінгі таңда аудан әкімінің өкімімен тұрғын үй кешеніндегі жекеменшік трансформатор «Таусамалы» мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне өткізілді. Алдағы уақытта «АлматыЭнергоСбыт», «Алатау Жарық Компаниясы», сондай-ақ Қарасай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан үшжақты келесім жасалады. Қазіргі уақытта аудандық әкімдік өз жағынан тиісті жұмыстарды атқарды. Алдағы уақытта трансформаторды «Алатау Жарық Компаниясына» өткізуді жоспарлап отырмыз, – деп түсіндірді коммуналдық қызметке жауапты әкімдіктің маманы.
Аудандық әкімдіктің тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды ескерсек, «Қарлығаш» тұрғындарының мәселесі рет-ретімен шешілуге жақын. Ең бастысы, ел тілегі ескеріліп, халықтың жағдайы жақсарса игі еді.