Өткен аптаның жұма күні аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының ұйымдастыруымен тұрғындардың денсаулығын сақтау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Жиынға тиісті бөлім басшылары және қала ауылдық округтердің әкімдері қатысты. Басқосуды аталған басқарманың басшысы Нұрлан Олжабаев жүргізіп, отырыстың күн тәртібімен таныстырды. Оның барысында біраз уақыттан бері қордаланған мәселелер көтеріліп, шешу жолдары қарастырылды. Атап айтқанда, бірінші мәселе бірқатар ауылдық округтердегі ауыз су мәселесі жайында болды. Аудандағы 47 елді мекенде 270407 халық бар, оның ішінде 46 елді мекендегі 270374 немесе 99,9% халық орталықтандырылған су құбырымен қамтамасыз етілсе, тек бір елді мекен – Көктөбе ауылының халқы орталықтандырылмаған су жүйесін қолданады. Бүгінгі күні орталықтандырылған су жүйелерінің санитарлық -техникалық жағдайы, өкінішке орай, өз шешімін таппауда. Тіпті, кейбір елді мекендерде су ұңғымалары орналасқан аймақ мүлдем қоршалмаған. Бұл да су сапасының деңгейіне зиян келтіретіні сөзсіз. Көтерілген мәселелердің біріншісі бойынша түйткілді сауалға «ВeyAzh Тrans» ЖШС-і директорының орынбасары Арлан Амантайұлы жауап берді. Оның айтуынша, су ұңғымасы аумағына әлі де мемлекеттік акт ала алмай жүргендіктен, қоршау орната алмауда. Ал, су желілері бойынша ауыстыруды қажет ететін құбырларды есепке алу бойынша жүйелі жұмыс жасалуда деп жауабын бірден берді. Ал, келесі өзекті мәселе ауылдық дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттері жөнінде болды. Ауылдардағы халық денсаулығына жауапты орталықтарда шешімін таппаған өзекті мәселе де суға қатысты екен. Орталық ауруханаға қарайтын аталған мекемелерге қатысты мәселені бас дәрігері Ербол Сәрсенбаев басты назарында ұстап, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе шешетінін айтты. Үшіншісі аудандағы жол- көлік апаттарының алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруға арналды. Бұл жайындағы аудандағы жол-көлік апаттары бойынша ақпаратты аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция бөлімінің рота командирі Бағдат Жұмабаев баяндады. Полиция қызметкерінің берген мәліметіне сүйенсек, ауданның ішіндегі аймақтарда 2018 жылға қарағанда биыл жол көлік апаты азайса, ал, республикалық маңызы бар тас жолдарда керісінше көбейіпті. Оған себеп, жол жиегіндегі жарық бағандарының аздығы. Жиын барысында көтерілген мәселелер облыстық жауапты мекемелерге жолданып, ал, аудан деңгейіндегі мәселелер шешілетін болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.