Бүгінде Райымбек ауданында тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында жүйелі жұмыстар ақтарылуда. Соңғы деректер бойынша ауданда 500-ден астам адам баспана кезегінде тұр. Тұрғын үймен байланысты туындаған мәселені шешу үшін ауданда 20 жалдамалы үйдің құрылысы басталып, аяқталуға жақын қалды.
Сондай-ақ Сарыбастау ауылында тағы екі коммуналдық үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса жоспарға сай, алдағы уақытта 30 несиелік және он 4 пәтерлі үйдің құрылысы басталады. Жалпы айтқанда бір жыл ішінде 70 жайлы үй салу жоспарлануда.
Қай облыс қай аудан болмасын аз қамтылған отбасыларға көбірек көңіл бөлінеді. Тұрғын үй мәселесіне келгенде де солай. Осы ретте облыс әкімінің қолдауымен аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тоғыз ауылдық округтен шамамен 77 миллион теңгеге үй сатып алынды.
Мұнан бөлек тұрғындарды үймен қамтамасыз етумен қатар жергілікті атқарушы билік сумен жабдықтау нысандарының салынуына да көңіл бөліп отыр. Өйткені қазіргі уақыта бар және әлі де салынатын тұрғын үйлерді толықтай ауыз суы бар орталық су құбырларымен қамтамасыз ету керек.
Бүгінде аудандағы 20 елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған сумен қамтылған. Ал Қарасаз, Шалкөде, Тегістік, Көкбел ауылдарының су желілерін қайта жаңғырту және қалпына келтіру үшін бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Бұл жерде бір айта кетерлігі, Қарасаз ауылындағы жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер компания «Дәнекер» ЖШС оны дұрыс жүргізбеген. Бұл бойынша іс сотқа жіберіліп, оның нәтижесі бойынша мердігер компания 190 миллион теңгеге жуық сомаға су құбырын қалпына келтіруді аяқтауды міндеттелді. Ал 26 млн теңге бөлінген Шалкөде ауылында тендерді жеңіп алған «Газстройпроект» ЖШС компаниясы су құбырларын қалпына келтіруде.
Сонымен қатар, Тұзкөл ауылында су құбырын жаңғырту және салу жұмыстары басталса, Қаратоған ауылының ауыз су жүйесін жөндеу жұмыстары қаржыландырылуда. Оның құрылысын бастауға қазіргі уақытта жобаланған 395 миллион теңгенің 50 миллион теңгесі бөлінген.
Ауданда жыл сайын өзге мәселелермен қатар жол мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жыл басынан бері 24 шақырым жолға орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Шалкөде, Жаңа Текес, Көмірші, Қостөбе ауылдарында жөндеу жұмыстар жасала бастады. 19 миллион теңгеден астам сомаға Қайнар, Текес, Қарасаз ауылдарында тротуарларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Тегістік, Сүмбе, Қызылшеқара ауылдарының көшелерін жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Райымбек ауданы.