Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов аудан басшысы болып тағайындалғаннан кейін өз бақылауына алған нысандардың бірі – Қаскелеңдегі «Алтын ауыл» тұрғын үй кешені. 2022 жылдың қыркүйек айында аудан әкімі аталған тұрғын үй кешенінің халқымен кездесіп, тұрғындарды алаңдақтан лифттің жұмыс істемеуіне және басқа да шешілмей жатқан мәселелерге куә болып қайтты. Содан кейін Жасұлан Тоққожаұлының тікелей тапсырмасымен аудан әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып келеді.
Жақында аудан басшысы Жасұлан Естенов аталған тұрғын үй кешеніндегі мәселенің шешіліп жатқанына көз жеткізу үшін «Алтын ауылға» тағы барды. Орнатылып жатқан лифттің жұмыс істеу механизмін көріп, қызмет көрсетуші компанияның өкілімен кездесті.
Аудан әкімінің жеке парақшасындағы мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда «Алтын Ауылдағы» 10 және 21 үйлерде лифттер қосылғалы жатыр.
«Аудан әкімдігі өз тарапынан жаңғырту аясында лифттерді сатып алды. Оны орнатумен «Алматылифт» ЖШС компаниясы айналысады. Қазіргі уақытта 10 және 21 үйлерде үш лифт қосылғалы жатыр. Сондай-ақ сервистік компания «Beyazh Trans» ЖШС, МИБ және «Алматылифт» ЖШС арасында бірқатар келісу рәсімдері жүргізілгеннен кейін тағы үшеуінде, яғни 4, 7 және 9 үйлерде лифт орнату жұмыстары басталады», – деп жазды аудан әкімі Жасұлан Естенов өз парақшасында.
Өз тілшіміз.