Сот жүйесінің жұмысы халық үшін қашанда маңызды. Алайда, құзіретті органдардың қандай да бір іске қатысты шешім шығаруы ұзақ уақытқа дейін созылатыны да анық. Осы бір істі жеңілдету мақсатында елімізде «Түнгі сот» пилоттық жобасы қолға алынуда. Оның түсіндірме жұмыстары жақында ауданымызда да іске асырылды. Алматы облысы, Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төраға міндетін атқарушы Дәурен Төреқұловтың жетекшілігімен өткен жиынға Іле, Жамбыл, Қарасай аудандарының ІІБ басшылары мен судьялар да қатысты. Дөңгелек үстел барысында «Түнгі сот» пилоттық жобасының атқаратын қызметі мен міндеті сөз етілді. Оның мақсаты – әкімшілік құқықбұзушылықтарды екі жақтың келісімімен кешкі уақытта да шешу болып табылады. Яғни, бұрынғыдай ұзақ уақыт сот табалдырығын тоздырмай, қысқа мерзімде сот қаулысын 3 тәулік ішінде біле аласыз. Ал, түнгі сот 18:00 – 22:00 уақыт аралығында жұмыс істейді.
«Түнгі сот» пилоттық жобасы еліміздің Жоғарғы сот судьясы Ұлбосын Сүлейменованың ықпалымен сот жүйесіне енгізілген. Мұндай тиімді соттың түптамыры негізінен Сингапур елінен бастау алып, бірнеше дамыған мемлекеттерде кеңінен қолданыла бастаған. Ал, бұл игі бастама біздің елде ағымдағы жылдың сәуір айынан бері іске асырылып келеді. Алғашында Астана, Алматы, Өскемен, Ақтөбе сияқты үлкен қалаларда, кейіннен барлық жергілікті әкімшілік соттарда толықтай жүйеге енді. Түнгі соттың көбінесе отбасылық-тұрмыстық жағдайдағы әкімшілік құқықбұзушылақтарға, ұсақ, ірі ұры-қары бұзақылықтарға, материалдық шығын келтіретіндер және тағы басқа заң бұзушылық істерге көп көмегі тиеді. Өйткені, бұл аталғандар қазіргі қоғамда жиі кездесетін заңға қайшы әркеттердің бірі болып табылады. Сондай-ақ, бұл аталмыш жоба, әсіресе, көлік қақтығыстарының салдарынан болатын заң бұзушылықтарды шешуге көп ықпалын тигізері сөзсіз. Мәселен, жол-көлік оқиғалары орын алған жағдайда, арнайы сауалнама толтырылып, түнгі соттың құзыры арқылы жылдам шешім шығарылады. Әрі үш ай күтетін сақтандыру компаниясының төлемін 15 күн ішінде санап алуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, бұл жобаның іске асырылуы кезінде мына шарттар ескеріледі: біріншіден, құқық бұзушы тарап өз кінәсін мойындау керек, екіншіден, түнгі соттың қарауына келісімін беруге тиіс. Сонда ғана әкімшілік құқық бұзушылықтар кешкі сотта қарала алады.
«Түнгі сот» пилоттық жобасы өз жұмысын бастағалы төрт айдың көлемінде 1600 істің шешімін шығарып, нүкте қойып үлгерген. Бұл дегеніміз құзырлы органдардың қарқынды жұмысының нәтижесі деп білеміз. Ал, түнгі сот жүйесі кез келген әкімшілік сотында қаралатын болғандықтан, сол жерде жоғарыда айтқан кешкі уақыт арасында кезекші судья, хатшы сияқты жауапты адамдар болады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.