Тұмау – жоғарғы және төменгі тыныс алу жолдарын зақымдайтын жіті вирустық ауру, ол айқын интоксикациямен бірге жүреді және ауыр асқынулар мен өлімге әкелуі мүмкін. Суық түсісімен тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияның тарау қаупі зор. Сондықтан да бұл індеттің алдын алу мақсатында еліміздің барлық емханаларында тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары атқарылуда.
Қазіргі кезде тұмау және ЖРВИ ауруының алдын алудың мақсатында еліміздің барлық аймақтарында тұмауға қарсы екпе салдыру науқаны жүргізілуде. Осы ретте осы аптаның алғашқы күні аудандық орталық ауруханада «Тұмауға қарсы егілейік!» атты акцияның ашылуы өтті. Қарасай аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен аудандық аурухана басшылары және қызметкерлері ұйымдастырған рәсімнің лентасын ауданның бас дәрігері Мәулен Малғаждаров пен бас санитарлық дәрігері Нұрлан Олжабаев қиды. Сондай-ақ, тұрғындарға вакцинаның қауіпсіз екенін көрсету мақсатында ең алғаш болып, екпені өздері қабылдады. Алдымен екпе салмастан бұрын адамның дене қызуы мен қан қысымы өлшенеді. Қыркүйек айының 15-інен басталған бұл науқан қараша айының 15-іне дейін жалғасатын болады. Биыл аудандық ауруханаға 22293 дозалы тұмауға қарсы вакцина келіп түскен. Екпе алдыңғы кезекте тәуелкел санатындағы топтарға жататын тұрғындарға тегін салынатын болады. Нақтырақ айтқанда, жабық мекемелерден, жұқпалы аурулар ауруханасы, жетімдер мен балалар үйі, вирусологиялық зертханалардан басталады. Сондай-ақ, аурухана қызметкерлері, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдер, жүрек-қантамырлық жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары барлар вакциналаудан өтуге тиіс.
Бұрым ОРЫНБАСАР.