Қарасай аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Айгүл Сатыбекова пен орталық аурухананың бас дәрігері Мәулен Малғаждаров тұмауға қарсы вакцинаны бірінші болып салдырып, ауданымыздағы екпе егу науқанын бастады.
Тұмау – жоғарғы және төменгі тыныс алу жолдарын зақымдайтын жіті вирустық ауру, ол айқын интоксикациямен бірге жүреді және ауыр асқынулар мен өлімге әкелуі мүмкін. Суық түсісімен тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияның тарау қаупі зор. Сондықтан да бұл індеттің алдын алу мақсатында еліміздің барлық емханаларында тұмауға қарсы екпе жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте кеше аудандық орталық ауруханада «Тұмауға қарсы егілейік!» атты акцияның ашылуы өтті.
Қарасай аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен мен аудандық аурухана басшылары және қызметкерлерінін атсалысуымен ұйымдастырылған рәсімнің лентасын аталмыш мекемелердің басшылары Айгүл Мадиярқызы мен Мәулен Сансызбайұлы қиды. Жылда дәстүрге айналған шара барысында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық материалдар таратылды, сондай-ақ, вакцинация кабинетінде тұмауға қарсы екпе жасалды.
Тұмауға қарсы вакцинация жергілікті мекенжайы бойынша тіркелген алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жүргізіледі. Мемлекеттік бюджет есебінен вакцинация алты айдан асқан жиі ауыратын балаларға, медициналық қызметкерлерге, жүкті әйелдерге (2-3 триместр), жабық мекемелердегі адамдарға (балалар үйі, үй, интернат), мүмкіндігі шектеулі жандар мен созылмалы аурулары бар балаларға, 60 жастан асқан қарт адамдарға, эпидемиологиялық көрсеткіштері бар адамдарға салынады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.