Тұмау – жоғарғы және төменгі тыныс алу жолдарын зақымдайтын жіті вирустық ауру, ол айқын интоксикациямен бірге жүреді және ауыр асқынулар мен өлімге әкелуі мүмкін. Суық түсісімен тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияның тарау қаупі зор. Сондықтан да бұл індеттің алдын алу мақсатында еліміздің барлық емханаларында тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары жүргізілуде.
Осы ретте аптаның сәрсенбі күні аудандық орталық ауруханада «Тұмауға қарсы егілейік!» атты акцияның ашылу өтті. Акцияның мақсаты – маусымдық кезеңде аудан тұрғындары арасында тұмау және жіті респираторлы вирусты инфекцияларды асқынуларын болдырмау үшін екпе жасатудың маңызын түсіндіру. Қарасай аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен аудандық аурухана басшылары және қызметкерлерінін атсалысуымен ұйымдастырылған рәсімнің лентасын аталмыш мекемелердің басшылары Нұрлан Олжабаев пен Ербол Сарсенбаев қиды.
Жылда дәстүрге айналған шара барысында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық материалдар таратылды, сондай-ақ, вакцинация кабинетінде тұмауға қарсы «Гриппол плюс» екпесі жасалды. Сондай-ақ, акцияда Қарасай аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Олжабаев (суретте) пен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Ербол Сарсенбаев, ауданымыздағы екпе егу науқанын бастау мақсатында тұмауға қарсы вакцинаны бірінші болып салдырды.
Аталмыш «Гриппол плюс» вакцинасының құрамында алдағы эпидемия маусымында жұғуы мүмкін А және В типті тұмау вирустарының инактивацияланған антигені бар. Тұрғындарға жаппай вакцина егу шарасы аса қатерлі топқа жатқызылатын жабық мекемелерден, дәлірек айтсақ, жұқпалы аурулар ауруханасы, жетімдер мен балалар үйі, вирусологиялық зертханалардан басталады. Сондай-ақ, аурухана қызметкерлері, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдер, жүрек-қантамырлық жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары барлар вакциналаудан өтуге тиіс. Қазан айынан басталаған бұл науқан желтоқсан айының біріне дейін жалғасатын болады.
Тағы бір айта кететіні, акция шеңберінде аталмыш мекемелер әлеуметтік желілерде бейнежазба арқылы басқа мекемелерге «Тұмауға қарсы егілу» эстафетасын жолдады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.