Осыдан 32 жыл бұрын қараша айының 12-сі күні Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» Жарлыққа қол қойған еді. Ал үш күннен кейін мемлекетіміздің төл валютасы – теңге айналымға енгізіліп, жалғыз заңды төлем құралы болды.
Тәуелсіздігін алып, енді көтеріле бастаған ел үшін маңызды бастама іске асқан күн Ұлттық валюта күні деп бекітілді. Сол уақыттан бастап жыл сайын валюта күні 15 қарашада аталып өтілуде.
Атаулы мерекеге байланысты біз бүгін тарихқа біраз шегініс жасап, оның қалай пайда болғанын, 32 жылдың ішінде орын алған жаһандық қаржылық дағдарыстарға төтеп беріп, даму жолын еске түсіретін боламыз.
Қазақстан валютасының тарихы
Жалпы ұлттық валюта идеясы оның нақты енгізілуінен екі жыл бұрын пайда болды. Өйткені еліміз тәуелсіздік алғанымен, халыққа жалақы, зейнетақы және жәрдемақы секілді төлемдерді жасау үшін Ресей мемлекетінен қағаз ақшаны сатып алуға мәжбүр болды. Тіпті, 1932 жылдың бірінші жартысына дейін Ресейдің орталық банкі рубльді тегін бергенімен, бюджеттер бөлінгеннен кейін рубль үшін төлеу қажеттілігі пайда болды, ал ол кездері Қазақстанның бюджетінде қаражат жетіспеушілігі болған еді.
Осыған байланысты 1992 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Дәулет Сембаевтың басшылығымен жұмыс тобын және теңге купюраларының дизайнын әзірлеу бойынша арнайы дизайнерлер тобын құрды. Оған сәулетші және график суретші Хайрулла Ғабжалилов, график суретшілер және кәсіби баспагерлер Алин Мендыбай мен Агимсал Дүзелханов кірді. Аталған құрам бір жыл бойы құпия жұмыс істеді. Дизайнерлер алғашқы эскиздерін қолмен, қарындаш, акварель және темпераны пайдаланып, көпшілік көзінен оқшауланып, Министрлер Кеңесінің жеке саяжайында жасады.
Олардың біреуі бойынша қазақстандық рубльдің 3 банкнотасын (номиналы 5000, 10 000 және 50 000) енгізу және осы банкноттарды Ресейде басып шығару ұсынылды. Екінші нұсқада Ресейдегі ең жоғары үш номиналы бар банкноттар жасап, жағдай тұрақталғанға дейін аралық ұлттық валютаны 1-2 жылға енгізіп, содан кейін нақты ұлттық валютаны енгізу туралы айтылды. Үшінші нұсқада ұлттық валютаны рубльмен қатар енгізуді қарастырылса, төртінші нұсқада ұлттық валютаны тікелей енгізу ұсынылды. Ұзақ талқылаулардан кейін жұмыс тобы соңғы нұсқаға бірауыздан дауыс берді. Ұлттық валюта үшін «теңге» атауы таңдалды, ол орта ғасырлық түркі ұсақ күміс «денге» немесе «таньга» монеталарынан шыққан. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды.
Теңге өндірісі 1992 жылдың қарашасында басталды. Қазақстанда өзінің Банкнот фабрикасы болмағандықтан және бұрын барлық ақша Мәскеуден әкелінгендіктен, ақшаны «Harrison and Sons» және «De la Rue» ағылшын фабрикаларында басып шығару туралы шешім қабылданды. Валютаның барлық көлемін басып шығару құны 7 миллион АҚШ долларын құрады. Ел валютаны Англиядағы «Harrison & Sons» шағын фирмасынан тапсырыс берді. Тұтас елдің валютасын жасаудағы жұмысы үшін Харрисон кейінірек II Елизавета патшайымнан марапат алды. 1993 жылдың жазының басында шығарылған банкноттар Қазақстанға құпия түрде жеткізілді. Жеткізу аяқталғаннан кейін, Президенттің Жарлығына сәйкес ұлттық валюта 15 қарашада айналымға енді.
Қағаз ақша қолданысқа енгізілген соң бірнеше айдан кейін теңгелер шығарыла бастады. 1994 жылдың басында теңгелік монеталар 1, 3, 5, 10 және 20 теңгелік номиналдарда, сондай-ақ қағаз тиындардың орнына 2, 5, 10, 20 және 50 тиындық монеталар шығарылды. Дегенмен, теңгелік монеталардың салыстырмалы түрде үлкен өлшемі және кейбір монеталардың номиналының кіші болуы төлемдер мен сақтауда қиындықтар туғызды. Сондықтан 1997 жылы бұрынғы ұсақ номиналдағы монеталар мен банкноттарды ауыстыруға арналған теңгелік монеталардың жаңа сериясы (1-ден 50 теңгеге дейін) бекітілді. Кейінірек 2 және 100 теңгелік монеталар енгізілді. Соңғы 200 теңгелік монета 2020 жылы
шығарылды.
Банкноттың дизайні
Теңгелік банкноттардың алғашқы буыны «Портреттер сериясы» деп аталды. Серияның тұжырымдамасы алдыңғы жағында тарихи тұлғаларды, ал артқы жағында олардың айналасындағылардың бөлшектерін бейнелеу болды. Мысалы, 1 теңгелік банкнотта философ және ғалым әл-Фарабидің портреті, ал артқы жағында оның геометриялық дизайны мен формулалары бейнеленген. 3 теңгелік банкнотта халық ақыны Сүйінбай Аронұлының портреті, ал артқы жағында Іле Алатауының таулары болды. Ең жоғары номиналдағы 100 теңгелік банкнотта бүкіл қазақ ордасының ханы Абылай ханның портреті және Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бейнеленген.
Ұлттық валютаның екінші легі Қазақстанда басылып шықты. Жаңа серия «Әл-фараби» деп аталды. Шығыс ойшылының бейнесі 200-10000 теңгеге дейінгі банкноттарға басылды. Бұл ақша айналымда көп болған жоқ. Адам бейнесі салынған банкноталар тез жыртылып, мыжылатындықтан суретшілер портреттік суреттерден бас тарта бастады.
Үшінші буын 2006 жылы Бәйтерек бейнесімен жарық көрді. Бұл жолы дизайнерлер ақша бетінде тек Қазақстанның тарихын ғана емес, сәулеті мен табиғатын да сыйғызуға тырысты. Банкнотта ашық алақан, Каспий теңізі және үстіндегі шағалалар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранының ноталары және Үлкен Алматы көлі бейнеленді.
2011 жылдан бастап қазақстандықтардың қолында жаңа валюта айналымға шыға бастады. «Самұрық» сериясындағы номиналы 500, 1 000, 2 000, 5 000, 10 000 және ең үлкен банкнот 20 000 теңге пайда болды. Бір жақ бетінде «Қазақ Елі» монументі мен ұшып бара жатқан кептерлер жарияланды. Екінші жақ бетіне суретшілер Алматы қаласының, Ертіс өзенінің,Үстірт жазығының панорамасын бейнеленді. 2016 жылдың наурыз айында High Security Printing Europe конференциясында банкнот 2015 жылдың ең үздік аймақтық банкноты деп аталды.
Ал Ұлттық валютаның 30 жылдығын атап өту үшін Ұлттық банк 2023 жылдың 15 қарашасында 10 000 теңгелік ескерткіш банкнот шығарды.
Банкнот өндірісі
Қазақстан теңгеcінің банкноттары (және монеталары) ел ішінде өндіріледі. 1994 жылдың басында Қазақстанда жаңадан банкнот фабрикасын салу туралы келісімшарт жасалды. Уақыт тығыздығына байланысты жобалау мен құрылыс қатар жүрді. Ал технологиялық жабдықтарды монтаждау жөндеу жұмыстары кезінде басталды. 1995 жылы 19 мамырда Банкнота фабрикасы ресми түрде ашылды. Сол жылы 83 миллионнан астам банкнот шығарылды. Одан кейінгі жылы 104 миллионнан астам банкнот шығарылып, Банкнот фабрикасының өндірістік қуаты жобалаған межеге жақындады. 1997 жылы Банкнот фабрикасында негізгі өнімдермен қатар Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорты мен жеке куәлігі де шығарыла бастады.
Аталған фабриканың 2022 жылғы өнім сатудан түскен кірісі алдыңғы жылдағы 22,6 миллиард теңгеден 18,8 миллиард теңгеге дейін төмендеді. Таза пайда 1,6 миллиард теңгеден 1,8 миллиард теңгеге дейін өсті. Банкнот сатудан түскен кіріс 10,1 миллиард теңгеден 13,3 миллиард теңгеге дейін өсті. Активтердегі қолма-қол ақша 6,9 миллиард теңгені құрады. Бүгінгі таңда Банкнот фабрикасы Ұлттық банктің мәліметтері бойынша барлық халықаралық сапа және технология стандарттарына сәйкес келетін өзінің баспа зауытында банкнот өндірісін толығымен іске қосты.
Қазақстан теңгесі әлемдегі ең қауіпсіз валюталардың бірі болып саналады. Мысалы, 20 000 теңгелік банкнотта 25 қорғаныс элементі бар. Банкноттардың қорғаныс элементтері әртүрлі: номиналы төмендеген сайын қорғаныс элементтері де өзгереді. Қазақстан банкноттары «ерекше дизайны мен эксклюзивті қорғаныс элементтері» үшін бірнеше рет әлемдегі ең үздік деп танылды. Ұлттық банк, тіпті, екі қорғаныс элементін патенттеді, олар кейінірек доллар, еуро және басқа да валюталарды басып шығаруда қолданылды. Біреуі – SPARK деп аталатын түсін өзгертетін сия, оны көптеген 1000-нан 20 000 теңгеге дейінгі қазақстандық банкноттарда кездестіруге болады.
Темір теңгелердің де қорғанысы жоғары деңгейде. Оны жасау кезінде екі қорытпаны, иілген бетті, күрделі пішінді, микромәтінді, кемпірқосақ кескінін, голограмманы, жасырын кескін қолданылған. Теңгелердің көлемі, салмағы, сыртқы түрі де ерекше.
Цифрлық теңге
30 жылдан астам өткеннен сыр шертетін теңгеміз Қазақстанның қазіргі тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Әртүрлі қиындықтарға қарамастан, ұлттық валюта жыл сайын жетілдіріліп, дамып келеді. 2022 жылы цифрлық теңге тұжырымдамасы бекітілді. Цифрлық теңге «үшінші ақша түріне» айналады және қолданыстағы қолма-қол ақша мен қолма-қол ақшасыз валюталарды толықтырады деп болжануда.
Жаңа ұлттық валюта 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізілуде. Технологиялық сынақтар 2021 жылы, ал нақты пайдаланушылармен сынақтан өткізу 2023 жылы басталды, бұл Қазақстанның әлемдік үрдістерге ілесуге дайын екенін көрсетеді.
2023 жылы Ұлттық банк цифрлық валютаны нақты тұтынушылармен сынақтан өткізуге, оны дәстүрлі төлем жүйелерімен біріктіруге және цифрлық ақшаны пайдалана отырып, трансшекаралық төлемдердің орындылуын зерттеуге уәде берді. Осыған сәйкес сол жылдың соңында «Цифрлық теңге» жобасын әзірлеу үшін Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығында (ҚБЕО) Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК) құрылды.
Цифрлық теңгенің толық енгізілуі ағымдағы жылдың соңында күтілуде. Ұлттық банк қолдайтын бұл жоба қаржыландыруға қолжетімділікті жақсартуға, жаңа төлем нұсқаларын жасауға және трансшекаралық төлемдерді жеңілдетуге бағытталған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
