Наурызнаманың онкүндігі аясында 19 наурыз – «Жаңару» күнінде Қаскелең қаласындағы Абай атындағы мектеп-гимназияның құрылғанына 85 жыл толуына орай, «Тұлғалар жолын жалғаған ұлы көш: кеше, бүгін, болашақ» тақырыбындағы облыстық көшбасшылар алаңы өтті. Ұрпақтар сабақтастығын көрсету және мектеп қабырғасы қаланған сәттен бастап қазіргі кезге дейін іргесін көтеріп келе жатқан көшбасшылардың басын қосып, аманаттарын табыстау осы кештің басты мақсаты екенін айта кету керек.
Білім ордасы – 1937 жылы өз дәуірінде алғаш ашылған қазақ мектебі. Бұл мекемеде 1979-1999 жылдар аралығында директорлық қызметті Мария Хамзақызы атқарған. Бүгінде ол – еңбек ардагері, халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қарасай ауданының Құрметті азаматы. Ал білім ордасының келесі тізгінін 1999 жылы Нағима Сағатқызы алған болса, одан кейін Баян Әбдікәрімқызы, Тұрсын Әділбекқызы сынды басшылар қызмет атқарып, мекеменің дамуына, балалардың жетік білім алуына зор үлес қосқан. Қазіргі таңда мектеп директоры – Айгүл Сатанқызы.
Мектептің 85 жылдығына орай ұйымдас-тырылған көшбасшылар алаңы үш кезеңді қамтыды. Алғашқысында «Тұлғалар жолын жалғаған ұлы көш – кеше, бүгін, болашақ» тақырыбы аясында білім ордасын басқарған және аталған білім шаңырағына зор еңбек сіңірген ұлағатты ұстаздар мен мектеп директорлары кездесіп, өз ойларымен, тәжірибелерімен бөлісті.
Шара барысында мектептің тұңғыш директоры Мәрия Хамзақызына алғашқы сөз кезегі берілді. Ардагер-ұстаздың сөзіне сүйенсек, сол жылдары қазақша мектеп ашу оңай болмаған, бірақ барынша күш-жігерлерін салып, 350-370 балаға арналған мектеп ашқан. «Ұжымға және балаларға көп рахмет. Осы перзенттерге барымызды беру – біздің парызымыз», – деді ардагер-ұстаз.
Ал ұлағатты ұстаз Ақлия Бекбаева қызмет атқарған уақытында жаяу шеру жасап, халықты таңғалдырғанын айтты. Абайдың топырағын Жамбылға, Жамбылдың топырағын Абайдың музейіне қойып, ұстаздық парызын өтеген.
Мектептің тарихына қатысты 1999 жылы мекемені басқарған Нағима Сағатқызы да ойымен бөлісті. Ол кісі басшылық еткен уақытта ҰБТ алғаш пайда болып, оқушылары бұл сынақты еңсерген. Оның айтуынша, жалғыз адам жол таппайды, сондықтан жанында болған ұжымның еңбегі әрқашан маңызды болған. Осы ретте Нағима Сағатқызы басшылық қызмет кезінде өзінің орынбасарлары болған жандарға алғысын жеткізді.
Арада біраз уақыт өткен соң Баян Әбдікәрімқызы мектепке директор болып тағайындалған. Сол кезде оқушылар ғылыми жоба бойынша Грекия, Ұлыбритания елдеріне және Ресей елінің Мәскеу қаласына барып, жүлделі орынға ие болған. Айта кетейік, Баян Әбдікәрімқызы басшылық етіп жүрген сәтте осы мектептің түлегі, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз ұясына келіп, түлектермен кездесу сәтіне куә болған. Сондай-ақ мектептің акт залына сол уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектеп жаңа деңгейге шыққан. Баян Әбдікәрімқызы директор болған кезде мектепке арнап гимн де жазған. Оны шара барысында оқушылар хор етіп орындап, көрермендерді қуанышқа бөледі.
Білім ордасының әрбір басшылығы ауысқан сайын мекеменің алға қарай жылжу дәуірі де одан сайын арта берді. Республика көлемінде үздік 100 мектеп қатарына кіріп, 2021 жылы Абай мектеп-гимназиясы бас жүлдені ұтып алған сәтінде мекеменің тізгіні Тұрсын Әділбекқызында болған еді.
Осы отырыстың әдемі жалғасы ретінде мекеменің ең алғашқы директоры Мәрия Хамзақызы қазіргі мектептің басшысы Айгүл Сатанқызына эстафета жолдап, қаламсапты сыйға тартты. Бұл оқу құралының негізгі символын Айгүл Кемпірбаева былай түсіндірді.
«Бұл киелі қаламды басшымыздан адал жолмен алып, адал жолмен жалғастырамын. Жетісу өңіріндегі тұңғыш қазақ мектебі тарихын ешқашан жоғалтпайды, мен эстафетаны қабылдадым» – деді ол.
Осымен іс-шараның бірінші кезеңі аяқталып, «Тұлғалар жолын жалғаған ұлы көш – кеше, бүгін, болашақ» тақырыбы мектептің жеке бренді екені атап өтілді. Ұйымдастырушылар келген қонақтар мен ұстаздарды және мектеп басшыларын жарты сағаттық сергіту сәтіне жіберді.
Эстафетаның келесі кезеңі бойынша іс-шарадағы көрермендер түрлі-түсті қаламсаптың көмегімен үш топқа бөлінді. Оның мақсаты – «Қуыршақ» театрына, «Green house» жылыжайына және жасанды интеллект кабинеттеріне саяхат жасап, дарынды оқушылардың туындыларын тамашалау.
Айта кетейік, бүгінгі таңда білім ордасында 150 ұстаз қызмет атқарып, 2000 оқушы білім алуда. Оқушылардың жан-жақты дамуы мақсатында «Қуыршақ» театры, «Green house» жылыжайы және жасанды интелект кабинеттері жұмыс істейді.
Көшбасшылар алаңының соңғы кезеңінде мектеп-гимназияның директоры Айгүл Сатанқызы мен оның әдістеме ісі жөніндегі орынбасары Аида Әділбекқызы «Өзгерістер алаңы» жобасымен таныстырды. Одан кейін білім ордасының дарынды оқушыларынан құралған шеру өтіп, эстафета өз мәресіне жетті.
Шұғыла ТЫНЫС.