Елімізде енді қоғамдық орындарда түкіргендер анықталып, жазаға тартылады. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бейнебақылау камераларын іске қосу жағы қарастырылуда. Осылайша тәртіп бұзған елордалықтарды көлік нөмірі бойынша іздеп таппақ.
Ел аузында талқыланып жүрген бұл мәселе біздің ауданда қалай қадағаланбақ? Осы сұраққа Қарасай АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция майоры Арман Талқамбаев жауап берді. Оның айтуынша, қоғамдық орынды ластағандар ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы Кодексінің 434 бабының 2-қосымшасына сәйкес, «Қоғамдық орындарды ластау» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тәртіп бұзушыға 5 АЕК, яғни, 15 900 теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер бұл факт бір жыл ішінде тағы қайталанса, айыппұл екі есеге артады. Демек 10 АЕК-ке тең болады. Ол дегеніміз – 31 800 теңге.
– Құрметті аудан тұрғындары және қонақтар! Егер осындай заң бұзушылықтың куәгері болсаңыздар, менің 8-775-107-77-76 WhatsApp нөміріме хабарласыңыздар. Оларға әкімшілік шара қолданылады, – деп хабардар етті Қарасай АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция майоры А.Талқамбаев.
Түкіруге қатысты жазаның қандай екенін білдік. Алайда мұндай ластаудан бөлек, аудан бойынша қоқыстың орынсыз шашылып жатқанын да байқаймыз. Қарасай АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің ресми ақпаратына сүйенсек, қоқысты қалай болса, солай тастағандарға да жаза қарастырылған. Яғни, керексіз қалдықтарды шығаруды білмейтін тәртіп бұзушылар үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл көзделген.
Соңғы кезде әкімдік қызметкерлері мен тазалыққа қамқор азаматтар әр жерде өздігінен қоқыс тастайтын үйінділерді анықтауда. Осылай айналаны ластайтындар тек ұйымдар ғана емес, пәтерлер мен жер үйлерді жөндейтін адамдардың арасынан байқалады екен. Мәселен, көбінесе «Асыл арман», «Алтын ауыл», «Қарлығаш» және тағы басқа тұрғын үй кешендер мен шағын аудандардағы контейнерлік тұрақтардың айналасында қоқыс үйіндісі пайда болуда.
– Полиция қызметкерлері тәртіп бұзушыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы негізінде «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салады. Бұл 20 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады, – деп ескертуде Қарасай АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі.
Қарасай АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция майоры Арман Жағыпарұлы аудан бойынша бүгінгі таңда 150 бейнебақылау камерасы және оның 70-і Қаскелең қаласы бойынша орнатылғанын айтты. Олар Қарасай аудандық полиция басқармасының кезекші бөлімі арқылы бақыланады.
– Дәл осы бейнебақылау камералары Қаскелеңдегі жол қозғалысы ережесінің бұзылуын, қоғамдық қауіпсіздігін қадағалайды. Барлығын патрульдік полиция ротасының қызметкері қарап отырады. Сондай-ақ заң бұзушылықтарға алаңдаушылық білдіретін адамдардан арнайы веб-сайтқа түрлі фотолар мен видеолар келіп түседі. Осы деректердің көмегімен де кінәлілерді анықтаймыз, – деп мәлімдеді полиция майоры Арман Талқамбаев.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.