Бүгінгі заман – ізденістің, еңбектің заманы. Тиімді жолдарын тауып, халыққа жайлы қызмет көрсететін іспен айналысқанның тасы өріне домалайтын кезең. Біз сөз еткелі отырған Ерсайын Көбенқұлов – сондай азаматтардың бірі. Кеген ауданындағы Талды ауылының бір перзенті. Әскер қатарынан келген соң Алматы қаласында өз жолын, өз кәсібін, өз нәсібін тауып тұрақтап қалған еңбекқор жан. Соңғы жылдардың аумағында туған ауылының маңынан жер алып, мемлекетіміздің «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ірі қара малын өсіруді қолына алған. Шырғанақ ауылдық округіне қарасты «Диірмен сайы» деп аталатын көркем өңірге тұрғын үйін, мал қорасын, керекті дүниелерін тұрғызып алған. Кезінде диірмен үшін жасалған шағын көлдің маңында туризмді дамыту, балық өсіру басты арманы, мақсаты еді. Биылғы жылдан бастап соның жолы ашылды. Бастау, бұлақтары арнасын сала бастады. Соңғы алты айдың көлемінде көлдің маңынан арнайы орынға балық әкеліп өсіріп, тәжірибеден өткізді. Бұл жұмысы сәтімен аяқталды. Енді балық өсірумен дендеп айналысуға бет бұрды. Шын мәнінде, республика аумағынан төрт түлік мал өсіретін, құс пен түйемен де айналысатын адамдар аз кездеспейді. Қанына сіңген қасиет дегендей, қандастарымыздың барлығы дерлік мал өсірумен шұғылданады. Ал, балықпен айналысатын, балық өсіретін адамды қолыңа шам ұстап әрең табатының анық. Құмар ойыны секілді жылдың төрт маусымында балық аулаумен күнін өткізетін ағайын жетіп артылады. Бірақ, біреуінің балық өсіргісі келмейді. Міне, осындай ауыр істі, күрмеуі көп жұмысты Ерсайын ағамыз иығымен көтерді. Ерсайын ағамызға Мәрлен Тұрсынәлі басқаратын балық өсіретін корпорация көмекке келді. Ерсайын Көбенқұлов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы аталған корпорацияның балық мектебінде оқыды. Қолына арнайы сертификатын алды. Балық туралы арнайы кітаптарды ақтарды. Әлеуметтік желі арқылы да басын аз ауыртқан жоқ. Атыңнан айналайын ақ балықты өсіру үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы 3 миллион теңге қайтарымсыз грант алды. Сөйтіп, жұмысы, еңбегі жемісін бере бастады. Арнайы орынға баққан «Форель» атты суық қанды балықтары аман-есен өсіп-жетіліп, жаңа жерге бауыр басып кеткен жайы бар. Балықтарды үш уақыт арнайы дәмдерімен ауқаттандырып отырады. Айзада Ожарова атты сүйікті жары да әр күнгі ісіне дем беріп отырады. Жалпы, алпысқа таяп қалған Ерсайын ағамыз – ұрпағын өсіріп, қанаттандырып, немересін аймалап жүрген бақытты жандардың бірі.
Ерсайын аға өзі тұрған жерден «Тау самалы» атты демалыс орнын ашты. Арнайы іргетасын қалап, екі қазақ үйін орнатты. Бір жаздық үйі бой көтерді. Оның бәріне жарық түсірілген. Он адамға арналған заманауи моншасының құрылысы да бітуге таяу. Моншадағы ыстық будан шыққан адамдарға астына бір тұрып алатын сарқырамалары да дайын. Демалуға келген адамдарға қажетті дүниелерін жүзеге асырды. Балық өсіруге арнап үш бассейн жасатуда. Бірінен кейін біріне тынбай таудың мөлдір суы құйылып тұратын бассейіндердің құрылыс біткеннен кейін 50 және 100 грамдық 50 мың шабақ балықтар жіберіледі. Болашақта өсірілген балықтар Мәрлен Тұрсынәлі басқаратын балық шаруашылығы корпорациясы арқылы Алматы қаласындағы, облыстағы супермаркеттерге, ірі базарлар мен сауда орындарына сатылатын болады. Бұған да алдын ала келісім шарттар жасалып қойылған.
– Менің бар мақсатым, түпкілікті ойым – өңірде туризмді дамыту. Жаз маусымында адамдар келіп жайлы демалып қайтады. Шаруам жақсы жүріп жатса, осында бие байлатып, саумал мен қымыз әзірлетіп, ұлтымыздың бесбармақ, қуырдақ секілді тағамдарын алға тартып, келушілерді ренжітпей шығарып салатын боламыз. Балық өсіруге арналған тәжірибем сәтті аяқталды. Енді үш бассейн арқылы көптеп өсіремін. Мұнда келушілер балық аулайды. Балықтың етінен дәм татады. Осындағы әдемі шағын көлге қайық әкелуді де жатырмын. Атпен қыдыртудың да жоспары бар. Ал, қыс маусымында бұл ойластырған жер бос тұрмаса деймін. Қыста тау сілемдері, бөктерлері арқылы адамдардың шаңғы теуіп демалуын, шаңғымен серуендеуін ұйымдастырсам деген ойларым бар. Қар қалың түсетін таулы жерде шаңғы спортына жол ашық, – дейді ағамыз алдағы жоспарларын да алға тартып.
Сонымен Ерсайын Көбенқұловтай азамат ашқан «Тау самалы» атты демалыс орны шырғанақ ауылдық округі аумағындағы Талды ауылына баратын үлкен жолдың шетінде ғана тау бөктеріне орналасқан. Тұсынан өткен кезде-ақ шаңқан қазақ үйлері көз тартып тұр.Келешекте мұнда арнайы мамандар жұмыс жасайды. Келушілерге барлық қызметті өздері көрсетеді. Бұл – туризмді дамытуға арналған үлкен істің басы. Алғашқы нәтижесі де жаман емес. Күн санап келушілер қатары азаймай отыр. Біз туған жерінде балық өсіруді қолына алып, жайлы демалыс орнын ашып, жаздық әрі қыстық туризмді дамытуды ойластырып, қамдастырып келе жатқан азаматтың ісіне сәттілік тіледік.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.
Суретте: Демалыс орнын ашып, балық өсірумен айналысып жатқан кәсіпкер азамат Ерсайын Көбенқұлов.