Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Ұзынағаш ауылында орналасқан Кеңес Одағының батыры Б.Момышұлы атындағы «28237» әскери бөлімінің құрылғанына 50 жыл толуы аудандық Мәдениет үйінде үлкен сән-салтанатпен аталып өтті. Жиынға аталған министрліктің, облыс пен ауданның басшылығы, әскери бөлімнің ардагерлері, сардарлары мен сарбаздары және мектептегі әскери-патриоттық клубтардың өрендері қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова да болды.
Алдымен әскери бөлімде даңқты қолбасшы Б.Момышұлының қабырғадағы суреті ашылды. Ғимараттың бір жақ бетіне тұтас салынған батыр бейнесін салтанатты ашу рәсімінде ҚР ТЖ вице-министрі, генерал-майор Бауыржан Сыздықов сөз алып, әскери қызметшілерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуде Бауыржан Момышұлы өнегесінің маңыздылығын атап өтті. Бұған дейін мұнда батырдың бюсті орнатылған болатын. Енді, мінекей, мерейтойға орай салынған ұлт тұлғасының жарқын бейнесі Отан қорғаушыларды одан сайын рухтандыра түсетінін айтты. Бір шетінде даңқты қолбасшының: «Ерлік – елдің қасиеті, Жүректілік – жігіттің қасиеті» деген жалынды сөзі жазылған қабырға суретінің алдында Зейнеп Ахметова сарбаздарға тілегін арнап, атасының соңғы түскен фотосуретін әскери бөлімге табыстады.
Мәдениет үйіндегі салтанатты шара әскери бөлімнің Жауынгерлік туын сахна төріне алып шығудан басталып, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Гимн шырқалды. Бөлім командирі подполковник Бағлан Кенбейлов әскери құрылымның қалыптасуын, жүріп өткен жауынгерлік жолын баяндап, оның алдына қойылатын міндеттер мен талаптардың жылдан-жылға артып келе жатқанын айтты.
– Құтқарушы-бауыржаншылар өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз орындап келеді және алдағы уақытта да еліміздің тәуелсіздігін қорғау жолында, азаматтарды аман сақтауда жедел қызметтік тапсырмаларды абыроймен атқарып, жоғары жауынгерлік даярлықты ұдайы шыңдайтын болады. Құрметті әріптестер, ардақты ардагерлер! Сіздерге кәсіби қызметтеріңіз, отаншылдық рухтарыңыз, жоғары біліктіліктеріңіз бен қызметке деген адалдықтарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін! Мен 28237 әскери бөлімінің жеке құрамы өз халқы мен заңды сайланған Президентіне адал болған және алдағы уақытта да адалдық таныта беретінін нық сеніммен айта аламын! – деді командир Бағлан Талғатұлы.
Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары, генерал-майор Бауыржан Сыздықов көпшілікке сала министрі Сырым Шәріпхановтың құттықтауын оқып беріп, әскери борышын адал орындаған азаматтық қорғау органдарының бір топ ардагеріне мерейтойға орай Құрмет грамоталарын тапсырды.
«Бұл марапат тек қана сіздердің ғана емес, сіздердің отбасыларыңыздың да – ата-аналарыңыздың, жұбайларыңыздың, балаларыңыздың марапаты. Өйткені Отанға қызмет етудің зор абырой екенін көріп өскен ұрпақ Сіздерден үлгі алып, елінің нағыз патриоты болады», – деді вице-министр Бауыржан Мәдиұлы.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын оның орынбасары Алмас Батанов жеткізіп, бірнеше әскери қызметкерге Алғыс хаттарын тапсырды. Сондай-ақ аудан әкімі Нұрлан Ертас аймақта орын алған су тасқыны, өрт сияқты төтенше жағдайлар кезінде бөлім сарбаздарының шұғыл көмекке келетіні үшін алғыс білдіріп, сарбаздарды Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапаттады.
–Жамбыл ауданы таулы аймақта орналасқандықтан, қар мен жаңбыр суларынан болатын табиғи апаттар қаупі жоқ емес. Сондай жағдайларда бізге қолдау білдіріп, көмекке ұмтыласыздар. Сол үшін аудан тұрғындарының атынан ризашылығымызды білдіреміз, – деген аудан басшысы Н.Ертасұлы жазда Бесмойнақ, Қараарша, Шиен, Сұңқар ауылдарында болған тасқында сарбаздардың етігімен су кешіп, бүлінген аумақты тасқынмен бірге келген тастардан тазартқанын, әрбір ауланың қауіпсіздігіне атсалысқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ Ақсеңгір су қоймасын қалпына келтірулерінің арқасында үлкен апаттың алды алынғанын, осындай ерен еңбектері зор құрметке лайық екенін атап өтті. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында әскери бөліммен бірлескен әртүрлі іс-шара да жүргізілетінін айтты.
Бөлімнің әскери қызметшілері мен ардагерлеріне сахна төрінде бұған қоса естелік медаль, төсбелгілер тапсырылды. Ал қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қаруластар бір минут үнсіздікпен еске алынып, рухтарына құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында сондай-ақ Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, ҚР ТЖМ қоғамдық кеңесінің төрағасы, генерал-майор Диқанбек Сатылғанов, төтенше жағдайлар органының Құрметті ардагері, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махмұт Өтегенұлы, генерал-майор Валерий Петров, Қызыл Жарты ай қоғамының жетекшісі Еркебек Қамбарұлы, әскери бөлім жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Қуаныш Бейсембаев құттықтау лебіздерін білдірді.
Полктің алғашқы қазығы қалай қағылғаны, еліміз Тәуелсіздік алуына байланысты құрылымдық өзгерістер, негізгі міндеті азаматтарды апаттан қорғайтын әскери бөлімнің атқарған істері бейнебаян мен фотосуреттер арқылы көрсетілді. Бұл әскери бөлім Орталық Азия әскери округі қолбасшысының әскерлері мен жеке байланыс взводы базасында 1973 жылы Ұзынағаш ауылында құрылған. Азаматтық қорғаныс саласының әскери бөліміне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 22 желтоқсандағы №1844 Қаулысымен Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімі беріліп, 1997 жылы жаңа үлгідегі Жауынгерлік Ту тапсырылған.
Құрылған күнінен бастап тәуелсіздік жылдар белесінде бөлім жеке құрамы ерлік пен батырлық үлгілеріне толы даңқты жауынгерлік жолдан өтті. Әскери бөлімнің қалыптасуы мен аяғынан тік тұруына тәжірибелі құтқарушы мамандар, білікті офицерлер мен арынды сарбаздар атсалысты. Аталған бөлім күні бүгінге дейін лайлы ағын, су басу, табиғи өрт, жер сілкінісі, қар басу сияқты түрлі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жұмыстарын мінсіз атқарып келеді. Бүгінде «бауыржаншылар» атанып кеткен хас жауынгерлер білектілігімен қатар жүректілігімен де халықтың сеніміне кіріп, айтып келмейтін апаттың алдын алуда қорғанына айналды. «Азаматтық қорғаныс әскері – ұдайы жауынгерлік әзірліктегі әскер» атты ұранмен қызметтерін адал және мінсіз атқаруда.
Мерекелік шарада көрермен назарына аудандық «Сүйінбай» театры құтқарушылардың қиындыққа толы жұмысынан көрініс қойды. Жергілікті өнерпаздар су тасқыны мен алапат өрт кезіндегі өмір мен өлім арасындағы жандәрмен сәттерді әсерлі сомдады. Соңынан аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің концерттік бағдарламасы тамашаланды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Ұзынағаш ауылы,
Жамбыл ауданы.