Сен ағам ең,
Мен сенің бір інің ем,
Бала күннен жаныма үңіліп ең.
Екеуміз де ақын боп өмір кештік,
Махаббаттың ғажайып бір үнімен!
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ.
Ұлтымыздың бұрынғы мықты ақындарының бірқатары әнге мәнді мәтін жазғаны, оларға ілесе қазақтың қазіргі біраз талантты жас шайырларының да осы бағытта жазып жүргені белгілі. Әуені мен сөзі керемет келіскен, бар жан жүрегіңді еліткен саздан алған әдемі әсерге бөленудің, осындайда бірде нәзік сезімнің телегей теңізінің түпсіз тереңіне батып, енді бірде аспандап арайлап атқан ақ таңның сәуле-нұрына шомылғандай күй кешудің де адам үшін жөні бөлек-ау!
Бұл ретте Қасым Аманжолов, Нұтфолла Шәкенов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзаәлі , Аманжол Шәмкенов, Қуандық Шаңғытбаев, Тұманбай Молдағалиев, Бәкір Тәжібаев, Шөмішбай Сариев, Абдрахман Асылбеков, Исраил Сапарбаев Ибрагим Исаев, Несіпбек Айтұлы және т.б ортасынан ойып тұрып орын алатын ақын — ол Нұрсұлтан Әлімқұлов.
Расында да, қазіргі Қарасай ауданында дүниеге келіп, небәрі 54 жыл ғана өмір сүрген Нұрсұлтан халық арасында кеңінен таралған тамаша әндерге сөз жазып, ел құрметін ерекше иеленген аса талантты ақындарымыздың бірі еді. Осы тұста атап айтар бір мәселе, алып Үшқоңырдың тауының етегіндегі Қасымбек сайында мына ғажап дүниенің есігін еркелей ашқан, кейіннен қазақ университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін бітірген, алғашқы еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол, шын мәнінде, жазғаны әсем әуенмен жақсы жымдаса кететін жыр жүйрігі болды. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, аудандық, облыстық газеттерде, Қазақ радиосында қызмет еткен Нұрсұлтан жемісті журналистік жұмысында да көзге түскен.
Көптеген оқырманға ой салар өлеңдер мен кең тынысты бірнеше поэма мен толғаулар жазған Нұрекеңнің 60-80-ші жылдары балаларға арналған «Барабаншы қоян» және «Баспалдақтар», «Таң самалы» тәрізді жинақтары жарық көрді. Әйткенмен, Алатаудың аспанмен тілдескен асқар шыңдары мен шалғыны шыққа малынған көкорай баурайынан шалқар шабыт алған оның шығармашылығының шырайын кіргізген,шын мәнінде, ән мәтіндері еді.
Иә, өз тұсында Нұрсұлтан саз әлемінің құдіретін танытқан қазақтың атақты композиторлары іздеп жүретін ақынның бірі атанғаны (осындай оңды ұсынысымен өзі де олардың жанынан табылғанына да дау жоқ) ел-жұртқа аян десек, қателеспейтін шығармыз.
Ұлық ұлтымыздың аты алысқа кеткен, келешекте де кеудеңді керімсал күйге бөлейтін қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов, сондай-ақ, әр әніне барлығымыз құлай жығылатын Әбілахат Еспаев, әуеніне еріксіз ери жөнелетін, сырлы сазы жібек самалдай жанынды желпіп өтетін Әсет Бейсеуов, Алатаудай алып тынысты, халқының серкесі де еркесі бола білген Нұрғиса Тілендиев , сол сияқты қазақ ән әлемінде өзіндік орны бар Садық Кәрімбаев, Бекен Жамақаев, Бақытжан Байқадамов, Өмірбек Байділдаев,Кенжебек Күмісбеков, Мансұр Сағатов, Күнсайын Куатбаев, Дүнгенбай Ботбаев, Базарбай Жұманиязов, Әшірхан Телғозиев, Жолан Дәстенов әндеріне де сөз жазды ол.
Әсіресе, Әлімқұловтың сазы мен сөзі қайталанбастай қабысқан, ғашықтардай сағынысып табысқан, әуені мен мәтіні бірімен-бірі жан сарайыңды аша жарысқан, аңсататын да, армандататын да алыстан махаббат әндеріне жазғаны жаныңа айрықша жағады.
Бұл ретте қайран Шәмшінің «Қайықта», «Қайдасың?» әндері қандай шіркін! Әсет Бейсеуовпен шығармашылық байланыс та барынша мол ән-байлық әкелді ғой. Осы орайда «Алматым жүрегімде», «Айшажан», «Алтыным», «Гүлдерді» айтсақ та жеткілікті. Ал оның алдында бірталай әнімен ел-жұрттың есінде қалған, қазақ сазының бағын ашушылардың бірі Әблахат Еспаевтың көп әуенінің абыройын асырғанын да халық біледі. Ұлы композитор Нұрғиса Тлендиевтің Әлімқұлов сөзін жазған «Алатау» әнінің шоқтығы, тіпті,биік тұр. Дәл осы жерде арналы ақынның мәтіні Шәмшінің «Мойынқұмда» әнінің де өмірін ұзартқанын ешқашан ұмытпаймыз. Ал осы әндердің біразын әйгілі әншілер Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжановтың орындағанының өзі неге тұрады!
Өткен ғасырдың сонау 60-70- ші жылдары өте өнімді еңбек етіп, қазақ әнінің ақ жолын ашушылардың бірі болған, кезінде «Ән өлеңінің классигі» атанған Нұрсұлтан Әлімқұловты қазақ ешқашан ұмытқан емес. Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласы көшесінің біріне, сондай-ақ осындағы орта мектептің біреуіне аты берілген, талантына талмай бас идіретін тамаша ақын ұлттық өнерді бағалайтын, қазақ әнін сүйетін халықтың есінде мәңгі сақтала береді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
ардагер-журналист.