Алматы облысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ іске қосылды.
Топ құрамына азаматтардың проблемалық мәселелерін шешуге тікелей қатысатын еріктілер, мемлекеттік органдар мен құрылымдардың өкілдері кірді.
Бұл бастама облыстың барлық шалғай ауылдары мен кенттеріне қатысты болады.
Мобильді топ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында кездесулер мен азаматтардың жеке қабылдауларын ұйымдастырады.
«Жалпы 30-дан астам шалғай ауылдарға бару жоспарлануда. Көшпелі кездесулер жергілікті тұрғындар көп жиналатын жерлерде ұйымдастырылады. Бұл жергілікті Қазпошта пункттері, әкімдіктер, ХҚКО, мектептер, базарлар және ірі дүкендер. Кез келген азамат келіп, мобильді топ өкілдерінен қажетті кеңесін тегін ала алады. «, — деп түсіндірді Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Серік Орымбетов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топты автобустағы арнайы брендтік жазулар арқылы анықтауға болады.