Сулейман Демирел университетінің «Педагогикалық және гуманитарлық ғылымдар» факультеті тілдік білім беру кафедрасының үшінші курс студенттері алғаш рет «Мен сені жақсы көрем, өмір!» атты әңгімелер жинағының тұсауын кесті. Айта кеткен жөн, әдеби жинаққа қолдау көрсетіп, редакциялаған «Серпер» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Саят Қамшыгер.
Бұл кітапта әдебиет әлеміне алғаш қадам басып, өз ой-сезімдерін қағаз бетіне түсірген жас қаламгерлердің өмірдегі оқиғалар желісіне құрылған әңгімелері берілген. Қазақ филологиясы бөлімінің 22 студенті осы кітаптың авторлары. Жинақтың тұсаукесер рәсіміне СДУ ректоры Қуаныш Ерғалиев, «Педагогикалық және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің деканы Талғат Ещанов, сондай-ақ, оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты. Жинақтың алғашқы 3000 данасы оқырман жүрегіне жол тартып, таратылды. Бұдан бөлек, бұл туындыға бірқатар ақын-жазушылар да пікір білдіріп, өз бағаларын беріп үлгерген. Ал, университет басшылығы алдағы уақытта мұндай іс-шаралардың ауқымын кеңейтіп, республикалық деңгейге шығаруды көздеп отыр.