Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылындағы «Алақай» деп аталатын өнер мектебі бүгінде талай дарынды баланың өнеріне жол ашып, шығармашылық жағынан шыңдалуына үлкен септігін тигізіп келеді. Өнер ордасындағы үйірмелерде балалар тегін оқиды. Анығын айтқанда, вокал, ұлттық би, заманауи би, визаж-грим, домбыра, сурет, ағылшын тілі, актерлік шеберлік, зергерлік өнер, қолөнер сияқты сабақтарды оқушылар ақысыз оқуға мүмкіндіктері бар. 2021 жылы ашылған бұл мектеп Кеңдала ауылындағы №38 білім ошағына қарама-қарсы орналасқан.
Жоғарыда атап өткен үйірмеге жататын бейнелеу өнері сабағына Ұлықбек Мырзабекұлы ұстаздық етеді. Тәлімгер бүгінде балалардың сурет қабілетін шыңдап, олардың дарынын ашып, әрі қарай жетістіктерге жету үшін, сондай-ақ сол салада жоғары оқу орындарына түсуге көмектесіп келеді.
Ұлықбек Мырзабекұлы 1989 жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Оның сурет салуға деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталған. Ұлықбек мектепті аяқтаған соң, арманына қол жеткізу үшін Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде бейнелеу өнері факультетіне түскен. Мұнда бакалавр мен магистр дәрежесінде білім алған. 2013 жылы оқуын аяқтағаннан кейін Талғар ауданы Кеңдала ауылына №38 жалпы білім беретін мектепке бейнелеу өнері мен сызу пәнінің мұғалімі болып жұмысқа кірген. Бүгінде ол – жұбайымен үш баланы тәрбиелеп отырған ардақты әке.
«Өнер мектебіміз алғаш ашылған кезінде балалардың саны көп болған. Ол кейін іріктелді. Мысалы, қызығатыны бар қызықпайтыны бар деген сияқты. Үйірмелеріміз тегін. Біз бейнелеу өнерінің әртүрлі жанрларын өтеміз. Кескіндеме, графика, сәндік қолданбалы өнер деген сияқты. Бұл жерде төрт жастан он жеті жастағы балаларға дейін қабылдаймыз. Балалар көбінесе гуашпен, акварельмен, қарандашпен сурет салғанды жақсы көреді», – дейді суретші.
«Алақай» өнер мектебінің сурет үйірмесіне жазылған оқушылардың саны аз емес. Елу шақты бала өнерін шыңдауда. Әрбіріне ыңғайлы болу үшін бекітілген сабақ кестесі бар. Мысалы, таңертең білім алатыны түстен кейін, ал түстен кейін оқитыны таңертең келіп үйірмеге қатысып кетеді.
«Өнер әркімнің қолынан келе бермейді. Оны кез келген адам меңгере алмайтыны анық. Көбісі ойлайды суретті «бүйтіп сала салады» деп. Оның пішінін, түстерінің барлығын келтіру оңай емес. Көбісіне сурет салу оңай сияқты көрінеді. Мектепте бұл сабақты жеңіл көреді. «Ой сурет салу оңай ғой» деген сияқты. Былай өздеріне сыздыратын болсаңыз қиналады. Көлемін, пішінін келтіре алмайды. Балаларым әртүрлі жарыс, көрмеден қалмайды. Талантты оқушыларым да бар. Мысалы Кәусар Айдархан атты қыз да суретті өте жақсы салады», – дейді суретші Ұлықбек Мырзабекұлы.
Осы ретте жас суретші кішкентай Кәусардың да ойын білуге тырыстық. 4 сыныпқа көшкен Кәусар Айдархан сабағының барлығын беспен оқитынын, үздіктер қатарында екенін айтты.
«Мен сурет салғанды өте жақсы көремін. Осы сурет үйірмесіне аптасына екі рет келемін. Көбісі мені суретші қыз деп атайды. Туыстарым, достарым «маған сурет салып берші, сатып аламын» дейді. Мен, тіпті, өз мұғалімдеріме де сурет салып бергем. Негізі мен суретті өз ойымнан саламын. Ұлықбек ағай кей жерлерін сала алмай қалғанымда көмектесіп тұрады. Қазір салып отырған суретім кеш батып бара жатқандағы көлдің суреті. Мен пейзаж салғанды қатты жақсы көремін. Сосын натерморт салғанды да жақсы көремін. Мен кішкентай кезімнен бастап сурет салғанды жақсы көремін», – дейді суретші Кәусар.
Жалпы бейнелеу өнері сабағы 5 топқа оқытылады. Олар – кескіндеме, графика, мүсін, сәндік қолданбалы өнер, архитектура, дизайн. Осы бес түрлі бағытпен келген оқушыларға арнайы бағыт беріледі.
«Әрбір баланың шабытын ояту, болашақта үлкен бір маман иесі болуға көмектесеміз. Бәрі айналып келген кезде баланың қабілетіне байланысты. Қанша жерден балаға үйт-бүйт дегенмен ештеңе шықпайды», – дейді балалардың тәлімгері.
Ұстаз Ұлықбек бүгінде талантты суретші, талапты ұстаз жасөспірімдерге сурет өнерінің қыр-сырын үйретумен бірге, жас таланттарды ұштау үшін тынымсыз еңбек етуде. Оның шәкірттері жасаған еңбектері жасөспірімдер арасында өткен республикалық, облыстық көрмелердің жүлдесін алып жүр.
Бекжан БАҚЫТБЕК.
Талғар ауданы.