Өлең тілімен айтқанда ғалым да, шахтер да бас иетін ерекше қасиетке ие ұстаздардың төл мерекесі ауданымызда осы аптаның алғашқы күнінде салтанатты жағдайда аталып өтті. Қарасайлық педагогтарды аудан әкімі Жандарбек Далабаев өзі құттықтап, еңбегі еленген жандарды марапаттап, мерейлерін өсірді.
Бұл күні қатарда жүріп, қалтқысыз іске кіріскен мұғалімдермен қатар, өз өмірлерін шәкірт тәрбиелеуге арнап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған білім беру саласының ардагерлері де аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік шарада бас қосып, мәре-сәре болды.
Алғашқы сөз кезегін алып, сахна төріне көтерілген Жандарбек Ермекұлы «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деген қанатты сөзбен барша ұстаздар қауымының қоғамдағы алар орнын айғақтай отырып, өсіп келе жатқан буынға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы педагогтар алдында тұрған маңызды міндеттерді де тілге тиек етті. Осы бір қызығынан қиындығы көп, жауапкершілігі мол мамандық иелеріне деген жылы лебізін жеткізіп, бар жақсылықты тіледі.
Мұнан кейін бірқатар мереке иелері ел алдында марапатталды. Атап айтқанда, Жандарбек Ермекұлы өз атынан жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін еліміздің болашағы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған табысты еңбегі үшін Құрмет грамотасымен он сегіз мұғалімді, ал Алғыс хатымен жиырма алты мұғалімді марапаттады. Бұдан бөлек, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызына Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын табыстады.
Салтанатты басқосу қонцерттік бағдарламаға жалғасты. Мерекелік жиын барысында Сейфуллин Жолбарыс, Мирас пен Құралай, Бақыт Шадаева, Жеңіс Ысқақова, Саят Медеуов сынды бірқатар эстрада жұлдыздары ән шырқап, көрерменге жақсы көңіл күй сыйлады. Мерекелік жиынның соңы Үшқоңыр мектеп-гимназия оқушыларынан құралған хор орындаған «Ұстазым» әнімен аяқталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.