Ұлттың келбетіне айналған ұстаздарды ардақтау, құрметке бөлеу кімге де болсын жарасымды. Олардың әрбірінің ұрпақ тәрбиесіне сіңіріп жатқан еселі еңбектері ескерусіз қалмайды. Сондықтан мұғалімдердің қоғамда алар орны айрықша. Осы мақсатта Қаскелең қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде Ұстаздар күніне орай «Ұстаз – ұлт мақтанышы» атты салтанатты шара өтті.
Кәсіби мереке аясында дәл осы күні қарасайлық ағартушыларға лайықты құрмет көрсетіліп, Мәдениет үйінің фойесінде «Шәкірт биігіндегі ұстаз еңбегі» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Онда ауданның білім саласында тер төгіп жүрген мұғалімдердің еңбегі мен жетістіктері кеңінен таныстырылды.
Одан кейін салтанатты шара мерекелік басқосуға ұласып, ақ тілектер ақтарылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Шарада алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбекұлы сөз сөйлеп, аудан ұстаздарын құттықтады.
– Қадірменді ұстаздар, білім саласының ардагерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын, ұстаздарға деген халқымыздың құрметі қашанда ерекше болған. Бұл – орны бөлек, дәрежесі биік, мәртебелі мереке. Қай заманда, қай қоғамда болсын баланы оқыту, оған тәрбие беру ұлағатты іс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, аса жауапты әрі кұрделі міндет. Ұстаздардың арқасында тұтас бір қоғамның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады» деп ұстаз еңбегіне жоғары баға берген болатын. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру аса маңызды міндет. Бүгінгі күні ауданымызда 94 мыңға жуық оқушы орта мектепте, 7 мыңға жуық педагогтан білім алады, – деді Бексұлтан Ақылбекұлы. Сондай-ақ ол бірқатар аудан мұғалімдерінің еңбектерін атап өтіп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісін және Қарасай ауданы әкімінің атынан Құрмет грамоталарды табыс етті.
Ал концерттік бағдарламада ұстаздар үшін түрлі әуезді әндер, сахналық қойылымдар көрсетілді. Қазақстандық танымал «Меццо» тобы танымал әндерді шырқап, көпшіліктің көңілінен шықты. Ал бір топ өнерпаз оқушылар мен жас мамандар «Ұстазым» әнін хормен орындаса, биші қыздар мың бұрала билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ шара барысында ерекше сәт ретінде білім мен тәрбие берген аяулы ардагер ұстаздарға жас мамандардың гүл шоқтарын сыйлауын айтуға болады. Олар осылайша құрмет демалысындағы мұғалімдерге алғыстарын білдірді.
Ұстаздар күні – қоғамның рухани тірегі саналатын ұстаз еңбегін мадақтайтын мереке. Бұл салтанатты шара – ұлағатты ұстаздарға деген ізгі құрметтің, білім мен тәрбиенің қадірін ұғынудың айғағы болды. Мұғалімдерге көрсетілген ізет пен алғыс – келер ұрпақтың да рухани бағытын айқындайтын өнеге екені сөзсіз.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
