Баланың бойынан талантын танып, қарым-қабілетіне қанат бітіретін, білімін шыңдайтын ұстаздардың еңбегі ешқандай бағамен өлшенбейді. Мұғалім деген, міне, осындай қастерлі мамандығымен елге елеулі, халыққа қадірлі.
Әрине, әр пәнге жетекшілік ететін педагогтердің қай-қайсы болсын оқушының озат атану жолында білім-білігін аямайтыны анық. Десе де санаға сергектік сыйлап, алдымен оқушының денсаулығын нығайтатын дене шынықтыру пәнінен беретін мұғалімдердің еңбегін айрықша атап өтуге болады.
Ал бұл бағытта табысты табандылық танытып жүрген азаматтар арамызда аз емес. Олардың қатарындағы спорттың сан түрін меңгерген Амантай Берекетовтің қажыр-қайратын, ұстаздық қызметін, тәлімгерлік тәрбиесін жоққа шығара алмаймыз. Ол 30 жылдан астам педогогика саласында жемісті жұмыс істеп келеді. Соның 26 жылдық еңбек өтілін Қаскелең қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепке арнап, әлі де аталған білім ұясында ұстаздық ұлы жолды жалғастыруда.
Мамандығына деген адалдығын жоғалтпаған Амантай Қалиұлы жайлы қалай қалам тербесек те жарасымды. Өйткені ол – шәкірт шыңдаудан шаршамаған, білім беру бағытынан таймаған талапшыл адам. Соның арқасында оқушылары талай жарыста топ жарып, үкілеген үмітін ақтап, ауданның да, облыстың да, тіпті, елдің абыройын көптеген ареналарда әйгілі етті. Осындай елеулі еңбегі мен өмір жолын 5 қазан – Ұстаздар күнінде атап өту орынды болар.
Амантай Берекетовтің балалық шағы Қазақстанның шырайлы шығыс өлкесінде өтті. 1966 жылы желтоқсан айында осы өңірдегі Жарма ауданы Воронцовка (қазіргі Жарық) ауылында дүниеге келген. Әкесі Қали мен анасы Хадиша мал шаруашылығымен айналысқан еңбек адамдары болды. Ал Амантай ағамыз осындай қарапайым отбасының тұңғышы атанып, шаңырақ шаттығын еселей түсті. Одан кейін бұл әулетте Алтай және Анар есімді іні-қарындасы дүниеге келді. Бүгінде екеуі де ел қатарлы тұрмыс-тіршілігін тұрақты жалғастырып, отбасыларында орнықты ғұмыр кешуде.
Амантай Қалиұлының дене тәрбиесіне деген икемділігі бала кезінде қалыптасқан. Туған ауылындағы орта мектепті 8 сыныпқа дейін, 9-10 сыныпты Вознесеновка (қазіргі Бірлік) ауылындағы Красное Знамя орта мектебінде оқыған. Мектеп қабырғасындағы соңғы екі жылында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Елемес Жылқыбаев оның спортқа деген қызығушылығын оятып, еркін күрестің қыр-сырын үйреткен.
1984 жылы ауылдағы білім ошағын аяқтаған соң, бір жыл комсомол бригадасында мал баққан. Одан кейін 1985 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, алғашы жарты жылын Беларусь мемлекетінде, кейінгі 1,5 жылын Мәскеудің маңында өткізген. Ал 1987 жылы әскерден елге оралып, ауылды дамыту жолында достарымен серттесіп, бір жылдай жұмыс істеді. Амантай ағамыз малшының баласы болғандықтан, осы салада еңбек етіп, барынша қолғабыс етті. Біраз көмегін тигізгеннен кейін жоғары білім алуды мақсат етіп, Павлодар облысы Ақсу қаласындағы Ақсу дене шынықтыру мәдениеті техникумына тапсыруға талпынып еді. Алайда құжат қабылдау күнінен кешігіп, емтиханға үлгере алмаған.
Дегенмен Амантай Қалиұлы білім алу бағытынан таймай, Павлодар қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде қысқа мерзімде «электрик» мамандығын бір жылда меңгеріп шықты. Осы уақыт ішінде ол спортты тастамай, еркін күрестің, дзюдоның қыр-сырын меңгеріп, достарымен түрлі жарыстарда топ жарды. Тіпті, Павлодар облыстық құраманың қатарынан табылып, аймақтық турнирлерде белдесуден ешкімге дес бермеді.
Сонымен қатар Амантай аға күресуден бөлек каратэге де қатты қызығушылық танытты. Аяқ-қол шапшаңдығын дамытып, аталған жауынгерлік өнерді де үйреніп алды. Бірнеше сайыста бағын сынап, жақсы нәтиже көрсетті. Осы бағытта арнайы санат алу үшін шыңдалып жүргенде аяқ астынан әкесінің денсаулығына байланысты ауылға қайтуға мәжбүр болды. Ол кезде учлищені де аяқтаған кезі еді.
Осылайша туған жерге оралып, электрик ретінде еңбек етем деп жүргенде оған Жарма ауданындағы спорт мектебінде қызмет етуге ұсыныс түсті. Яғни самбодан жаттықтырушы ретінде оның міндеті жас спортшыларды шынықтыру болды. Бұл жұмысты істеуге Амантай ағаның толық әлеуеті де, білім-білігі де жеткілікті болды. Өйткені оның жас кезінде дәл осы спорт түрінен алған разряды да, жеткен жетістігі де үлкен септігін тигізді. Аталған мекемеде ол 1990 жылдан бастап еңбек етті. Ал 1992 жылы спорт мектебінің жабылуына байланысты оның қызметі де тоқтады.
Осыдан кейін Амантай Берекетов 1993 жылы Жарма ауданы Георгиевка (қазіргі Қалбатау) ауылындағы орта мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасты. Сонымен қатар дәл осы жылы кезінде өзі армандаған Павлодар облысы Ақсу қаласындағы Ақсу дене шынықтыру мәдениеті техникумына сырттай оқуға тапсырып, оны 1995 жылы бітіріп шықты.
Амантай Қалиұлы үшін 1993 жыл тағы бір жағымды жаңалығымен есте қалды. Осы жылы өмірлік жары Гүлмира Мәуленқызымен шаңырақ көтеріп, екеуі үлкен өмірге қадам басты. Ал арада төрт жыл өткен соң, перзент сүю бақтына бөленді. Яғни 1997 жылы Қуаныш есімді атұстар дүниеге келіп, жас отбасының берекесін одан сайын арттырды.
Ұлдары бір жасқа толғаннан кейін Амантай аға мен Гүлмира әпкеміз өзге өңірде жаңа өмір бастауға батыл қадам жасап, алып шаһар Алматыға қарай қоныс аударды. Алдымен Алматы облысының Боралдай ауылында, одан кейін Шамалғанда тұрды.
Амантай Қалиұлы мұнда келген соң, бірден ұстаздық жолын жалғастыра алмады. Алғашында әскери салада еңбек етуге ұсыныс болып, кейін белгілі себептерге байланысты бұл қызметке орналасудың сәті түспеді. «Екі қолға бір күрек табылар» деген ниетпен құрылысшы да, электрик те, күзетші де, кондуктор да болды. Отбасын асырау жолында бұл жұмыстарды істеуден еш арланбады.
Ал 2001 жылы Қаскелең қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепке өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Амантай Қалиұлы бұл білім ошағына келген сәтін ешқашан ұмытқан емес. Тіпті, ескі танысын да осы жерде кездестірген.
– Мектепке жұмысқа орналасқан соң, Мұхтар есімді жігіттің таэквондодан қосымша сабақ беріп жүргенін байқадым. Жақын барып амандасып, хал сұрасып едім, кезінде Павлодар облысында каратэден бір залда жаттыққан танысым болып шықты. Екеуіміз жақсы араласып кеттік. Бір күні ол мені «Хваран» спорт клубының президенті Жанат есімді азаматпен таныстырды. Оның залында екеуіміз жаттығу жасап жүргенде Мұхтар маған: «Сіздің каратэден бейіміңіз жақсы байқалады. Өз біліктілігіңізді сынап, жаттықтырушы болсаңызшы», – деп ой тастады. Содан бір жылдай дайындалып, 2002 жылы Алматы қаласында таэквондоның дан жүйесі бойынша «қара белбеу» дәрежесінде сертификат алдым, – деп Амантай Берекетов таэквондоға қалай қадам басқанын еске алды.
Бұл спорт түрін меңгергеннен кейін 2003 жылы жаттықтырушы ретінде жаңа белеске қадам басты. Ұстаздық қызметпен қатар шәкірт шыңдауды мықтап қолға алды. Сөйтіп, 2014 жылға дейін таэквондодан тәлімгер атанып, талай оқушыны осы спорт түріне баулыды. Нәтижесінде ұл-қыздардың біразы аудандық, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Солардың ішінде айрықша атап өтер шәкірттерінің бірі – Ринат Шүленбаев. Ол Қазақстан чемпионатының жүлдегері, таэквондодан спорт шебері атанды.
Сондай-ақ тәжірибелі бапкер Берекетовтің өзге де шәкірттері, атап айтқанда, Алтынай Қарбозова, Ақмарал Шаубаева, Ерғали Елшібеков, Дидар Атманов сияқты шәкірттері осы спорт түрін серік етіп, облыстық, республикалық деңгейде жеңіс тұғырынан көрінді. Қарап тұрсақ, тәлім алған жастардың қай-қайсы болсын, жеңіс жолында бағы жанғандар. Ал оған ерекше еңбек сіңірген, әрине, Амантай Қалиұлының тәлімгер ретінде шеберлігі деп білеміз.
Бір бойына бірнеше спортты сыйдыра білген Амантай Қалиұлының жаттықтырушы ретінде әмбебап екеніне еріксіз қайран қаласың. Жоғарыда біз атап өткендей, күрес, дзюдо, таэквондодан бөлек, оның жеңіл атлетикадан ұстаздық ететін қабілеті тағы бар. Дәл осы бағытта ол 2019 жылдан бері Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт клубында еңбек етуде. Оның тәлімін алған жастардың да жеткен жетістігі көңілді қуантады. Атап айтқанда, Алмас Нұрзатов, Данил Шабетник, Кәусар Молдағали, Гүлсезім Ықыласбай, Шыңғыс және Айгерім Жамихандар республикалық және облыстық турнирлерде желаяқ атанып, жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Кейде Амантай Қалиұлына қарап 60 жасқа аяңдаған азамат деп ойламайсың. Бойындағы сергектігі мен белсенділігі жастардың қимылындай ширақ көрінеді. Оның бәрі, әрине, спортты жанына серік еткеннің нәтижесі деп білеміз. Соның арқасында Амантай ағамыз бүгінде 45 жастан жоғары ардагерлер арасындағы волейбол турниріне қатысып, қатарластарынан қалған емес. Қолына түскен допты ұршықша иіріп, бұл спортқа де бейімін жан-жақты байқатуда. Қаскелең қалалық құрама командада орнын ойып тұрып алған ардагер-спортшы. Аудан ішінде ұйымдастырылатын жарыстарға қатысып, командамен жүлделі орыннан көрінуде.
Амантай Берекетов – спорт пен дене тәрбиесінде табысты тәлімгер болса, орнықты отбасында үйдің отағасы. Өмірлік жары Гүлмира Мәуленқызы екеуі шаңырақ шаттығында бақытты ғұмыр кешуде. Тұңғыштары Қуаныштан кейін 2012 жылы Аида есімді еркелері өмірге келді. Ерлі-зайыптылар осындай ұл мен қызға тәлім-тәрбие беріп, ақылшы ата-ана болып, солардың қуаныштарымен мәнді де, мағыналы өмір өрнегін көрсетіп келеді. Айтпақшы, Амантай ағаның ұлы Қуаныш әке жолын жалғап, Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясында білім алды. Мектеп қабырғасында футбол, баскетбол сияқты спорт түрі бойынша талай жарыста жасындай жарқырады. Жоғары білім алғаннан кейін де дене тәрбиесінен сабақ беріп, ұстаздық етті. Бүгінгі таңда басқа салада бағын сынап, табысты еңбек етуде. Ал қызы Аида Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп 8 сыныпта оқиды.
Талант таныған Амантай Қалиұлының елеулі еңбегі бүгінгі күнге дейін ескерусіз қалған емес. Жарыс жолындағы жетістігінен бөлек, жаттықтырушы ретінде Алматы облыстық спорт басқармасынан бастап бірнеше министрліктің марапаттарына ие болған. Одан бөлек Қарасай ауданы әкімінің Алғыс хатын алып, басқа да ұйымдардың құрметіне бөленіп келеді.
Осындай табысты еңбегі жалғаса берсін дегіміз келеді. Амантай Қалиұлына келе жатқан Ұстаздар мерекесі құтты болсын деп, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз! Ғұмыр жолы ғибратты болып, әрдайым абырой биігінен көрінуіне тілекшіміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

