Ұстаздық деген тек мектеп немесе жоғары оқу орнында сабақ беріп, дәріс оқумен шектелетін жай ғана қызмет емес. Бұл – терең білім мен ұлағатты тәрбиені қатар өріп, шәкірт жүрегіне жол таба білетін кәсіби біліктілік пен шынайы тәлімгерліктің тоғысқан нүктесі. Қазан айының бесінші жұлдызында аталып өтетін қадірі бөлек Ұстаздар күні мерекесіне орай оқырмандарымызды осындай нағыз парасатты тәлімгермен жақынырақ таныстыруды жөн санадық.
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері – өмір жолын балалардың жарқын болашағы мен білім алуына сарп еткен құрметті мұғалім, аудандағы білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген парасатты жан, қазіргі таңда Жандосов ауылдық округіндегі Шалқар орта мектебінің директоры Аманова Бану Маратқызы. Білімге деген шексіз құштарлығы мен қоғамдық белсенділігінің арқасында еңбек жолын қарапайым математика пәнінің мұғалімі ретінде бастаған кейіпкеріміз үшін бұл сала жәй ғана мамандық таңдауы емес, ана сүтімен дарыған, отбасылық тәрбиемен сүйекке сіңген өмірлік мұрат болып табылады.
Өзге көптеген мамандықтар сияқты ұстаздық та ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын, киелі де абыройлы әулеттік мектеп. Бұл жолдың қадір-қасиетін бала күнінен бойына сіңіріп өскен Бану Маратқызының өмір бағдары ана өнегесімен тығыз байланысты. Яғни оның анасы Күлән Қожанқызы – саналы ғұмырының 40 жылдан астам уақытын мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беруге, жас ұрпаққа терең білім мен ұлағатты тәрбие дарытуға арнаған ардақты педагог. Әкесі Марат Аманұлы мектепті алтын медальмен аяқтап, Аграрлық институттың төртінші курсында білім алып жүрген шағында кенеттен дүниеден өткен. Ардақты асқар тауы да білімге, ғылымға бет бұрып, ағартушылық бағытты өте жоғары бағалаған азамат еді.
Ата-анасының бойындағы осы бір білімге деген ынта-ықылас пен еңбекқорлық қасиет балаларына да дарыды. Апалы-сіңлілі Бану мен Бәтес те ана жолын лайықты түрде жалғастырып, білім беру саласында абыройлы қызмет етті. Үйдің үлкені Бәтис Маратқызы алдымен қарапайым ұстаз, кейіннен Ақжар ауылындағы мектептің директоры, аудандық білім бөлімінің әдіскері, ал соңғы жылдары Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысы ретінде жемісті де нәтижелі еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Ал Бану Аманова бүгінгі таңда да осы білім бәйгесіндегі еңбек жолын абыроймен жалғастырып келеді.
– Менің отбасымда бес бірдей ұстаз болды. Оның үштігі қазақ тілі мен әдебиеті, екеуі тарих және химия пәндерінің мамандары еді. Сондықтан кішкентай күнімнен бастап мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын, қызығы мен қиындығын көріп өстім. Мектеп қабырғасында жүргенде анама басқа оқушылардың дәптерлерін тексеруге көмектесетінмін. Дегенмен балалық арманым өскенде журналист болу еді. Қалам ұстауға деген қабілетім де жоқ емес-ті, шығарма мен эссені өте жақсы жазатынмын. Алайда есейе келе, әкемнің ерте өмірден өтіп, арманына жете алмай кеткені маған қатты әсер етті. Сол себепті, ең алдымен, әкемнің мұратын орындауды перзенттік парызым деп санадым. Мектепті алтын медальмен бітірген соң, әкем оқыған Аграрлық институтқа оқуға түстім. Оны үздік аяқтап, әкем ала алмай кеткен «инженер-механик» мамандығының дипломын қолыма алдым. Одан кейін жүрек қалауым бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің математика-информатика факультетіне оқуға түсіп, кәсіби ұстаздық жолыма бағыт алдым, – деп өткенге көз жүгіртті ардақты ұстаз.
Бану Маратқызының педагогикалық еңбек жолы өзі білім алған Еңбекшіқазақ ауданындағы Кеңес Одағының батыры Төлен Қабылов есіміндегі орта мектептен бастау алды. Жас маман алғашқы күннен-ақ өзіне жүктелген міндетке аса жоғары жауапкершілікпен қарап, оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыруға, әр баланың бойындағы жасырын қабілетті ашуға барын салды. Өз жолын анасы сияқты гуманитарлық емес, дәл осы жаратылыстану-математикалық бағытпен байланыстыруына да әке мұратына деген адалдық әсер етті.
– Педагог боламын деп шешкенде, алғашында анам сияқты қазақ тілі мен әдебиеті бағытын таңдауды ойлаған едім. Алайда Аграрлық институтта оқып жүргенде мамандығыма байланысты математика мен физикаға басымдық жоғары берілгендіктен, есеп-қисап әлеміне терең бойладым. Әрқашан үздіктер қатарынан көрінуге дағдыланғандықтан, өзімді осы салаға барынша арнап, білімімді шыңдай түстім. Бұл кезең маған математикаға деген сүйіспеншілікті оятып қана қоймай, сол кездері онша білмейтін орыс тілін де еркін меңгеріп шығуыма септігін тигізді. Мойынсынбай оқып, нәтижеге жеткенімді көрген анам да: «Сенің математикаға деген ынтаң да, қабілетің де жоғары, сондықтан осы бағытты таңдағаның дұрыс», – деп бағыт берді. Анамның бұл сөзі маған үлкен демеу болып, болашақ ұстаздық жолымды математикамен мәңгілікке байланыстырдым, – деп еске алады ол.
Айтулы мектептегі жемісті еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Бану Маратқызы көп ұзамай тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметіне лайық деп танылды. Ал 2006 жылы отбасылық жағдайға байланысты Қарасай ауданына көшіп келіп, М.Әуезов атындағы орта мектепте 3 жыл бойы оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек етті. Кейін кейіпкеріміз бұл тәжірибесін Қарасай батыр атындағы орта мектепте жалғастырды. Ал 2013 жылы Ұлан ауылындағы орта мектепке директор болып тағайындалып, 10 жылға жуық уақыт бойы осы білім ордасын біліктілікпен басқарды. 2024 жылы білім беру саласындағы басшылардың басқару тәжірибесін шыңдау және жаңарту мақсатында жүргізілген ротациялау аясында Жандосов ауылдық округіндегі Шалқар орта мектебіне ауысып, бүгінде аталған мектепте басшылық қызметін атқарып келеді.
Асу-асу белдерден өтіп, мол тәжірибе жинақтағанына қарамастан, ардақты ұстаз жаңаны үйренуден ешқашан жалыққан емес. Жыл сайын білім жүйесіне енгізіліп жатқан жаңашылдықтарға бейімделіп, цифрлық және заманауи педагогикалық технологияларды тиімді пайдалануда, оқушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруда үздіксіз ізденіс үстінде жүреді. Оның бұл бағыттағы еңбегі республикалық және халықаралық денгейдегі кәсіби алаңдарда жоғары бағаланып келеді. Бану Аманова – елімізде озық шетелдік тәжірибелер негізінде енгізілген «Lesson Study» (сабақты зерттеу) әдіс-тәсілін іс жүзінде алғашқылардың бірі болып жүзеге асырған реформатор басшы. Ол 2013 жылы Алматы қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығында 9 айлық арнайы курстан өтіп, білікті маман Ғалия Толықбаеваның жетекшілігімен мектепті жаңаша басқару тетіктерін меңгерді. Аталған әдісті өз мектебіне енгізіп қана қоймай, жинақтаған тәжірибесімен Астана мен Алматы қалаларында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда бөлісті. Бұл жүйелі жұмыстардың нәтижесі де көңіл қуантады. Соңғы екі жылдың өзінде Шалқар мектебінің оқушылары ауыл балаларына арналған республикалық олимпиадаларда топ жарып, бірінші орындарды иеленді әрі шетелдік беделді университеттердің гранттарын ұтып алды.
Тәжірибелі маманның еңбегі елеусіз қалған емес. Таяуда, яғни ағымдағы жылдың қыркүйек айында Бану Аманова «Еңбек жолы» облыстық конкурсына қатысып, I орынды жеңіп алды және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясын иеленді. Сондай-ақ ел дамуына қосқан үлесі мен өнегелі еңбегінің арқасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Жоғары мемлекеттік награданы оған Алматы облысының әкімі салтанатты түрде табыс етті. Бұдан бөлек кейіпкеріміз ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен үш мәрте, сондай-ақ Алматы облысы әкімінің және облыстық білім басқармасының көптеген Құрмет грамоталарына және Алғыс хаттарына ие болды.
– Иә, ұстаздық жолы жеңіл емес. Дегенмен, бұл – дүниедегі мамандықтардың төресі. Мұғалім беретін тәрбие мен білім әрбір адамның өмірлік темірқазығы, жолын жарық ететін шамшырағы. Жақсы ұстаз болу үшін бар күш-жігеріңді, уақытыңды, ынта-ықыласыңды салуың керек. Әр оқушыны өз балаңдай қабылдап, оның жеңісі мен жеңілісін жүрегіңнен өткізуің қажет. Тек сонда ғана сен жай ғана пән мұғалімі емес, шәкірт жүрегінен орын алатын нағыз Тәлімгерге айналасың. Бүгінгі жас мамандарға айтарым: бұл салаға қадам басқанда оның үлкен жауапкершілігін сезіне біліңіздер. Оқушының әрбір жетістігі – сіздердің еңбектеріңіздің айнасы екенін түсіңіздер, – деді ардақты ұстаз.
Бір әулеттің ғана емес, тұтас бір ұрпақтың бойына білім мен адамгершілік дарытқан Бану Маратқызы бүгінде ұжымына сыйлы, жас мамандарға бағыт-бағдар берер көшбасшы. Қызметте іскерлігімен, өмірде қарапайымдылығымен, кеңпейілділігімен дараланатын ол өз отбасында да аяулы ана, ардақты жар. Құдай қосқан жан жары Ілияс Бердіқұлұлымен бірге екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген, өнегелі шаңырақтың ұйытқысы.
Ұстаздық еңбекті өмірлік мұратына айналдырған Бану Маратқызының бұл жолы кейінгі ұрпаққа әрқашан үлгі-өнеге болатыны сөзсіз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

