Қазақтың жекпе-жек спортымен, оның ішінде күрес түрімен айналысып бастаған барлық бала Әлем және Олимп шыңын бағындыруды армандайды. Бірақ тек армандау аздық ететіні анық, қойған мақсаттарына жету үшін жақсы жағдай жасау керек. 2020 жылдың қаңтар айында Кеген ауданы, Шырғанақ ауылы жастары ақылдасып, ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан ауыл балаларына арналған, жыл он екі ай жаттығу жасауға, бос уақыттарын пайдалы өткізуге арналған шағын болса да спорт зал ашу мәселесі көтерілген болатын. Ол жиында әртүрлі ойлар, ұсыныстар айтылды. Сол жерде ортақ шешімге келіп, шот ашып, ауылдың ертеңіне бей-жай қарамайтын бозбаласынан еңкейген қариясына дейін қаражат жинай бастады. Оған жаңа спорт ғимаратын тұрғыза алмайтыны ескеріліп, ауылдағы ескі болса да керегесі мықты (бұрын балабақша, одан кейін ескі мешіт болған) ғимарат таңдалды. Сол кездегі ауыл әкімі Оразбай Бекбатырұлының тікелей араласуымен, қолдауымен жастармен бір толқында болып, І кезеңде ғимаратты толық күрделі жөндеуден өткізіп, басынан аяғына дейін ұйымдастыру жұмыстарына, ІІ кезең ғимарат құжаттарының заң талаптарына сай болуына үлкен еңбек сіңірді. Аз уақытта ауыл тұрғындарының арқасында керекті қаржы жиналып, ескі ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Осылайша күреспен жылдың төрт мезгілінде де үздіксіз айналысып, қыс мезгілінде шаңғы спортымен кәсіби шұғылдануға болатын ауыл үшін шағын, Кеген ауданындағы қазіргі уақытта екінші үлкен спорт ғимараты бой көтерді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Кеген ауданы.