Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Жастар алдынғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде.
Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Олар озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барша үлес қосып келеді. 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай, Кеген аудандық жастар ресурстық орталығы және Кеген аудандық Бұқаралық спортты дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Жаяу жүгірушілер» марафоны өтті. Аталған марафонға әр ауылдық округтен жалпы саны 40-қа жуық спортшы қатысты. Марафонға аудан әкімі Теңізбаев Нұрбақыт Молдахметұлы арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ Кеген аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Досымбеков Сабыр атамыз ақ батасын арнаса, жас спортшы, Алматы облысы бойынша күрестен бірнеше дүркін жеңімпазы, Дзюдо күресінен ҚР қола жүлдегері Кемелғожа Бауыржан жастарды аталған мерекемен құттықтап, марафонға қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бөлексаз-Кеген» тас жолында қыздар командасы бойынша 5 км, ұлдар командасы 7 км бойынша бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасында І орын Ақсай ауылынан Амангелді Нұржанға бұйырса, ІІ орын ға Қуатбек Елдар, ал ІІІ орынға Мақсат Базарымбектов табан тіреді. Ынталандыру сыйлықтарымен Ұзынбұлақ ауылдық округінен Сәрсенәлі Сабыржан, Тасашы ауылдық округінен Сембай Диас, Қарқара ауылдық округінен Қожағұл Аслан марапатталды. Ал қыздар арасында І орынды Нұрия Мырзабай, ІІ орынды Жұлдыз Бақыт алды, екеуі де Жылысай ауылдық округінің мақтаныштары. Жүлделі ІІІ орынға Бөлексаз ауылдық округінен Ақерке Халел лайық деп танылды. Сонымен қатар, Эльмира Тоқушева, Дарияна Түркінбекова, Күланда Миятбек сынды спортшы қыздар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Аталған жарыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтар мен мадақтамалармен марапатталды.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.