Қаңтар оқиғасы кезінде талай заң бұзушылықтар орын алып, оған кінәлі деп танылғанғандарға тиісті түрде жаза тағайындалды. Тіпті, елде төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілсе де оның тәртібіне бағынбағандар табылып жатты. Олардың арасында Қарасай ауданынан бөлек, онымен іргелес жатқан аудандардың тұрғындары да бар. Соларға қатысты істердің бірқатарын біздің ауданда орналасқан Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Осы және басқа да аталмыш мекеменің атқарған жұмыстарымен танысу үшін оның жақында ғана тағайындалған төрағасы Шалқар Қожантаевпен әңгімелестік. Сот әділдігін жүзеге асыру барысында атқарылған жұмыстарды саралап, өткен жылда қаралған істер жайлы сөз қозғадық.
– Шалқар Кеңесбайұлы, жаңа жұмыс орныңыз құтты болсын дегім келеді. Ауданымызға қош келдіңіз! Алдымен Сіз басқарып отырған мекемеге тоқталайықшы. Оның бағыты қандай? Неше заңгер қызмет етеді?
– Рахмет. Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2008 жылдан бері жұмысын бастаған. Бүгінгі таңда төраға ретінде өзімнен бөлек тағы төрт судья тиісті істерді жүргізеді. Сонымен қатар, 11 маман қызмет етеді. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда Қарасайдан бөлек, жақын орналасқан Іле, Жамбыл аудандарында орын алған заң бұзушылықтар да қаралады. Оларға қатысты ең аз дегенде бір күнде немесе 15 күннің ішінде шешім шығарылады. Көбінесе жол-көлік оқиғасымен байланысты жағдайлар тіркеліп жатады. Сондай-ақ, отбасылық кикілжіңдерге, денсаулыққа зиян келтіруге, ұсақ бұзақылыққа, көші-қон заңдылығын бұзуға қатысты шағымдар түседі. Міне, осылардың барлығына әділ шешім шығару – біздің қызметіміз. Бұл мақсатты орындай білу де абыройлы міндет екенін айтқым келеді.
– Биылғы жылды ң қаңтарында болған тәртіпсіздікке қатысты істер қозғалды ма? Жазаланған азаматтарға қандай шара қолданды?
– Қаңтар айында болған оқиғаға байланысты Төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілгенін белгілі. Әр өңірде қозғалысты шектеді. Біздің облыста да солай болды. Тіпті, 7:00-ден 23:00-ге дейін адамдардың үйінен шығуына тиым салынды. Осындай кезде тұрғындар арасында тәртіпке бағынбағандар кездесті. Олар коменданттық сағат режимін бұзып, құжатсыз жүріп, күдікке ілінді. Яғни, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 476-бабы, І бөлімі, 10-тармағы бойынша 71 заң бұзушылық анықталды. Кінәлілер қамауға алынды, айыппұл төледі, ескерту алды. Барлығына тиісті шешім шығарылды. Бүгінде аталған істердің барлығы жабылды.
– Шалқар Кеңесбайұлы, ағымдағы жылдың басы заң бұзушылық фактілермен басталғанын білдік. Өткен жылы жұмыстарыңыз қалай болды? Салыстырмалы түрде қаралған істердің саны уақыт өткен сайын артты ма, әлде азайды ма?
– 2021 жылдың 12 айында 6649 әкімшілік құқық бұзушылық іс келіп түсті. Бұл алдыңғы, яғни, 2020 жылмен салыстырғанда 206-ға азайғанды білдіреді. Әрине, осындай заңсыз әрекеттердің аз болғаны жақсы. Жаңағы айтып кеткен 6649-дың ішінде 217-і (3,27%) кері қайтарылды. Ал қалған 6432-і тек біздің тарапымыздан, яғни, әкімшілік құқық бұзушылық іс негізінде қаралған. Оған жеке тоқталуға болады. Нақты айтқанда, 4956 іске (77%) әкімшілік жаза тағайындалды, 1476 адамға (22,95%) қатысты іс сот өндірісінен тоқтатылды. Олардың арасында 2 іс бойынша (0,03%) жасы кәмелетке толмаған тұлғаларға қатысты тәрбиелік ықпал ету шаралары қолданылып, 1094 әкімшілік іс құқық бұзушының жәбірленушімен келісімге келуіне байланысты медиация тәртібімен тоқтатылды.
– Осы Сіз атап өткен істерге қандай да бір жаза қолданылды ма?
– Әрине, тиісті айыптары анықталды. Жоғарыда атап өткендей, 6432 қаралған әкімшілік істер бойынша 4959 тұлғаға қатысты әкімшілік жазалар тағайындалды. 3774 адамға әкмшілік айыппұл салынса, 217 адам арнаулы құқықтан айырылды, 624 азамат әкімшілік қамауға алынды, 246-на ескерту жасалды, 98 адамға ел аумағынан әкімшілік жолмен шығару жазалары бекітілді.
– Өзіңіз әңгіме арасында медиция тәртібімен шешілген істердің де бар екенін айттыңыз. Бұл үрдіс жиі жүзеге асырылады ма?
– Істің сотқа дейін жетпей, тараптардың ерікті түрде ортақ келісімге келіп, осылай медиция арқылы шешілгені жақсы ғой. Барынша жүзеге асыруға тырысамыз. Ондай факттер мүлдем жоқ дей алмаймын. Кездесіп жатады.
– Шағымданушылардың істері сіздерде қалай қабылданады? Пандемия кезінде қиындықтарға тап болмадыңыздар ма?
– Цифрлық бағдарламаны кеңінен пайдалану біздің саламызда жақсы дамып келеді. 2018 жылдың ІІ жартыжылдығында «Төрелік» деп аталатын ақпараттық жүйе іске қосылды. Өтініштердің біразы электронды түрде қабылдануда. Бұл бір жағынан жақсы. Өйткені, жоғарыда атап өткендей, Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Іле мен Жамбыл аудандарына қатысты істер де қаралады. Сондықтан қашықтан сот процесін жүргізу – біз үшін оңтайлы әдістердің бірі. Оның тиімді тұстары коронавирус індетінің кесірінен пандемия басталғанда бірден байқалды. Карантиндік шараларды ескеріп сот істері онлайн түрде ұйымдастырылды.
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.