Елбасымыз жақында ұсынған Жолдауында сот жүйесін одан әрі жаңғырту бағыты бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Әсіресе, соттарға деген сенімнің жоғары болуы нақты айтылған. Осындай жауапкершілігі мол жұмыстарды түсіндіру мақсатында, әрі тұрғындармен жақынырақ тілдесу үшін аудандық сот төрағасы Мәди Көшікбаев осы аптада аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалында алғаш рет қоғамдық қабылдау өткізді. Аудан азаматтарының өтініштерін тыңдауға тиісті басшылар мен заңгерлер де қатысып, сан сауалдарына қатысты кеңестерін берді. Сондай-ақ, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат сот төрағасына қоғамдық қабылдаудың тұрғындар үшін маңыздылығын түсіндірді.
Қабылдауға жазылғандар заң тұрғысынан шешімін таппаған бірқатар мәселелерін сот төрағасына шағым ретінде өз ойларын жеткізді. Оның ішінде алдау-арбау, еңбек ақыны жеу және басқа да құқық бұзушылыққа қатысты бірнеше сұрақтар қозғалды. Мәселен, Қайнар ауылының тұрғыны жер дауына қатысты мәселесін ортаға салды. Оның айтуынша, көше арасынан көлік өтетіндей жолдың орнын көршісі заңсыз өзіне иемденіп алған көрінеді. Енді көлік тұрмақ, адам аяғы сыймайтын соқпақ жол да қалмапты. Арызданушы бұл мәселе бойынша сотқа да жүгінген екен. Соған байланысты сот алдында кеңес сұрау үшін сот төрағасына жолыққан жайы бар. Азаматтың бар айтқанын тыңдаған Мәди Жаубасарұлы бірден жауап қайтарып, осы жылдың 16 қарашасында болатын сот отырысында тағы қаралатынын айтты.
Тұрғындар арасынан алаяқтардың арбауына ілініп, дүние-мүліктері мен ақшаларынан айырылған жандар да кездесіп жатты. Олардың да мәселелері толықтай тыңдалынып, талқыланды. Сот төрағасы әрқайсысына оңды жауаптарын қайтарып қана қоймай, келушілердің сот саласына қатысы жоқ сұрақтарына да бар білгенін айтып, қандай өкілетті органдарға бару керектігін қосымша айтып өтті.
Барлығының өтініштерін жеке талқыға салған Мади Жаубасарұлы сот төрағасы ретінде кез келген мәселені екі жақты қарайтынын айтып, келушілерге уақыт өткізбей арыз-шағымдарын жазуларын сұрады. Қабылдауға жазылған тұрғындардың барлығы өздеріне қатысты түйіткілді ойларын ортаға салып, тиісті жауаптарын ала алды.
Жиын соңында Мәди Көшікбаев «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Ақшолпан Қайратқызына осындай қоғамдық қабылдау ұйымдастырғанына алғысын білдіріп, сот саласы тарапынан аудан тұрғындары арасында әрдайым осындай кездесулер үрдіске айналатынын да жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.