Баспананың жоқтығы, одан қалса жұмыссыздық – бұл екеуі кез келген адамның өмір сүру сапасын жақсартуға кедергі болатын маңызды мәселенің бірі. Дегенмен екі қолға күрек таппай, отбасын орнықты орналастыра алмай жүрген жандар үшін мемлекет жақсы мүмкіндік қарастырған. Ол – Қазақстанның Солтүстік өңіріне қоныс аудару.
Аталған аймаққа көшсеңіз алдымен баспанаға оңай қол жеткізіп, одан кейін тұрақты жұмысқа орналасуға болады. Ал отбасылы жандар үшін оның әрбір мүшесіне қаржылай қолдау тағы бар. Бұл атап өткен мүмкіндіктер тек бер жағы ғана. Бағдарламаның бағытын ашып айтар болсақ, тиімді тұстары жетерлік.
Шындығына келгенде, елімізде көші-қон саясаты жаңа кезеңге қадам басып, Үкімет тарапы 2030 жылға дейін тиісті тұжырымдаманы бекіткен болатын. Соның аясында осы жылдың басынан бері Солтүстік Қазақсан өңіріне қоныс аударуға ниетті тұрғындарға мемлекеттік қолдаудың ұтымды тұстары түсіндірілуде. Осы мақсатта жақында Қарасай ауданына Солтүстік өңірден арнайы делегация келіп, Шамалған мен Елтай ауылдық округтерінде аудан халқымен кездесті. Оның барысында солтүстікке қарай көшудің тұрғындар үшін қандай жағдай қарастырылғаны жайлы жан-жақты ақпарат берілді. Құрметті меймандарды Қарасай ауданының Мансап орталығының директоры Дулат Сансызбаев қарсы алып, жиын алдында бұл кездесудің мақсат-міндетін және өңіраралық қоныс аудару бағдарламасына тоқталды.
Іссапармен келген қонақтардың көшін Солтүстік Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұрлан Бибулаев бастап келді. Онымен бірге облысқа қарасты Айыртау, Ақжар, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атты аудандардағы мансап орталықтарының директорлары және осы аудандардың аумағында орналасқан компаниялар мен шаруа қожалықтарының басшылары келіп, бірінен кейін бірі сөз алып, өз өңірлерінің халық санын арттыруға шақырды.
Жиын барысында алдымен СҚО Еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұрлан Төлеуұлы солтүстікке көшу кезінде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың басты шарттарын атап өтіп, бірнеше жұмысшы мамандардың тапшы екенін түсіндірді.
Сонымен қатар ол қара-сайлықтардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Ал әр салаға жауапты бөлім мен компания өкілдері жұмыссыз азаматтар үшін барынша қолдау болатынын айтып, мекемелер тарапынан қайтарымсыз көмектің түрлеріне жеке-жеке тоқталды.
– Солтүстік Қазақстанға көшу бойынша мемлекеттік бағдарламаның ең үлкен көмегі – тұрғын үй сатып алуға берілетін қаржылай қолдау. Бұрын оның көлемі 4,5 млн теңге болатын. Ол, әрине, қоныс аударушылар үшін жеткіліксіз еді. Биыл аталған ақшалай көмек 7 млн теңгеге дейін көтерілді.
Егер тұрғындар келе сала тұрақты баспана таба алмай жатса, бір жыл ішінде жер үй немесе пәтер жалдай алады. Оған да мемлекеттен ақша бөлінген. Мәселен, ауылдық жерлер үшін шамамен 60 000-нан 90 000 теңгеге дейін, қалаларға – 90 000-нан 120 000 теңгеге дейін қарастырылған. Коммуналдық қызметінің төлеміне де қаржы беріледі. Бұл жерде бір айта кетерлігі, егер көшіп келушілер бір жыл ішінде ертерек тұрғын үйге қоныстанып жатса, аталған көмек сол уақытта тоқтатылады.
Сонымен қатар көшіп келу-шілерге субсидия берілетінін де айта кеткен жөн. Яғни отбасының әрбір мүшесіне, оның ішінде жас баладан бастап қарияларға дейін 302 мың теңгеден қаржы беріледі, – деп Нұрлан Бибулаев ең маңызды қолдау түрлерін түсіндірді.
Осы ретте айрықша атап өтетін бір жайт – сатып алынған баспана 5 жылдан кейін жеке меншікке өтуі. Одан кейін ол отбасы тұрғын үйді сатуға да құқығы бар.
Бұл көмектер – солтүстік жаққа табан тіреген жандарға арналған ең маңыздылары. Одан бөлек кәсіп бастаймын деушілер үшін қайтарымсыз гранттар да қарастырылған.
Солтүстік аймақ ауыл-шаруашылығы дамыған жерлердің бірі болғандықтан, мұнда дәл осы саланың дамуына көп басымдық беріледі. Нұрлан Төлеуұлының айтуынша, агрокомпаниялар көбінесе жүк көліктерін жүргізушілер, механизаторлар, малшылар, мал дәрігерлері, зоотехник сияқты кадрларды іздейді. Ал кәсіпорындардың көбісі жас мамандарды жаңа қызметке үйрету үшін арнайы оқытып, тәжірибеден өткізуге дайын.
Аталған өңірде, сондай-ақ білім саласына да ерекше мән берілген. Кейбір аудандарда педагогтердің тапшылығы байқалады. Ол жайында да делегация мүшелері сөз қозғап, мәселеге жеке тоқталды. Шал ақын аудандық білім бөлімінің басшысы Бұлбұл Ахмадиқызының сөзінше, балабақшалар мен мектептерде кадр жетіспеушілігі анық білінеді. Тіпті, кейбір білім мекемелері жойылып кетудің алдында тұр. Сондықтан бала санын арттыру мен мұғалімдердің таптырмайтын маман екені күн тәртібінен түспейтін мәселенің біріне айналған.
Солтүстікте шаруа қожа-лықтар мен әлеуеті мықты компаниялардың өсіп-өркендеуі де мықты мамандармен байланысты. Ол жайында Қарасай жеріне арнайы ат басын бұрып келген Ақжар ауданы «Еламан» шаруа қожалығының, Айыртау ауданы «Салман Агро» компаниясының, Ғ.Мүсірепов ауданы «Ақселеу» ЖШС-нің өкілдері кеңінен әңгімелеп, аталған мекемелердің тарапынан қандай маман тапшы екенін әрі қолдау түрлерін атап өтті.
Делегация мүшелері сөз сөйлегеннен кейін кездесуге арнайы келген қарасайлықтар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пайымды ақпарат алды. Олардың арасында болашақ жас маман атануға ниетті студенттер, жұмыссыз жандар, тіпті, зейнет жасындағы ата-апаларымыз да Солтүстік Қазақстанға көшуге қызығушылық танытты.
Мемлекет қолдау білдірген бұл бағдарламаның жай-жапсарын көптен бері зерделеп, қоныс аударуға ниетті болып жүргендердің бірі – ауданымызға қарасты Ұлан ауылының тұрғыны Данияр Жаныспаев. Ол да осы жиынға отбасы мүшелерімен арнайы қатысып, делегация мүшелеріне сауалдарын қойды. Данияр мырзаның айтуынша, бағдарламаның барлық шарты көңілге қонымды. Дегенмен кейбір қолдаудың расына көз жеткізу үшін әлі де ой елегінен өткізу қажет.
– Бағдарлама менің отбасым үшін қолайлы болып тұр. Солтүстік өңірге көшуге қамданып жатырмыз. Ол жаққа барып, ел қатарлы жұмыс істеп, еңбек етіп, сол жерге пайдамды тигізсем деп отырмын. Бір жағынан отбасыммен өсіп-өнуді де ойлаймын. Қысқасы, көшуге дайынбыз.
Айтпақшы, мен ол жаққа жалғыз емес, Мақсат есімді досыммен қоныс аударуға ниеттіміз. Ол да отбасылы. Қазіргі таңда тиісті құжаттарымыздың бәрін тіркеп қойдық. Бағдарламаның шарттарына қатысты делегация мүшелерімен ақылдасатын бір-екі жайт бар. Одан кейін көшетін елді мекенді таңдап, жақын арада Солтүстік өңірге қарай жолға шығып кетеміз, – деп пікір білдірді Данияр Жаныспаев.
Бағдарламаның басты талаптары аталған жиында көпшілікке түсінікті болғандай. Көбісі делегация мүшелерінен анық ақпаратқа көз жеткізіп, байланыс телефон нөмірлерін жазып алып жатты.
Айта кетейік, егер Солтүстік Қазақстанға көшу жөнінде мемлекеттік бағдарламаға қызығушылық танытқандар болса, Қарасай ауданының Мансап орталығынан білуге болады. Мекенжайы – Шамалған ауылы, Жібек жолы көшесі, 45.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
