80 жылдардың соңы мен 90 жылдың алғашқы жылдарында Әзірбайжан мен Армения елдері Таулы Қарабақ аймағы үшін бітімге келе алмай, қанды қырғынның орын алуына себепкер болды. Екі ел арасындағы майдан даласында 30 мыңдай адам қаза тапты. Бұл соғысқа Кеңес әскерінің құрамындағы қазақ азаматтары аттанып, әскери міндетін атқарды. Ал 1991 жылдың 17 сәуірі КСРО әскерінің Таулы Қарабақ аумағынан шыққан күн болып тарих бетінде сақталды. Айтулы датаны негізге ала отырып, Қарабақ қақтығысында батырлық танытқан, бүгінде Исаев ауылында тұратын Сержан Баубеков жайлы жазуды жөн көрдік.
Сержан Асылбекұлы 1972 жылы 10 наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Кіші Қамқалы ауылында қарапайым отбасының шаңырағында дүниеге келген. Туған жердің төсінде киелі топырақта балалақ шағы өтті. Тал бесіктен бастап ата-ана тәрбиесінде болып, туған жерді сүюді, адал еңбек етуді, елдің амандығын бірінші орынға қоюды үйренді. Ол мектеп қабырғасында 10 жыл білім алған соң, 1990 жылы 24 мамырда Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанған. 18 жасар жігіт үшін бұл абыройлы міндет үлкен сынақ пен төзімділікке айналды. Олай айтуымыздың да өз себебі бар. Өйткені ол әлем назарына өзіне аудартқан сол кездегі Таулы Қарабахтағы қақтығысқа қатысты. Бұл сәттерді әлі есінен шығарған емес.
– Әскердегі алғашқы жарты жылымды Германияның Гарделеген қаласында өткіздім. Онда «зеңбірекші-оператор» мамандығын меңгеріп, әскери өмірдің қатаң тәртібіне үйрендім. Алайда 1991 жылдың ақпанында Кеңес әскерін Германия шекарасынан шығару туралы шешім қабылданды. Осылайша, менің әскери борышымды өтеуім басқа алаңға ауысты. Нақты айтқанда, дүниежүзінің назарын өзіне аудартқан Таулы Қарабахқа жіберілдім, – деп Сержан Баубеков бүгінде әскери өмірін еске алуда.
Сержан Асылбекұлының жауынгерлік міндеті Степанакерт қаласында да жалғасқан. Мұнда әскери бөлімге түскен күннен бастап жағдайдың ауыр екенін сезген. 18 920 әскери бөліміндегі 366-атқыштар полкінің мотоатқыштар батальонында болған. Сарбаз үшін қаладағы бейберекетсіздік, қарулы шабуылдар, тыныштықтың сиреуі сияқты көріністер оның күнделікті өміріне айналды. Түнде автоматын құшақтап, оқ өтпейтін кеудешемен ұйықтаған. Осылайша әр күннің таңын жаңа қауіп-қатермен қарсы алып, кешкі уақытын сынақпен аяқтап отырған.
– Қақтығыстың ең ауыр сәттері Шуша қаласы мен Ходжалы ауылында өтті. Бейбіт халықтың үрейлі жүздері, оқ пен оттың ортасында қалған тағдырлар, ажалмен бетпе-бет келген сәттер менің есімде мәңгі сақталып қалды. Бірақ ең ауыр соққы болғаны – өз қаруласымды жоғалтқаным. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылының тумасы, жаужүрек жауынгер Жазылбек Төлегенов көз алдымда армян қарулы топтарының қолынан қаза тапты. Қанша ауыр болса да, біз берілмедік, төзімділік таныттық, ел алдындағы борышымызды соңына дейін орындауға тырыстық, – дейді қанды қақтығыстың куәгері.
Соғыс даласындағы жауынгер үшін күн өткен сайын жағдай қиындай түскен. Қаланың электр желілері істен шығып, тағам мен ауызсу тапшылығы сезіле бастаған. Әскердегі асханада азық-түлік азайып, тек тікұшақпен жеткізілетін мардымсыз қорғa ғана сенім артатын күндер туған. Осылай сынаққа толы күндер жалғаса берген.
Ал 1992 жылы жауынгерлердің біразы тікұшақпен Степанакерттен Агдам қаласына эвакуацияланған. Сержан Асылбекұлы да қаруластардың арасында болып, сол жерден пойызбен Әзірбайжанның астанасы – Бакуге, одан Красноводск, Ташкент қалалары арқылы туған өлкесі – Таразға аттанған. Отанға оралып, қанша уақыт қауышуды аңсаған ата-анасы мен бауырларының қасына аман-есен жеткен.
Бүгінде Сержан ағамыз өз отбасымен ауданға қарасты Исаева ауылында ел қатарлы ғұмыр кешуде. Бұл жерге 1993 жылы қоныс аударып, жақындарының қасында алаңсыз өмір сүріп келеді. Қарасай жеріне көшкен соң оның өмірінде жаңа кезеңі басталған. Алайда оның санасында соғыстағы сәттер ешқашан өшкен емес. Қанға бөккен майдан даласындағы ауыр күндерді, шейіт болған қаруластарын күрсініспен еске алады.
– Мен үшін ең үлкен бақыт – еліміздің бейбіт аспанында өмір сүріп, болашақ ұрпақтың бақытты өміріне куә болу, – деп ардагер соғысыз ғұмыр кешудің қандай бақыт екенін ұқтыруда.
Сержан Асылбекұлының батырлық ерлігі осы уақытқа дейін лайықты бағаланған. Оған 2022 жылы Мемлекет басшысы тарапынан ардагерлік мәртебе берілді. Асылбек ағамыз бұл құрметті оның Отан алдындағы қызметінің еленгені ғана емес, сонымен бірге жанындағы қандыкөйлек достарының ерлігіне берілген құрметі деп бағалайды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.