Балалық шақтың аспанында есте қалатын сәттердің бірі – мектеп қабырғасындағы ұмытылмас кезең екені рас. Сол білім ордасын кеше ғана имене аттаған бүлдіршіндер 25 мамырда алтын ұясынан қанат қағып, болашаққа тағы бір маңызды қадам жасады. Түлектердің мектеппен қоштасу сәті қашанда салтанатты жиынға ұласып, есте қаларлық мерекеге айналатыны белгілі. Сондай айтулы күн өткен аптада ауданымызға қарасты барлық білім мекемелерінде де ерекше аталып өтіп, есте қаларлық сәттер орын алып жатты.
Аудан әкімі Жандарбек Далабаев қатысқан Шамалған ауылдық округіндегі Қарасай батыр атындағы орта мектебі де салтанатты шараны жоғары деңгейде өткізіп, келген қонақтардың мектепке деген сағынышын оятып, жақсы әсерге бөледі. Динара Әлімжанова басшылық ететін білім ордасындағы «Сыңғырла, күміс қоңырау!» атты мерекелі жиында аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы құттықтау сөз сөйлеп, ауданның білім саласы мен осы мектептің жетістігін айта келе ардақты ұстаздарға, жас түлектерге деген ізгі тілегін білдірді.
Оқушылардың оқу жылын аяқталуына орай соңғы қоңырауға арнайы қонақтар да шақырылды. Олардың қатарында аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов, округ әкімі Ержас Тоқтасынов және Гүлжан Медеуова, Батиха Нұртаева сынды ардагер ұстаздар болды. Өз кезегінде оқушылар қадірлі меймандар мен мұғалімдерге ән, биге ұласқан түрлі өнерлерін тарту етіп, ұстаздарға деген ақ тілектерін жеткізді. Ал, ата-аналар қауымы атынан сөз сөйлеген Инара Бақтыбаева мектеп ұжымына алғыс та білдіріп, мектеп бітірушілердің болашақтарына сәт сапар тіледі.
Жас түлектер салтанатты шараның соңында қоштасу вальсі мен білім ордасына деген қимастық әндерін арнап, көпшілікті керемет әсерге бөледі. Ал, бүлдіршіндердің бірқатары мектеп бітірушілермен бірге дәстүрлі түрде соңғы қоңыраудың сыңғырын қақса, түлектер ұстаздарға деген шексіз құрметін білдіру мақстаныда әдемі гүл шоқтарын сыйлады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.