Жалпы кез келген ер азамат үшін әскер өмір мектебі іспеттес. Әрине, сарбаздар қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеу ердің міндеті болып табылғанымен, бірінші кезекте әскер жас азаматтың шыдамдылығы мен жауапкершілігін шыңдап, қиындықтарға төтеп беруді үйретеді. Десе де соңғы жылдары халық арасында әскер жайлы екі түрлі ой қалыптасқан. Ал әлеуметтік желілерде сарбаздың ауыр жарақаттанғандығы немесе өз-өзіне қол жұмсағандығы туралы тарап жатқан ақпарат арқасында әскер қатарына қосылуға құлқы кеміп бара жатқандардың саны азайып келе жатқаны жасырын емес. Кейінгі жылдары күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселенің шешімін табу мақсатында елде бірқатар бастамалар қолға алынып, жастарды ынталандыру үшін түрлі шаралар жасалуда. Алайда мұндай жұмыстардың қаншалықты оң нәтижесі бар?
Осы және өзге де әскер қатарына барушылар бойынша туындап жатқан мәселелер жайында тереңірек білу үшін Қарасай ауданы бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөліміне арнайы барып, мекеме басшысы Ерлан Абдыкалыковпен сұқбат құрған едік.
– Ерлан Төлеуғалиұлы, жалпы қарасайлық болашақ әскери міндеттілермен жұмыс істейтін ол аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім екені рас. Алайда сіздердің жұмыстарыңыз тек жастарды жан-жақтан жинап, әскерге алып кетумен ғана шектеліп қалмайды ғой. Сондықтан әңгімемізді алдымен осыдан бастасақ. Бөлімнің міндеті туралы тарқата айтып берсеңіз.
– Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі – тарихы тереңде жатқан мекеме. Құрылғанына 85 жылдан асқан ол қызметін бастағалы бері жұмысын бір сәтке де тоқтатқан емес. Бүгінде мұнда алты әскери және 20 азаматтық персонал жұмыс атқарады.
Әрине, біздің бөлімді тек «әскерге алып кететін орын» деп қана түсінуге болмайды. Біздің міндетке жұмылдыру, азаматтарды мерзімдік әскери қызметке жіберу, келісімшарт бойынша әскери қызметке тағайындау, әскери-оқу орындарына қабылдауға құжаттар дайындап, тілек білдірген түлектердің оқуға түсуіне қолдау білдіру, соларға үгіт-насихат жүргізу кіреді. Еліміздегі әскери мектептер, жоғарғы оқу орындары жайында оқушыларға ақпарат беріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді есепке алумен, запастағы офицерлердің есебін жүргізумен айналысып, жиындар өткіземіз. Бұл да біздің жұмыстың бағыты болып есептеледі. Осының бәріне менің қол астымдағы бес әскери қызметкер жауапты. Жұмысымыз жүйелі болғандықтан оларға сенім артамын.
– Енді бөлімнің негізгі жұмысына тоқталсақ. Биыл әскерге шақыру жұмыстары қалай жүргізілуде? Қарасай ауданы бойынша ағымдағы жылы қанша азамат әскерге шақырылды? Оның ішінде күзгі шақырылым бойынша ер азаматтың саны қанша?
– Жалпы Қарасай ауданы бойынша болашақ әскерилермен көптеген мәселелер туындайды деп айта алмаймын. Жылда әскери қызметке шақыру науқаны жақсы жүргізіледі. Мәселен, 2024 жылы әскери қызметке шақыру бойынша меже 300 болғанның өзінде біз оны 100 пайызға орындадық. Ал 2025 жылғы шақырудағы меже 310 деп көрсетілді. Қазірдің өзінде біз оның 60 пайызын орындап, 185 қарасайлық жастарды әскерге аттандырып үлгердік. Олардың көбі шекара қызметімен мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді. Бүгінде адамдарды Қарулы Күштер қатарына жинап жатырмыз. Бұл санатқа жасалған жоспар толығымен орындалған соң, Ұлттық Ұлан қызмет бөліміне 150 әскерге шақырылушы сарбаздарды жөнелту жұмыстарына кірісетін боламыз.
Одан бөлек Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Ақтөбе қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтына өткен жылы мектепті тәмамдаған 28 жасты оқуға жіберген едік. Ал ағымдағы жылы 35 азаматты жіберуді көздеп отырмыз. Бұл білім орындарында оқу, жатақхана, қажетті киім тегін беріледі. Оған қоса төрт жылдық оқуды аяқтаған соң, сарбазбен 10 жылдық келісімшарт жасалып, жұмыспен қамтамасыз етіледі. Сондықтан болашағын әскер саласымен байланыстырғысы келетіндер мен оқу ақысын төлей алмайтындар үшін бұл өте жақсы мүмкіндік болып отыр.
– Ерлан Төлеуғалиұлы, жалпы енді Сіздің сөзіңізге сүйенсек, ауданымыздағы әскерге шақыру науқаны жылда ойдағыдай өткізіліп отырады. Жастар тарапынан да айтарлықтай қарсылықтар жоқ. Десе де соңғы бірнеше жылда ақпарат айданында әскерде болып жатқан жағымсыз жайлар туралы жаңалықтар көптеп тарады. Оның нәтижесінде бүгінде мектеп бітірген жастардың дені әртүрлі себеппен әскерге барудан жалтарып, уақыт созып жүретіні жасырын емес. Бұған не дейсіз?
– Иә, әрине, әскерден қашқақтап жүргендер мүлдем жоқ дей алмаймын. Ол өтірік болар еді. Жеке басым бұған үш фактор әсер етеді деп ойлаймын. Ашып айтқанда, қазіргі жастар арасында әскерден қашу модаға айналған секілді. Көбі әскерге бару құр босқа уақыт өткізу немесе мүмкіндіктерден қағылу деп ойлайтын секілді. Оның үстіне жақсы мүмкіндіктер беретін ғаламтор дамыған сайын «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүргісі келетіндер саны артқан. Олар ғаламтормен тез ақша тауып, ертеңгі өмірі не болады деп те бас қатырмайды. Алайда жастар оңай ақшаның ғұмыры қысқа екенін ұмытып жатады. Өмірде әрқашан жеңіл жолмен жүру мүмкін емес.
Екінші себеп ретінде ата-аналардың көзқарасын айтар едім. Әрине, өзімнің де балаларым бар болғандықтан, олардың сезімін жақсы түсінемін. Әсіресе, БАҚ тарапынан айдың-күннің аманында жас сарбаздардан айырылып жатқандығымыз туралы тараған жаңалықтар еш әке-шешені бей-жай қалдырмайтыны рас. Десе де әрбір азаматтың міндеті Отан алдындағы борышын өтеу болып табылады. Ал ата-ананың міндеті ұлдарын осы кезеңге дайындау. Олар балаларының бойына патриоттық сезімді жас күнінен сіңіріп, әскерге барудың маңыздылығы туралы жиі айтулары тиіс. Бейбітшілік астында өмір сүріп жатқан қазақ елінің ерлері үшін ұрыс-қимыл әдісін білудің қажеттілігі болмаса да, мінезін шыңдап, алға қойған мақсатқа жетуге және жауапкершілікті сезінуге үйрететін әскери өмірді көру қажеттілік.
Үшінші себеп ол – денсаулық. Жасыратыны жоқ, өкінішке орай, қазіргі әскер жасындағы азаматтардың денсаулығында ақау көп. Бүгінгі талап бойынша жастар 10-нан астам түрлі медициналық тексерістен өтеді. Олардың арасында терапиялық, хирургиялық, неврологиялық сырқаттардың белгісі және омыртқа майысуы, майтабан дерті, әсіресе, көз жанарының әлсіздігі жиі кездесіп жатады. Одан бөлек, ұл балалардың арасында артық салмақ, жүрек аурулары да көптеп кездеседі. Мұның бәрі қазіргі жастардың спортпен айналыспай, «отырықшы өмір салтын» жүргізетіндіктен. Жиі табиғат аясында демалып, саламатты өмір салтын ұстанғаннан гөрі көбі жатып телефон шұқылағанды ұнатады. Осының бәрі аурулардың өрістеуіне жол ашып отыр.
Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, Қарасай ауданында жастар арасында әскерден жалтару деген жағдайлар өте сирек кездеседі. Тіпті, біз олармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін балада құлшыныс пайда болып, өз еркімен әскерге кетеді. Көбі ол жатқа жақсы нәтижелер көрсетіп, өмірде өз орнын тауып, қайтып келіп, бізге алғыстарын білдіріп жатады.
– Жалпы денсаулығы жарамағандардың ынтасы бар болса да әскерге бара алмайды дедіңіз. Ал енді денсаулықтан бөлек басқа да себептермен әскери борыштан босатылатындар бар ма? Оған не себеп?
– Денсаулық жайында бір нәрсені ескеру керек. Егер шақырылған азаматқа ота жасалу керек болса немесе емделетін аурумен ауырса, онда оған уақыт беріледі. Яғни емделіп, жағдайы қалыпқа келгенде азамат әскер міндетін орындауға жіберіледі. Емделетін аурулар әскери борыштан мәңгіге босатпайды. Ал денсаулықтан бөлек өзге мәселелер жайында айтатын болсақ, егер отбасылық жағдайы бойынша азаматтың әкесі жоқ болып, өзінен кейінгі бауырлары 18 жасқа толмаған, отбасында жалғыз асыраушы болып табылса, онда ол 27 жасқа толғанға дейін әскерден шегеріледі. Сондай-ақ үйленген немесе бір баласы бар болса, жоғарғы оқу орнында оқып жатса, уақытша шегеріледі. Бірақ мұның бәрі тек уақытша мәселе шешілгеннен кейін әскери міндетті өз борышын өтеуге жіберіледі.
Ал жақын туыстары әскери қызметті өткеру кезінде қайтыс болған немесе бірінші, екінші топтағы мүгедек болып қалғандар әскери міндетті өтемеуге құқылы. Сондай-ақ дін өкілдері де белгілі себептермен әскерге шақырылмайды.
Аталған санаттағы азаматтар ғана әскерден босатылып, айыппұл төлемейді. Ал бұған жатпайтын, денсаулығында кінәрат жоқ, 18 жасқа толған әрбір азамат Отан алдындағы парызын орындауға міндетті. Болмаса заңмен бекітілген айыппұл төлеуі қажет. Алайда бұл да әскерден түбегейлі босатпайды.
– Өз сөзіңізде ерте жастан берілу қажет патриоттық тәрбие жайында айтып қалдыңыз. Бұл бағытта аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде де жұмыстар жүргізілетіні белгілі. Осы жайлы кеңірек айтып бере аласыз ба?
– Бүгінде біздің мекеме жергілікті атқару органдарымен бірлесіп жастармен әскери-патриоттық жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруда. Аудан көлеміндегі білім беру мектептерінде жастарға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Оқу орындарында оқитын жастарды патриоттыққа тәрбиелеу бағытында және алдағы уақытта әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге дағдыландыру үшін аудандағы Ауған соғысының ардагерлерімен және әскери қызметін атқарып келген жастармен кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Мәселен, ынталандыру жұмыстары аясында таяуда біз 51 баланы Ұзынағаштағы төтенше жағдайлар бөліміне апарып, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жұмысымен жақынырақ таныстырдық.
Бұған қоса жоғарыда айтып өткенімдей, құрлық әскері, радиоэлектроника және байланыс, әскери әуе күштерінің институттарына мектеп жасындағы жастарды оқуға түсіру үшін мақсатты жұмыстар атқарылуда. Мұнан бөлек Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына, Отан қорғаушылар күніне және көктемгі әскери қызметке шақыру науқанында Отан алдындағы борыштарын өтеуге жас буынды салтанатты түрде шығарып салу іс-шарасы өткізілді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында, қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ауласында жеке құрамының, Ауған соғысы ардагерлерінің және жас буынның қатысуымен ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді.
– Әлемде, оның ішінде біздің елімізде болып жатқан кейінгі жағдайларға байланысты бүгінде Қазақстанда тәртіпті сақтау органдарымен қарулы күштерге үлкен назар аударыла бастады. Осы ретте туындаған сұрақ сіздердің салаларыңызда өзгерістер орын алды ма? Жастарды әскери қызметке қызықтыру үшін жаңа бастамалар қолға алынды ма?
– Иә, бүгінде елімізде қарулы күштердің жағдайын жақсартуға ден қойылған. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында әскерге баруға құлықсыз жастарды ынталандыру керек деп нақты тапсырма берген еді. Соған сәйкес қазір әскерге барған жастарға бірқатар жеңілдік қарастырылады. Соның бірі – несиелік каникул. Яғни егер әскерге шақырылған азаматтың мойнында несие бар болса, уақытша демалыс беріледі.
Сондай-ақ жоғары оқу орындарына түсуге жеңілдік қарастырылды. Яғни өзінің бір жылдық борышын өтеп келген сарбаз Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ, жоғарғы оқу орнына түсе алады. Ал өзін жақсы көрсетіп, әскери нормалар бойынша жоғары нәтижелерге қолжеткізген азамат жоғары оқу орнында тегін білім алады. Бұған қоса өмірін осы саламен байланыстырғысы келетін сарбаз әскери борышын өтеп болған соң, келісімшарт арқылы бірден жұмысқа орналасады.
Ал түрлі себеппен Отан алдындағы қастерлі борышын өтей алмағандарға әскери қызмет өтеудің шетелдегі секілді балама түрі «40 күндік әскер» курсы ұсынылады. Оған 24 жастан бастап әскерге жарамды, денсаулығына байланысты жарамдылығы шектелген және шақырылуы шегерілген азаматтар қатыса алады. Бұл әскер түрі ақылы – 390 мың теңге. Сондай-ақ жоғарғы оқу орнында басқа мамандық бойынша оқып жүргендер қосалқы арнайы әскери кафедраны бітіре алады. Бұл бір жыл әскери қызметін орындамаса да осы салада жұмыс істегісі келетіндер үшін жақсы мүмкіндік болып табылады.
Қорғаныс министрінің бастамасымен әскер қатарында қызмет етіп жүргендер үшін де жақсы жағдайлар жасалуда. Яғни ағымдағы жылы офицер шені барлардың жалақысы 20 пайызға, келісімшартпен қызмет атқаратындардың жалақысына 30 пайыз қосылды. Келер жылы офицерлердікі 20 пайызға, келісімшарттағылар 10 пайызға көтеріледі деп жоспарланған. Оған қоса осы салада еңбек ететін жандарға отбасындағы адам санына байланысты пәтерақы төленеді. Мұнан бөлек демалысқа шығып, отбасымен басқа қалаға кететіндер үшін пойыз ақысы тегін.
Алдағы уақытта да жақсы өзгерістер болады деп күтілуде.
– Ерлан Төлеуғалиұлы, әңгімеміздің соңында әскери салада қызмет етіп, сарбаз өмірінің барлық сатыларын көрген адам ретінде жастарымызға өзіңіздің ақыл-кеңесіңізді беріп өтсеңіз.
– Егемен елдің болашағы жастардың қолында екенін ескерсек, бүгінгі өр ұландар туған жердің ертеңіне алаңдап, аянбай тер төгуі қажет. Әлемдік аренада мемлекеттің мықтылығы ғылым, спорт, мәдениет және экономикада ғана емес, сонымен қатар абырой мен айбынды асыратын әскер құрамына да байланысты. Оның үстіне әр ер адам үшін әскер – өмір мектебі. Оның қазанында қайнап, сынағына шыңдалып шығу кез келген азамат үшін өмірлік олжа болатыны сөзсіз. Әскерде болған азамат өмірде де мәселелермен бетпе-бет келгенде оны шешудің жолын іздейді. Кез келген сынаққа сынбай, керісінше қарсы тұра алатындай қасиеттерге ие болады. Сондықтан өмірдің бір баспалдағы әскерден әр жас боздаққа өтуге кеңес беремін.
– Сұқбатыңызға рақмет!