Таяуда елімізде әскерге деген жастардың қызығушылығын оятып, олардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жоба бастау алған еді. Бұл бастаманы Қорғаныс министрлігі мен Білім және жоғарғы ғылым министрлігі қолға алған. Талап бойынша әскери міндетін өтеген азаматтарға Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, жоғары оқу орындарына білім алуға мүмкіндік береді.
Нақтырақ айтқанда, борышын өтеп келген сарбаз ҰБТ-ны тапсырмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша екі жыл ішінде ақылы түрде оқу орнына түсе алады. Ал қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелерге қол жеткізген сарбаздарға жоғары оқу орнының гранты беріледі.
Аталмыш жоба бүгінде іске асып, еліміздің жан-жағынан грантқа ие болған сарбаздар анықталуда. Солардың қатарында біздің ауданымыздың тумасы, қаскелеңдік 19 жасар Бекжігіт Каримов та бар.
Бекжігіт Арсенұлы 2022 жылдың 17 сәуірінде Қарасай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне әскери қызметке шақырылған. Одан кейін Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Луговая стансасы, «42062» әскери бөлімшесінің «мотоатқыштар» батальонында пулеметші ретінде әскери міндетін өтеген. Ал 2023 жылдың 14 ақпанында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері запасына алынған.
Қызмет еткен кезінде өзін жақсы жағынан көрсетіп, жауынгерлік дайындық бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізген Бекжігіт Қорғаныс министрінің атынан марапатталып, арнайы сертификатқа ие болды. Осының арқасында ол Алматы қаласындағы Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтына тегін оқуға түсіп, бүгінде сол жақта білім алуда.
Таяуда грант иегері атанған Бекжігітті аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Бекмырза Жүсіп құттықтап, арнайы Алғыс хатын табыс етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.